Студенттерге арналған үздік қалалар

Студенттерге арналған үздік қалалар

Өміріміздің ең ыстық шағы студенттік кезең екенін бәріміз жақсы білеміз. Осы қызықты кезді әркім әртүрлі қалада өткізеді. Осыған орай QS компаниясы әлемдегі ең үздік студенттік қалаларды жариялады.

1. Париж 

250 мың студент білім алып жатырған Париж қаласы QS Best Student Cities - 2015 рейтингінің 1-орнында. Рейтингті құраушылардың айтуынша, Париж қаласының студенттерінде барлық жағдайға толық мүмкіндік бар. Және оқу ақысы арзан.

2. Мельбурн

Өткен жылғы рейтинг көрсеткішімен салыстырғанда Мельбурн екі сатыға көтеріліп, 2 орынға келіп жайғасты. Ол көз тартарлық көріктілігімен, жоғары дәрежедегі өмірі мен мәдениеті арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттердің сүйікті қаласына айналып отыр.

3. Лондон

Лондон қаласы әлемдегі ең үздік университеттерімен және кітапханаларымен жақсы таныс. Ұлыбритания астанасы студенттерге мансап жолына да, өнер жолына да жол ашады.

4. Сидней 

Австралияның қаржы және экономика орталығына айналған Сидней қаласы төртінші орынға табан тіреді. Жастардың арасында танымал қала студенттерге өмір сүру қолайлылығымен жоғары балға ие болды. Алайда оқу ақысының қымбат болуы үштікке кіруге кері әсерін тигізді.

5. Гонконг

Гонконг азиялық қалалардың ішінен көш бастап, 5-орын иемденді. Мұнда оқу ақысы Батыс Еуропаға қарағанда қымбат, бірақ АҚШ-тан арзан. 

6. Бостон

6-орын Бостон қаласында. Гарвард университеті мен Массачусетс технологиялық университетінің арқасында Бостон АҚШ-тың зияткерлік орталығына айналды және "Америка Афинасы" деген атау алды. Алайда оқу ақысы жоғары болғандықтан, студенттердің басым көпшілігі жұмыс жасайды. 

7. Токио

Токио орналасқан жерін 10 пунктқа жақсартып, 7-орынға көтерілді. Қала әлемдегі ең ірі қаржы орталығының бірі болғанмен, еңбекқорлық пен машықтануға мол мүмкіндік береді. Алайда ауаның ластығынан көптеген студент бұл қаладан бас тартады.

8. Монреаль

Монреаль халық санының көп бөлігі - студенттер. Сондықтан әлемдік деңгейдегі үлкен фестивальдер мен конкурстар жиі болып тұрады. Қала Канаданың мәдени астанасы атанды. Бірақ оқу мен өмір сүруге кететін қаржыны кез келген студенттің қалтасы көтере бермейді. Монреаль қаласы 8-орынды қанжығалады. 

9. Торонто

Тағы да бір Канаданың Торонто қаласы 9-орынды алды. "Канаданың мәдени астанасы" деген конкурста Монреальдың басты бәсекелесі болған. Студенттерге алуан түрлі мәдени бағдарламалар ұсынады. 

10. Сеул

Оңтүстік Кореяның астанасы ондыққа кірді. Бұл қалада студенттерге барлық жағдай жасалған. Емтиханға дайындалу үшін арнайы студенттерге тәулік бойы кітапханалар, дәмханалар жұмыс істейді. 

11. Цюрих

Еуропаның ең таза және қауіпсіз қалаларының бірі - Цюрих. Ол бұл рейтингте 11-орыннан көрінді. Шетелдік студенттердің оқу ақысы Ұлыбритания, АҚШ қалаларына қарағанда қанағат етерлік. Цюрихтің тағы бір артықшылығы қаланың әдемі жерде орналасқандығы.

12. Ванкувер

Рейтингтің 12-орыны Ванкуверге бұйырды. Өмір сүру қолайлылығы жөнінен ол әлемде үшінші орында. Сонымен қатар қалада студент жастардың саны көп. Қоршаған ортаның тазалығы мен тамаша табиғаты қалаға келуші қонақтардың қатарын көбейтті. Солтүстік Америкадағы тау шаңғы шипажайы күллі әлемге танымал.

13. Сан-Франциско

Өмір сүру дәрежесі өте жоғары Сан-Франциско рейтингте 13-орынға тоқталды. Қалаға студенттер мен бітіруші түлектердің көпшілігі Apple, Facebook және IBM секілді компанияларға қызығып келеді. 

14. Мюнхен

Германияның ең үлкен қалаларының бірі Мюнхенге 14-орын бұйырды. Рейтингтегі басқа қалалармен салыстырғанда бұл қалада оқу ақысы өте төмен. Алайда мұнда Берлинге қарағанда өмір сүруге кететін шығын жоғары. 

15. Сингапур

15-орында халық тығыз орналасқан Сингапур. Қала әлемдегі ең қымбат қалалардың қатарына жатады. Сол себепті өмір сүру де, оқу да қымбат. Алайда Сингапурда қылмыстық іс көп тіркелмейді. Және қаланың өзі де, ауасы да таза. Қымбатшылыққа қарамай студенттердің бұл қалаға ағылып жатқандығы сондықтан.

16. Берлин

Берлин "Қол жетімді білім" бағдарламасының арқасында рейтингтің 16-орынына жайғасты. Әр жыл сайын неміс астанасы ағылшын курстарының көптігімен шетелдік студенттерге танымал болып келеді.

17. Нью-Йорк

Нью-Йорк қаласында да Лондон мен Бостондағыдай айтулы, беделді университеттер көп. Бірақ оқу ақысының жоғары болуы Нью-Йоркке рейтингтегі алғашқы қалалардың қатарынан көрінуге мүмкіндік бермеді. Сол себепті қала 17-орында қалды. 

18. Чикаго

Нью-Йорктен кейін Чикаго 18-орыннан көрінді. Бұл қала студенттерге оқуға және жұмыс істеуге қолайлы қала. Алайда чикаголық университеттерде оқу ақысы өте жоғары. Оған қарамастан студент саны жыл сайын көбейіп келеді. 

19. Барселона

19-орынға ие болған Барселонада Испанияның ең керемет екі университеті бар. Бірақ оның оқу ақысы көршілес Францияға қарағанда қымбатырақ. Дегенмен Барселонаның жылы ауа-райы мен мәдени өмірі студенттердің көптеп келуіне себепші.

20. Вена

QS компаниясы 20-орынды Венаға берді. Ол да Берлин секілді шетелдік студенттерге өте қолайлы қала. Өмір сүру дәрежесінің жоғарылығы мен қаланың бай мәдениеті студенттерге қатты ұнайды. Және оқу ақысы да арзан.

Ал сіз қай елде оқығыңыз келеді?

Оқи отырыңыз:

Әлемнің жаңа жеті кереметінің бірі - Игуасу сарқырамалары

Лихтенштейн туралы бірнеше дерек

Хайуанаттар бағындағы пілдердің махаббаты

Ағайынды жігіттердің қардан жасаған керемет мүсіндері

Сурет: 7themes.su, holidaym.ru, booknetik.ru, v-otpuske.com, galima-hr.ru, ingeniusprep.com, wikipedia.org, berrisuites.ca, glavs.com, sims.mixei.ru, booknetik.ru, wonderfulnature.ru

Ж. Исакаев