Үздік студент сипаты

Үздік студент сипаты
Фото: voxpopuli.kz

Мектепте алған бағаңыз болашағыңызға көп әсер етпейді. Жаңа өмір басталды, өзіңіз қалаған мамандыққа оқуға түстіңіз. Енді ұнатпайтын пәндеріңізден бір табан алыстадыңыз.

«Мектепте мұғалім үйреткенде осы нәрсенің өмірде керек боларын кеш түсініппіз» деген өкінішті көп кісіден естіген боларсыз. ЖОО бітірген соң да солай аһ ұрып отырмас үшін қазірден өзімізді қолға алып, неге үздік студент болмасқа? Бұл сіз бен біз ойлағандай қиын емес.

Өзіңізді тек жақсы жағыңыздан көрсете біліңіз. Оқытушының студент туралы алғашқы әсері мәңгілікке қалады. Бір рет жаман болып көрініп қалдыңыз екен, ол кісілердің ойын өзгерту оңай емес.

Дәрістерден қалмаңыз. Сабақты жиі қалдырып, көп кешігетін болсаңыз, соңы жақсылыққа апармайды. Сабақтан жиі қалатын студентті оқудан шығарып жіберуі де мүмкін. Осыны естен шығармаңыз. Барлық дәрісті конспектілеп отырыңыз. Бұл оқытушы үшін емес, өзіңіз үшін керек. Сіз оқитын ЖОО электронды жүйемен қамтылмаған болса және дәрістердің электронды нұсқасы қол жетімсіз болса, өзіңіз жазған конспектіңіз емтиханға дайындық кезінде таптырмас көмекші құрал болады.

Үй тапсырмаларын қалдырмай орындаңыз. Ол сізге біліміңізді шыңдап, жақсы баға алуға жәрдемдеседі. Аудиторияда дірілдеп, тегіңіздің аталмауын тіленіп отырғанша, үйде бірер сағат уақыт бөлгеніңіз артық. Кейде алдыңғы қатарда көзге түсіп жүрген студенттерге ауыз ашпаса да, жоғары балл қойыла салады.

Оқытушыны алдамаңыз. Егер тапсырма орындалмаған болса, бірден мойындаңыз. «Дәптерімді жоғалтып алдым», «тапсырманы білмей қалдым» деген сияқты сылтаулармен өзіңізді төмендетпеңіз. Біріншіден, бастауыш сынып оқушысының сөзін айтқаныңыз күлкілі естіледі. Екіншіден, жағдайыңыз одан сайын қиындай түседі. Оқытушылардың барлығы дерлік шыншылдықты жоғары бағалайды.

Емтихан сұрақтары қолыңызға тиген күннен бастап дайындыққа кіріскеніңіз жөн. Ең бастысы, Қазақстан тарихы пәнінен болатын мемлекеттік емтихан дайындығына көп күш салыңыз. Себебі мемлекеттік емтиханнан бір төрттік алып қалдыңыз екен, басқа барлық сабағыңыз бес болса да, сізге қызыл диплом жоқ.

Университет ішіндегі сайыстардан қалмай қатысуға тырысыңыз. Бұл бірінші кеңесті орындауға көмектеседі, яғни  оқытушыларға жақсы жағыңыздан көрінудің бір тәсілі.

Баршаңызға оқуды алғыр болуды тілейміз!

@. @assel_assanova