Университет түлектеріне арналған жаднама - 1

Университет түлектеріне арналған жаднама - 1

Күні кеше ғана университет табалдырығынан жасқана аттаған едіңіздер. Сынаптай сырғып, 4 жыл өтті де шықты. Соңғы емтихандарды тапсырып, диплом қорғау ғана қалды.

Бейқам, алаңсыз студенттік шақ күннен күнге ұзап барады. Алда күдік пен үміт кезектескен бұлыңғыр келешек. Не алаңдатады? Әрине, белгісіздік: «Қайда барам? Болашағым не болады? Қандай маман боламын?» деген сияқты сансыз сұрақтар жан-жағыңнан қаумалап алады.

Осы 4 жыл ішінде не нәрсемен айналыстыңыз? Қандай іске икемің бар? Мүмкін сізді диплом алайын деп жатқан мамандық емес, хоббиіңіз көбірек қызықтыратын болар (ата-анаңның немесе ұстазыңның ақылымен жоғары оқу орнына түссең, бұл түсінікті де)?

Бұл күмәннан тәжірибеден өткенде арыласыз, яғни әрі қарай таңдаған мамандығыңыз бойынша жұмыс істейсіз бе, жоқ па белгілі болады.

Егер қандай жұмыспен айналысатыныңызды анықтасаңыз, көздеген жұмыс орындарының пошталарына түйіндеме жөнелтуге болады.

Келесі кезекте сабақтан қол босаған сәтте күнделікті 10–15 минут уақытты бөліп, болашақ жұмысыңыз, қоршаған әріптестеріңіз, жалақы алып жатқан кездерді көзіңізге елестетіп, тәтті қиялға берілу қалды. Иә, көптеген миллиардер, чемпион, бизнесмендердің осы тәсіл арқылы табысқа жеткенін менсіз де естіп-біліп жүрген шығарсыз. Егер болашақты бүге-шүгесіне дейін елестетіп, образға кіре алсаңыз, арман алыста емес. Тек ерінбеу керек.

Сәттілік тілеймін!

Сурет: namys.kz

Ф. Абилова