Жапондар ғарыштағы алғашқы Күн электр станциясын салады

Жапондар ғарыштағы алғашқы Күн электр станциясын салады

Жапон ғалымдары Күн энергиясын пайдаланудың жаңа технологиясын ойлап тапты. Mitsubishi компаниясы мамандарының есебі бойынша, ғарышта құрылған электр станциясы Жердегі техникалық құрылғыларды энергиямен қамтамасыз ететін болмақ. Аталған жапондық көлік концернінің инженерлері 10 киловатт микротолқынды энергияны ауа арқылы 500 метрге жібере алған. Электрге айналдырылған ғарыш энергиясы (микротолқындары) Жердегі жарық диодтарын іске қосқан.

Электр энергиясын дәстүрлі жолмен шығарудағы бәсекелестік энергияның альтернативті ресурстарын іздеуге итермеледі. Токио қаласында орналасқан Mitsubishi Heavy Industries (MHI) компаниясы сымсыз энергияны жіберу технологиясының алғашқы қолданушысы емес. Айта кетсек, осыған дейін Жапония аэроғарыштық зерттеу агенттігі (Japan Aerospace Exploration Agency) 1,8 киловатт энергияны 55 метрге сымсыз жібергені туралы хабарлаған болатын. Ал MHI ғалымдары болса бірнеше тұрмыстық техниканың жұмыс істеуіне жеткілікті энергияны ғарыштан жеткізе алды.

"Біз энергияны сымсыз жеткізудің коммерциалық деңгейде дамыту мүмкіндігі бар екенін тәжірибе жүзінде дәлелдедік", — дейді Mitsubishi өкілдері.

Жаңа технология әзірге аз нәтиже көрсеткенімен, экологиялық таза және тұрақты Күн энергиясын ауа-райы немесе жыл мезгіліне қарамастан өндіруге болатынын көрсетіп отыр. Жапонияның инжинирингтік алыбы Жерден 36 мың шақырым жоғарыда айналатын Күн электр станциясын салу жобасын жүзеге асырмақ. Ғарыштағы электр станциясы жиналған Күн энергиясын микротолқынға өзгертіп, Жердегі ректенналарға (қабылдаушы станция) жіберетін болады. Өнімді қабылдап алушы станция микротолқындарды өз кезегінде электр энергиясына өзгертеді.

Deutsche Welle ресурсының хабарлауынша, Mitsubishi жаңа жобасын 2030 жылы іске қоспақ.   

Сурет: rus.newsru.ua

Ж. Өрісбай