Ағаштар түнде ұйықтай ма?

Ағаштар түнде ұйықтай ма?
Фото: wallpaperscraft.com

Ғалымдар түнгі уақытта қайың бұтақтары қалай қозғалатынын анықтау үшін лазер көмегімен талдау жасады. Зерттеуге алынған ағаштардың бірі Финляндияда, ал келесісі — Австрияда өседі. Бақылау жел және атмосфералық жауын-шашын болмаған кезде жүргізілді.

Жұмыс барысында лазерлік инфрақызыл сканерлер қолданылды. Олар ағаштың ұшар басының (крона) фрагментін бірнеше секунд түссіздендіріп жібереді. Соның себебінен, әр бұтақтың қозғалысын толықтай зерттеуге мүмкіндік туады.

Тәжірибе барысында түнгі уақытта қайыңның жапырақтары мен бұтақтары біраз төмендеді. Күн шығатын уақытқа бірнеше сағат қалғанға дейін ең төменгі деңгейге дейін жеткен. Содан соң бұл процесс кері айналды. Бұтақтар қайтадан көтеріле бастады.

«Бұтақтар түнгі уақытта салбырап қалатынын байқадық. Нақтырақ айтар болсақ, олар максимум 10 сантиметрге дейін төмендеді. Ағаштардың биіктігі шамамен 5 метрді құрады»,– деді Финикия ғылыми-зерттеулік институтының қызметкері Эту Путтонен.

Ағаштардың күн сәулесіне «оянғаны» ма әлде олардың ішкі циркад ырғаққа бағынғаны ма, бұл ғалымдар үшін әлі де шешілмеген түйін болып қалады. Бұл жаңалық ерекше таңғалдырмайды, алайда ғалымдардың айтуынша, осы уақытқа дейін ағаштардың «ұйқысына» ешкім аса мән бермеген. Циркад ырғақтары барлық ағзаларда дерлік бар. Оның ішіне өсімдіктер де кіреді. Гүлдер түнге қарай жабылып, ал кей ағаштардың жапырақтары кешке қарай бұрылатынын кез келген бағбан біледі.

Атақты ботаник Карл Линней қараңғы жерге орналастырылған гүлдер тәулік уақытына қарай сәйкесінше ашылып-жабылатынын анықтады. Яғни, оларға күннің көзі түспей-ақ ашылып тұр.

Зерттеушілердің ойынша, түнгі уақытта қайың жапырақтары мен бұтақтарының салбырауы ағаш ішіндегі су қысымының өзгерісіне байланысты екен. Ендігі кезекте Финикия институтының зерттеушілері ағаштың ішіндегі су қозғалысын талдап, сол нәтижелерді лазерлік сканерлеу нәтижелерімен салыстыруды жоспарлар отыр. 

А. Жапатова