Церера астероидынан пирамида табылды

Церера астероидынан пирамида табылды
Фото: www.space.com

Күн жүйесіндегі ең үлкен астероид Церерада пирамида табылды. Кіші ғаламшарлар категориясына жататын астероидтың сыртқы бедері Dawn зондының көмегімен 4400 шақырым қашықтықтан түсірілген. Бұл туралы CNN ресурсы жазып отыр.

Астероидтарды зерттеу мақсатында ұшырылған зонд ағымдағы жылдың желтоқсанында Церерадан небәрі 360 шақырым қашықтықта болады. Бір қызығы, жаңа табылған биіктік Хеопс пирамидасының көлемінен әлдеқайда үлкен болуы мүмкін. Ғалымдар оның тіпті Монбланмен (Еуропаның ең биік шыңы) бірдей екенін топшылап отыр.

Екінші фотода Церера бедерінен айқын көрініп тұрған өзге де ақ дақтарды көреміз. Пирамида кейіпті таулардың диаметрі салыстырмалы тұрғыда қарағанда 5 шақырым болуы ықтимал. Астрономдардың айтуынша, үлкен пирамидалар тұзды мұздар негізінде қалыптасқан.

Айта кетейік, Dawn аппараты алғашқы пирамиданы бір ай бұрын анықтаған болатын. Кіші ғаламшарға жақындаған сайын пирамидалар саны да арта түскен. Бүгінде олардың сегізі айқын көрінуде.

Ағымдағы жылдың 6 наурызында ұшырылған Dawn Марс пен Юпитер арасындағы астероидтар алқабын зерттейтін болады. Dawn Церераға дейін Веста протоғаламшарын зерттеді. Ескере кетсек, Dawn зонды Церера орбитасында 30 маусымға дейін болады. Содан кейін келесі кіші ғаламшарлардың біріне бағытталатын болады. Астероидтардың бір-біріне жақын орбита да орналасқанын ескерсек, Dawn Церерадан алыстай қоймайды.

Ж. Өрісбай