Күлкі - дәрі

Күлкі - дәрі

"Күлкі – өмірдің кілті" немесе "Күлкі өмірді ұзартады" деп жатамыз. Тіпті ел аузында «күлкі–дәрумен» деген сөз аз айтылмайды, асылында бұл сөздің төркінінде ақиқат бар. Күлкі дәрумен ғана емес, дәрі де бола алады. Сенбейсіз бе? Олай болса, күлкінің біздің денсаулығымызға жағымды әсерін қалай тигізетіндігі туралы әңгімелей отырып, сіздің күмәніңізді сейілтуге даярмыз.

Өткен ғасырда Америкада күлкінің адам денсаулығына оң ықпалын дәлелдейтін бір оқиға орын алған екен. 1964 жылы Норман Казинс деген психолог жігіт Бехтерев ауруының салдарынан мүгедекке айналады. Түрлі қаражат жұмсалған ем-домнан еш нәтиже шықпағандықтан дәрігерлер де күдерін үзіп, қолдарын бір сілтейді.

                                                             Норман Казинс

Күндердің күнінде психолог жігіт жан шыдатпас ауырсынуды ұмыту үшін күлкілі шығармалар оқып, комедиялы фильмдер қарай бастайды. Осылардың әсерінен ол күн бойы қарқылдап күлумен болады. Кейін бірте-бірте ауырсынулардың азайғандығын байқайды. Қабыну үдерісінің басыла бастағанын зерттеулер де растайды. Осылайша оның денсаулығы бірте-бірте қалпына келе бастайды. Мұның бәзбіреулерге сенгісіз болып көрінетіндігі қалыпты жағдай. Бірақ, Казинс жас кезіндегідей фортепианода ойнап, атпен шауып, гольф ойнай бастайды да, құлан таза айығып кетеді.

Бұған аң-таң болған дәрігерлер зерттеулер жүргізеді. Нәтижесінде аурудың жазылуына морфинге ұқсас бір заттың көмектескендігі анықталады. Адам күлген кезде мұндай зат мида өндіріліп, ауырсынуды басады екен. Ал күлкі кезіндегі тыныстың ерекше ырғағының көмегімен бұлшық еттің тонусы қалпына келген.

Күлкі ғана емес, жай жымию да пайдалы. Ол жүйкенің қозуын жеңуге көмектеседі, күйзеліс гормондарының өндірілуін төмендетеді. Сондықтан көңіл-күйіңіз оншалықты болмаса да, күліп жүруге тырысып бағыңыз.

Американдық ғалымдар күлген кезде бет бұлшық еттерінің миға ерекше импульстар жіберіліп, оның әсерінен жүйке жүйесі жақсарып, көңілді көтеретіндігін дәлелдеген.

Ал көзден жас аққанша күлу күйзелісті жеңеді. Көз жасымен бірге күйзеліс гормондарының құрамына кіретін заттар сыртқа шығатын көрінеді.

Жүздеріңізден ешқашан күлкі кетпесін!

Суреттер:society.lb.ua,pochemuha.ru,doublex.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева