Қайшының тамыры тереңде

Қайшының тамыры тереңде

Күнделікті жұмыс үстеліңізде де, тігін машинасының жанында да, ас дайындайтын үстел үстінде де, сөрелер ішінде де біз бір қарапайым құралға тап боламыз. Оның көмегімен шаруаларымызды сәтті тәмам қыларымызға шүбә келтірмейміз. Ол қай зат екені белгілі. Иә, қайшы. Ал сол қарапайым құралдың өмірге келу жолдарын білесіз бе? Тарихы да қарапайым.

Қайшы құралының тарихы ежелгі заманмен астасып, тамыры тым тереңде жатыр. Ең алғашқы қайшыға ұқсайтын зат біздің заманымызға дейін 3 ғасырда белгілі бола бастаған екен. Ол кездері қайшылар қазіргі мақсатта ғана емес, одан да көп қызметті атқарған болатын. Мысалы, қазіргідей шаш алу үшін не мата кесу үшін емес, қой жүнін қырқу үшін пайдаланылған екен. Ол кезде қазіргі қайшылардың рөлін бөлек-бөлек металл тілімдерінен жасалған пышақтар атқарған.

VIII ғасырда әлдебіреудің ойына осы бөлек пышақтарды бір-біріне айқастырып, стержендік бұрама шегемен қосу келген. Міне, осылайша бүгінгі күннің басты құралына айналған қайшылар өмірге келе бастады. Біздің көзімізге үйреніп қалған топсалы механизмді ілмектері бар қайшылар кейіннен пайда бола бастады.  Содан кейін олар Смоленскіден 12 км қашықтықта орналасқан Гнездов ауылының жанындағы Гнездов қорғанынан табылған.

13 ғасырдан кейін қайшының соңындағы  дөңгелек ілмектері домалақ шар тәрізді оймақтарға ауыстырылды. Содан соң оны жасап шығарған автор өзінің «қолтаңбасын» қойып таңбасын қалдырып отырған. Кейінгі уақыттарда қайшылар темір мен болаттан, күміс пен алтын жалатылған металдардан құйылып дайындалды. Онымен қоса, қымбат тастармен де сәнделді.

Қазіргі уақытта ерте заманның еншісіне жататын бұл құралға байланысты түрлі пікірлер қалыптасқан. Қайшының тарихын бірі мұнда, бірі басқа жаққа тартады. Қайшының түр-түрі бар екенін ескерсек, әр мақсатта қолданылатын оның әр түрінің тарихын әр жақтан іздеуіміз түсінікті. Матаға арналған қайшы, торт кесетін қайшы, жемістер қиятын қайшы, т.б. түрге ие болған бұл бесаспап құралдың адам өмірі мен оның тұрмысына етене сіңіп кеткені жасырын емес. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: liveinternet.ru, clippings.ru

А. Әбілхан