Түйреуішті үйге ауыстырған жігіт

Түйреуішті үйге ауыстырған жігіт

Ғаламтордың адам баласына жасаған көмегі жайлы бір адам сенгісіз оқиғаны айтып кетпекпіз. Иә, ғаламтордың көмегімен дүниежүзіндегі миллиондаған адам шаруаларын тындырып жатады. Көбіміз электронды поштаның көмегімен хат жазысып, әлеуметтік желіде түнейтін болсақ, канадалық жігіт Кайл Макдональд ғаламторды басқа мақсатта пайдаланды. 

2005 жылы Канаданың жиырма алты жасар тұрғыны Кайл Макдональд кішкентай ұсақ-түйекті үйге ауыстыру идеясын іске асырды. Ол қалай дейсіз ғой? Кайлдың идеясы балаларға арналған "Үлкен және жақсы" деген ойынға негізделді. Жобаның шарты бойынша, кез келген затты одан да құнды затқа ауыстыру. Ауыстырулардың ең бірінші заты - пластикалық түйреуіш болды. Кайл ғаламтор арқылы бір адаммен байланысқа шығып, әлгі түйреуішті балық формасындағы ағаш қаламға ауыстырып, өз экспериментін бастап кетеді. Бұдан кейін канадалық жігіт оны сәулетшіге табыстап, орнына қолдан жасалған есік тұтқасын алды. Ағаш тұтқасы кемпингке арналған пешке ауыстырылса, әлгі пештің орнын кішкентай өлшемді электрогенератор басты. Бұдан кейін Кайлдың арманға жете аламын деген сенімі арта түсіп, ауыстыруларға бұрынғыға қарағанда көп уақыт бөлетін болды.

Генератор сыраға арналған неон шамынан жасалған жарнама баннеріне ауыстырылды. Кайлдың ғаламторда жүргізген онлайн-күнделігінен үзіндіні оқыған телевизиялық продюссерлер оны өздеріне қонаққа шақырып, оның соңғы затын неге ауыстырғысы келетінін сұрады. Макдональд көп ойланбастан Як калашығындағы демалыс курортына бару мүмкіндігіне ауыстырғысы келетінін айтты. Бұл демалысты Кайл жүк көлігіне ауыстырса, соңғысын аудиостудияда 30 сағат жұмыс істеу мүмкіндігіне алмастырды. Ақырында Колорадо штатында өмір сүріп, өнер жолын қуып жүрген жас әнші Кайлға хабарласып, оның үйінде бір жыл тегін өмір сүру ұсынысын жасады. Макдональд бас тартпады. Кейін Кайл Эллис Купермен кездесуге дайын болған адамды тауып алып, соңғысын snow globe - ішінде қар жауып жатқан шыныдан жасалған кішкентай шар кәдесыйына ауыстырды. Бірақ, Кайлдың кәдесыйы басқаларынан ерекшеленді. Оның ішінде KISS тобының кішкентай мүсіндері болды.

Осы кішкентай ойыншық Кайлды арманына жақындата түсті. Атақты продюссер Корбин Бернсен осындай кәдейларды жинауды жақсы көретін. Корбиннің коллекциясында осындай шарлардың 6500 данасы болғанымен, Кайлдағыдай данасы болмады. KISS тобының кішкентай мүсіндері бар шарды Бернсен "Donna on Demand" фильміндегі рөлге ауыстыруға дайын болды. Ақырында, Киплинг қалашығының мэрі (1140 тұрғын) бұл рөлді қаладағы үйге ауыстырған. 

14 сатыдан тұрған ауыстыру 2005 жылы 12 шілдеде басталып, 2006 жылдың 12 шілдесінде аяқталды. Бұл арманды жүзеге асыру үшін ғаламтордың тигізген көмегі орасан болды. Себебі, бүкіләлемдік торапсыз Макдональдтың "ауыстырулары" бірнеше жылға, тіпті онжылдыққа созылар еді.

"Армандар орындалады" деген осы. Тек сол арманға апаратын ақ жолды дұрыс тапсаң болғаны...

Суреттер:antonkozlov.ru, ibastro.com