Айға зат таситын пошта қызметі ашылды

Айға зат таситын пошта қызметі ашылды

Адамзат уақыты келгенде Жерден кетіп, Айға көшеді деп ғалымдар айтып жүр. Болашақта айға қоныстануды мақсат еткендердің керек-жарағын салып жіберетін арнайы қызметтің ашылғанын NASA агенттігі хабарлады. Бұнымен америкалық Astrobotic компаниясы айналысады.

MoonMail – компания ұсынған пошталық қызмет түрі. Astrobotic компаниясы NASA агенттігінің Lunar CATALYST дейтін жобасы бойынша ресми серіктесі. Олар бір апарғанда 270 келіге дейінгі затты жеткізіп салуға қауқары жететінін хабарлады. Ал жеткізу құны – әрбір келі зат үшін $1,2 миллион.

Ғарыштың пошта қызметі адамдар барып қоныстанғанға дейін сақталатын заттарды қабылдайды екен. Сақталу мерзімі шектелмеуі керек. Компанияның ресми блогында химиялық қоспалар мен инертті заттардан басқа барлық заттарды қабылдайтынын жазады. Пошта жіберу үшін Astrobotic компаниясының ресми сайтында тіркеліп, хабарлама қалдыру керек.

Заттар арнай капсулаға салынады. Ол заттың бүлініп қалмауы үшін жасалады. Пошта Айға Griffin модулімен жеткізіліп, Moon Pod қорабында сақталады. Оның жеткізілгені туралы ақпарат түсірілген суреттермен расталады.

Сурет: www.collectspace.com

Ж. Өрісбай