Мемлекет маған не берді, мен ше?

Мемлекет маған не берді, мен ше?
Фото: vk.com

«Мемлекет маған не берді емес, мен мемлекетке не беремін» дейтін сөздің тікелей қолданатын уақыты келді. Себебі тәуелсіздіктің алғашқы құрдастарының алды жиырма бес жасқа жетіп, ел тізгінін ұстауға жарайтын ат жалын тартқан азаматтарға айналды. 

Алғаш әліппені жаттап, қолға қалам алып, ұстаздан тәлім мен тәрбие алып, орта мектеп табалдырығын ата-ананың, мектептің күшімен бітірдік. Бұл ең бірінші берілетін білім көзі. Оған дейінгі тәрбие көзі, білімнің алғашқы баспалдағы ата мен апаның қолында болғаны белгілі. Орта мектеп аяқталған соң жоғары оқу орнына түсіп, білім жалғастыру жолында, білікті маман болу мақсатында бағыт алдық. Дегенмен... 

Студенттік өмірдің қызығына беріліп, «мамандық» дейтін сөздің астарына үңілмей, білім ордасына барып-келіп жүргеніміз де өтірік емес. Бірі ілімді ілсе, бірі құлақ сыртынан өткізіп жатады. Әрине бұл өкінішті жағдай. Себебі түбі елдің келешегі жастардың қолдында болғаннан кейін, өзінің мамандығын сүю арқылы ол ертеңгі жұмысын сүйеді. Ал бұл жағдай бізде тұрақты қалыптаспаған. 
Себептерін атап айтсақ: 

– Мемлекет берген дайын асқа тік қасып болып, шынайы өмірге бейімделмеу; 
– Әрбір профессордың айтқан сөзін ниетпен тыңдаудың орнына, лекциясында ұйықтап қалу, сабақтан қашу; 
– Тәжірибе алмасу кезінде қателікке бой алдырып, түзетудің орнына тез құтылуға асық болу; 
– Баға мен шәкіртақы үшін ғана мамандықтың есігін қағу; 
– Ауылдан арман қуып, білім қуып келіп, қаланың тынысына үйренген соң бәріне қол сілтеу, арманды ұмытып, арандауға ұрыну. 

Аталған себептер еліміздегі үлкен қалалардағы жоғары оқу орындарында орын алып жатқаны белгілі. Әрине бәріне бірдей топырақ шашуға келмес, дегенмен бір мамандықта жүз адам оқып, оның тек жиырмасы ғана жұмысқа жарамды, нағыз маман болып шықса, қалған сексені жұмыссыздық қатарын көбейтіп қана қоймай, қоғамға масыл болары анық. Екі қолға бір күрек. Бұл сөздің өз тәрбиесі бар. Себебі өзінің ісін білетін, жетік білім маман ешқашан қолын қалтасына салып отырмасы тағы бар. Оның санасында мемлекет берген, ата-ана берген, ұстазы берген білімнің ұшқыны болса, ол міндетті түрде оның қайырымын қайтару үшін жұмыс жасайтын болады. Ал жұмыс жасау, жалақы ала отырып, ел үшін еңбек ету қоғамдағы әрбір азаматтың парызы. 

Қазір елімізде жастар үшін барлық жағдай жасалған. Түрлі бағдарлама, жобалар қарастырылған. Біз тек сыныққа үңіліп, бүтінін қабылдамаймыз. Себебі жалқаулық пен салғырттық дендеп алған. Жауапкершілік өз жауапты ісін дұрыс атқармаған жағдайда кез келген істен еңбек өнбейді. Жемісін де көре алмайсыз. 

Шынымен, «мемлекет маған не берді, мен ше?»... Мемлекет бізге тегін білім көзін берді, жеңілдікпен бағдарламалар ұсынды, жобаларды ұсына отырып, шетелдік тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Ал біз тек жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттің біз жасаған жақсылығын ұмытып кеттік. Ғасыр өткен сайын сандық жүйенің дамуы қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Дамыған елдердің қатарында болу үшін білім алу жеткіліксіз. Оны тәжірибе жүзінде іске асыра отырып, жұмыс жасау керек. 

Елдің ертеңі жастар екенін ескертіп келе жатқан алдыңғы буынның бұл сөзі алдағы екі-үш жыл ішінде шынайы түрде іске асатын болады. Сол кезде біз дайын болмай қалсақ қайтеміз... Кінәлі өзіміз! Өзгеден іздеудің қажеті жоқ. 

Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей. Ізденіңіз, істеңіз, ілімге ұмтылыңыз, елдің іргесін ұстап тұратын азамат болыңыз!

М. Ақан