Студенттік өмір несімен қызық?

Студенттік өмір несімен қызық?
Фото: liter.kz

"Студент" сөзі латын тілінен аударғанда «ынтамен оқушы, ізденуші» деген мағынаны білдіреді. Дегенмен іздену мен ынтаны ғана негіз етпей, студенттік өміріңізді қызықты ету әрі көңілді өткізу өз қолыңызда. Студенттік шақ тәтті әрі ең қызықты шақ. 

Алғашқы күн... 
Арман қуып келдіңіз. Университеттегі алғашқы күніңіз ең бірінші адасумен басталады. Өйткені он бір жыл оқып, біліп келген үстеліңіз, кабинетіңіз жоқ енді. Санаңызда «аудитория» дейтін түсінік пайда болады. «Мұғалім» сөзін «профессор» дейтін ауқымды ұғым ауыстырады. «Лекция», «семинар» сынды таңсық атаулар сізді өзіңіз білмейтін әлемге жетелейді. Алғашқы күннен үлкен өмірге қадам басқаныңызды іштей сезіне бастайсыз. Себебі мектеп қабырғасындағы күндеріңізді алып орда университет ішіндегі алуан-алуан қызыққа толы нәрселер айырбастайды. Алғашқы күн... сіз әлі адасып жүрсіз. Бірақ қызық! 

Өзгеше сабақтар... 
«Математика» немесе «әдебиет» дейтін қарапайым сабақтардың атауы барынша күрделеніп, сіз үшін "тар жол тайғақ кешу" секілді болып көрінеді. Өзіңіздің мамандығыңызға сай атаулары да түрлі, қызықты сабақтар сіздің оқуға деген ынтаңызды ашпай қоймайды. Өйткені кез келген адам таңсық дүниенің қайда жетелейтініне қызықпаса, одан қашқан емес. 

Талабы көп ұстаздар... 
«Апай», «ағай» дейтін атауларды ұмытыңыз. Енді сізге аты мен әкесін қосып айту керек болады. Бұл тек бергі беті ғана. Кей профессорлардың сізге жат әрі қызықты талаптары болады. Мәселен бір профессорға «сау болыңыз» деп айта алмайсыз. Ал бір ұстаздың алдынан шығып қалсаңыз, ұрыс естуіңіз мүмкін. Оған себеп те жоқ емес. Сіз секілді мыңдаған студентке елу минут, тоқсан минут лекция оқып шыққан ол жандарды да түсінуге болады. 

Жан-жақтан келген достар... 
Сіз өзіңіз келген жеріңіздегі таныс достардан бөлек, мұнда әр аймақтан келген жаңа достармен танысасыз. Жаңа таныстық жаңа өмірге жол ашу. Ең қызығы олардың сөйлеу мәнері, өздерін ұстауы. Тіпті сіз білмейтін тілде сөйлеп тұрғандай көрінуі де мүмкін. Әрі өзгеше салттар, дәстүрлер... Бірақ уақыт өте келе оған да көндігіп кетесіз. Үйренісесіз. Өйткені сөйлесу арқылы олардың диалектілері мен өмір сүру қағидалары сізді де өзгертеді. Бұл жамандыққа апаратын жол емес, жақсысын үйреніп, жаманын жирену сіздің қолда. 

Жатақханада... 
Ең қызық әрі ең керемет кез осы жатақханада. Кең бөлмелері бар үйіңізді ауылда қалдырып, шағын ғана бір бөлмеде төрт-бес адам болып тұру сіздің жеке бастағы өзімшілдігіңізді жоғалтады. Бір нанды бөліп жеу, көмектесу, бірге жүріп, бірге тұру секілді дүниелерді бастан кешесіз. Көршіңізге емес, көрші бөлмеге қонаққа бару, туған күн кештерін жасау, ән салу, би билеу, әңгіме дүкен құру – бәрі сіздің өміріңізге таңсық болып келеді. Бірақ сол таңсық дүниеден көкірек көзіңіз ашылып, жаңаша өмірді достармен бірге сүруге деген ынтаңыз артады. Тіпті жатақхана екінші үйіңздей болып, қателіктеріңізді кешіріп, жақсылығыңызды арттырады. Көмек керек бола қалған жағдайда, сізге көмек көрсетуге бүкіл жатақхана дайын. Бұл ештеңеден тарықпауға болады деген сөз. 

Студент атанған күннен бастап әрбір уақытыңызды, әрбір минутыңызды қызыққа толы қылып өткізіңіз. Уақыт өте келе еске алатын әрі сағынатын сәтіңіз дәл осы шақ болмақ!  

М. Ақан