Жаһандық жылыну үдерісінің ықпалы қандай?

Жаһандық жылыну үдерісінің ықпалы қандай?
Фото: america.aljazeera.com

Жаһандық жылыну үдерісінің әсерінен ғаламдағы орташа температура өсіп келеді.  Ал ауа райы салыстырмалы түрде жылына берсе, атмосферада тұман, түтін қабаты жиі қалықтайтын болады. Америкалық ғалымдар айтуынша, бұл ауада аэрозолдар мен микротамшылар пайда болуымен байланысты.

Калифорния университетінің климатологтары жасаған зерттеу жұмысының нәтижелері Nature Climate Change ғылыми журналында жарияланды.

Риверсайдтағы (АҚШ) Калифорния университетінің ғалымы Роберт Аллен (Robert Allen) аэрозолдардың концентрациясы смог пен тұманды қалыптастырып қана қоймай, ауа райына ықпал ететін мұхиттағы ағыстар бағытын өзгертіп жіберуі мүмкін екенін айтады. Ал мұхиттағы ағыстар бағыты ауысса, құрлық жағалауындағы елдердің тұрақты климаты да өзгереді. Мұндай өзгерістердің салдарын әзірге болжау мүмкін емес.

Зерттеу жұмысының авторлары екі түрлі климаттық модельдің (ACCMIP және CMIP5) көмегімен атмосферадағы антропогенді концентрация мен табиғи аэрозолдың климат өзгерісіне әсерін бақылаған. Нәтижесінде орта бойлықта аэрозол көрсеткіші өсіп, түтін қабаты ұлғаяды. Ал жауын-шашын мөлшері керісінше азаяды. Нақтырақ айтар болсақ, субтропиктік және қоңыржай климаттық белдеулерде тұман түсу мөлшері көбейеді. 

Ж. Өрісбай