Психологтар жүйкені «жейтін» мамандықты анықтады

Психологтар жүйкені «жейтін» мамандықты анықтады

Жүйкені тоздыратындар әртүрлі маман иелері екен. Анықталған тағы бір жәйт, әр мамандықта да депрессияға ұшырататын кезеңдер болады.

АҚШ-тың бірнеше университетінің мамандары жүйкесі жұқарған жұмысшылардың тізімін жариялады.

1.     Қараушыларға "Алғыс!" жетіспейді...

Денсаулығы нашар немесе балаларға қарау қызметін ұсынатындардың оннан бірі психологтың көмегіне жүгінеді. Бұл мамандықтың иелері жұмыссыздық депрессиясына ұшыраған адамдармен тең дәрежеде ауытқушылыққа тап болады. Мұнымен қатар, мұндай жұмыс қайырымсыз іс деп те танылған. Тафтса университетінің (АҚШ) психологы Кристофер Виллардтың пікірінше, науқасты немесе баланы жуындырып, оның үйдегі шаруасын тындыруға көмектескен адам өзіне қаратыла айтылған «алғыс» сөзін естімегеннің өзінде қатты қиналатын көрінеді.  

2.     Даяшылар және мінез...

Персоналдық қызмет көрсетушілерден кейінгі ретте кафелер мен пиццерияларда тамақ тасу қызметіндегі адамдардың хал-ахуалы жайлы айтылыпты. Табысы көп болса да, күні бойы әркімнің бұйрығын орындаудан шаршаған қызметшілердің 10 пайызы, оның ішінде әйел адамдар психологтан жәрдем сұрайды. Медицина ғылымдарының докторы, Буффало мемлекеттік ғылыми-зерттеу университетінің маманы Дебора Леггидің пайымдауынша, даяшылық қызметтегі адамнан физикалық қуатымен қоса, рухани мықтылық та талап етіледі. Себебі "қанша кәллә болса, сонша ой болады" демекші, әр адамның да көңілінен шыға білу қиынның қиыны.

3.     Әлеуметтік жұмысшылар қағаздың астында...

Үштікті қорытындылаған мамандық ретінде, бұл жұмыстың да өз қиындықтары көп. Мәселен, баланың психикасына әсер ету немесе ажырасу алдында жүрген жас отбасыларға дұрыс шешім жасату әркімнің бір қолынан келмейтін дүние. Бұған енді толтырылатын, сызылатын, қайта өңделіп, өзгерістер енгізілетін құжаттар тізбегін қосыңыз. Бұл мамандықтың иелері өмірге деген жарқын көзқарасын тез арада әлсіретіп алуы да ғажап емес.  

4.     Медицина жұмысшылары ше?

Денсаулық сақтау қызметіндегі адамдардың қолында өзгенің тағдыры шешіледі. Тіпті кейде стресстік жағдай деңгейі күрт өсіп кетуі мүмкін. Құдайдың құтты күнінде аурудың сан түрі мен өлімге дейін көріп жүрген адамның психикасы туралы сөз қозғаудың өзі бір күрделі әлем.

5.     Бестікке кіргендер – әртістер, қаламгерлер, суретшілер...

Таңғалмаңыз, шығармашылықпен айналысатын адамның жүрегі бірқалыпты соқпайды екен. Ақшалай қиындықтар мен ой-идеялық дағдарыс қысқанда, шығармашылық адамдары өлімнің өзін жөн көретінін мамандар ашық түрде айтып отыр. Бір-ақ сәтте жетістікке жетіп, атағы жер жарған кезде олар психикалық ауытқушылықтарға душар болатынын сіз бен біз білеміз. Енді... «Жұлдыз ауруы» ғылыми дәлелденген диагноз ретінде қабылданатынын білмейсіз бе?

Жарайды, осымен тоқтатайық... Талабы тау асып отырған біздің оқырман ойынан қайта бір сараптап шықсын, өзі болмаса да, баласын, ұрпағын қандай жолға қоярын шешсін... «Еңбексіз өмір жоқ, Ауырсыз жеңіл жоқ» дегенді де ұмытпайық.

Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ

Сурет: discussiya.com 

А. Құлтай