"Шрек" туралы

"Шрек" туралы

«Ересектерге арналған – постмодернистік ойын-сауық»... Еңбектегі баладан, еңкейген қартқа дейін танитын «Шрек» атты мультфильмнің суретші-аниматорлары өз туындыларына дәл осындай баға берген екен. Расымен де, әдетте мультфильмдер ертегі әлемін жанындай жақсы көретін бөбектеріміздің сүйікті ермегі саналады. Ал «Шрек» туындысы - жасын да, жынысын да талғамастан кез келген көрген көздің сүйіктісіне айналып шыға келді. Бүгін біз атағы жер жарған «Шректің» құпиясын бірге ашатын боламыз.

Әдеби негіз

Батпақты мекендейтін адам жегіш енжар Шрек – ежелгі кельт мифологиясының жаңғырығы. Мұндай жауыз құбыжықтар адам сенгісіз қара күштің иелері болған және оларды қарулы айқастардың өзінде жеңу қиынға соққан екен. Олардың үйлері өздерінің құрбандарының сүйектерімен безендірілетін көрінеді. Дәл осындай кейіпкерлер – еуропалықтардың  ертегілер мен көркем әдебиеттерінде де ұшырасады.

Алайда, балалар жазушысы Уильям Стейг өзінің 1990 жылы жарыққа шығарған туындысында бөбектердің де көретіндігін ескере отырып, мүлде жаңа бейне жасап шығарды. Мейірімді құж бен мылжың есек – оның негізгі кейіпкерлері. Оған дейін графикамен, карикатура жасаумен айналысқан жазушы мультфильм қаһармандарының кескінін өзі дүниеге әкелді.

Прототип

Дүниеге жаңа келген кескін кездейсоқтық емес боып шықты. Стейг Шректың бейнесін американдық кәсіпқой боксшы Морис Тийенің келбетіне қарап салады. Ел аузындағы сөзге сенер болсақ, Морис рингке шыққан алғашқы жылдары, көптеген аналар бұзықтық жасаған балаларын қорқыту үшін оны көрсетуге алып барады екен. Шын мәнінде Морис он төрт тілді еркін меңгерген және шахматты керемет ойнайтын тұлға болған деседі. Оның осындай алып деген ие болуының себебі – акромегалия атты ауру.

Түсірілім жұмыстары

Алғашқы «Шректің» түсірілімдері 1997 жылы басталып, төрт жарым жылға жалғасады. Мультфильмді жасау барысында  «Dream Works» компаниясы мен мультипликаторлар арасында келіспеушілікетер орын алып, жұмыс біршама уақыт тоқтап та қалады. Қалай болғанда да, топтың үздіксіз еңбектерінің арқасында «Шрек» сәтті шығып, көрермендерге жол тартады.

Мультфильмді голивудтың танымал жұлдыздарыМайк Майерс (Шрек), Камерон Диаз (Фиона), Эдди Мёрфи (Есек) және Антонио Бандерас (бәтеңкедегі мысық) дыбыстайды.

Мультфильмде көп нәрсе заманауи өмірден алынған. Мәселен, Фиона ханшайымның төсегінің бас жағында Джастин Тимберлейктің портреті ілініп тұрады. Және туындыда «Өкіл әке» («Крестный отец»), «Сақиналар әміршісі» (Властелин колец»), «Индиана Джонс», «Өрмекші адам» («Человек-Паук»), «Цезарға қарсы Астерикс пен Обеликс» («Астерикс и Обеликс против Цезаря»), «Франкенштейн» сынды фильмдерге пародия жасалса, Майкл Джексонға (Пиноккиконың биі), Мерлин Монроға (белдемшені үрлеу қойылымы) сілтеме көрсетіледі. Жеті қырдың ар жағындағы хандықтың орталық қақпалары «Paramount» студиясына кіреберісті еске түсірсе, ондағы «Far Far Away» жазуы Лос-Анджелестің дөңіндегі ақ түсті әріптермен безендірілген «Hollywood» жазбасындай безендірілген.

«Шректің» марапаттары

«Шрек» екі рет, 2001 және 2004 жылдары Канн фестивалінің Алтын пальма бұтасына үміткер ретінде ұсынылды және өзінің бақталастарының арасында жалғыз мультипликациялық фильм ретінде үлкен мәртебеге ие болды. 2002 және 2005 жылдары «жасыл құбыжық» «Оскар» сыйлығын жеңіп алады.

 

Суреттер:psp-fans.net,zastavki.com,multiki-kartinki.narod.ru,combains.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева