Жарты семестрлік емтихан (Midterm) деген не?

Жарты семестрлік емтихан (Midterm) деген не?

Жаңа оқу жүйесі бойынша енгізілген жарты семестрлік емтихан (Midterm) түсіндірмелерін жүргізу мақсатында Қазақ Ұлттық Университетіндегі Болондық Үдерістің Студенттік Бюросы университет ректорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ахмет-Зәки Жұмақанұлы университет топбасыларымен бірге кездесу ұйымдастырды. Жаңа бағалау жүйесін Студенттік Бюроның жетекшісі Айсұлу Ерниязова таныстырып өтті.

Өткізілген маңызды жиынға жалпы барлық факультеттен 425 топбасы және студенттік ұйымның толық ұжымы қатысты. Сондай-ақ, әдістемелік бөлімнің басшысы Құмарғалиева Салтанат Шорайқызы, тіркеу кеңсесінің басшысы Әбілжанова Айгүл Айтжанқызы және оқу үдерісі бөлімінің бастығы Жүніс Қайрат Әлішерұлы оқу жүйесіне қажетті ақпараттармен бөлісіп, барлық сұраққа жауап берді.

Айта кеткен жөн, жарты семестрлік бақылауға (Midterm Examinations) қатысу үшін студент кем дегенде жиырма балл жинаған болуы тиіс. Одан кем болған жағдайда емтиханға кіргізілмейді. Емтиханның өзі ауызша түрде болып, қатаң тәртіпте өткізіледі. Демек, енді студент бір семестрде бір емес, үш рет бақылаудан өтетін болады. Аталған бақылау тәртібінің жүйесі қазіргі кезде толығымен енгізілу үстінде.

Сонымен қатар, қысқы семестрде аталған бақылауға дайындық уақыты берілмейтіні, дегенмен көктемгі семестрде студенттер бір апта уақыт артығымен алу мүмкіндігіне ие болатыны туралы да айтылды. 

Жолдаған: Камила Өрісбаева

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: Малика Каримова

Ж. Өрісбай