Аквариум сатып алған соң...

Аквариум сатып алған соң...

Аквариум күтімі барынша оңай жұмыс. Дегенмен, балықтар қорабының күтімі де белгілі бір қағидаларға сүйенеді екен.
Аквариумды күн сайын ұқыпты түрде күту керек.
Балықтардың хал-ахуалы, аквариумдағы өсімдіктердің жағдайы, жалпы тазалық шаршаған кезде аквариумнан күш-қуат алып сергуіңізге мүмкіндік береді. Күн сайынғы, кезеңдік, мерзімдік күтім жасалған жағдайда аквариум да сізге қызмет қыла бермек.

Ең жауапты жұмыс - аквариумды іске қосу. Алдымен аквариумға су құямыз. Сосын түбін себеміз. Сеуіп болдық, енді құралдарын орналастырамыз (әлі іске қоспай тоқтай тұрыңыз). Енді аквариум өсімдіктерін отырғызуға болады. Саусағымызбен үңгір қазып алып, оған өсімдіктің тамырын бекітеміз. Топырақпен нығыздаймыз. Тастар мен өсімдіктерді орнатып болған соң, қабығын жапқанда судың үстіңгі беті көрініп тұрмайтындай етіп, су құямыз. Балықтарға ыңғайлы мекен қалыптасу үшін, аквариумға балықтарды әлі жібермей қоя тұрамыз. Кем дегенде 2-3 күн күтіп, ыңғайлы кезде балықтарды аквариумға саламыз. Бұл тіпті оңай. Үйге балықтарды қай суға салып әкелсеңіз, сол суымен қоса құясыз. 

Күн сайынғы күтім

Күн сайын аквариумға назар салып, жарық бергіш, жылытқыш құралдардың жұмысын қадағалап отыру қажет. Тамақтандыру алдында балықтардың жағдайын көріп алу қажет. Сау балықтар теңселмей, бірқалыпты жүзеді, денесінде ешбір дақ болмайды. Тамақты таңертең және кешке берген дұрыс. Ауқат балықтар 20 минут ішінде жеп болатындай көлемде болуы керек. 

Кезеңдік күтім

Аквариумдағы өсімдіктерді күтіп, суды ауыстырып отыру кезеңдік күтімге жатады. Аквариумның әйнегін көтеріп, құралдарды сөндіреді, қораптың түбін тазалайды. Сосын су құяды. 

Мерзімдік күтім көктем мен күзде жасалады. Көктемде жарық бергіш құрал мен жылытқыш құралдың күшін төмендетеді, құралдарды жуып-тазалап, ескі өсімдіктерді жояды. Ал күзде аквариумды қысқы режимге ауыстырады. Яки жарық бергіш құрал мен жылытқыш құралдардың жұмысын күшейтеді.

Сурет: mrhow.ru, pokormiribok.com

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова