Массагет энциклопедиясы. Галилей

Массагет энциклопедиясы. Галилей
Фото: freelibrary.org

«Ол физика және жаратылыстану ғылымдарының атасы, ол секілді ғылымның жілігін шағып, майын ішкен адам тумаған да болар». ХХ ғасырдың ұлы ғалымы Альберт Энштейн қазіргі ғылымды қалыптастырған данышпан Галилео Галилей туралы осылай деген екен.

Галилео Галилей 1564 жылы 15 ақпанда Италияның көне қаласы Пизада дүниеге келген. Оның әкесі ұлының дәрігер болғанын қалап, Пиза университетіне берген. Дегенмен, медицина саласы Галилейді қызықтыра алмады, сол себепті Эвклидтің геометрия туралы трактаттарын, Архимедтің механика туралы кітаптарын көп оқыған. Соның нәтижесі болар, ол университетті тастап, ғылыммен айналасып кетті. Университет қызметкерлері оның ғылыми тұжырымдамаларына қолдау білдіріп, Галилейге Пиза университеттінің кафедрасын, кейін Падуан университетін тәмамдауға көмектеседі. Асқан білімінің арқасында ғалым, әрі дауда алдына жан салмайтын шешен, әрі шекті, пернелі аспаптарда керемет ойнайтын музыкант болатын. Майлы бояумен сурет салатыны тағы бар, ақындығы бір бөлек әңгіме. Осындай қабілетке ие болғанымен, тұрмысы нашар, қарызбен күй кешкен. Тұрмысқа шыққан қарындастарына жасау әперіп, бұзық бауырын, шатаққа жақын анасын, екі қызы мен бір ұлын бағып-қағу оған қиынға соққан. Сүйіп қосылған әйелі балаларын әкелеріне тастап кете барған. Галилей өз-өзін күтпей, аз ұйықтап, тамақтанбай жүре беретін болған.

Пиза қаласының көз тартар ғимараты – «құлағалы тұрған мұнара». Бұл ғимарат құлағалы тұрған «болмысымен» ғана танымал емес. Мұнараның ішінде Галилей тәжірибе жүргізген, сол үшін де атақты. Салмағы ауыр және жеңіл тастарды лақтырсаңыз, салмағы ауыр тас жерге бірінші болып түсетіні Архимедтің зерттеулерінен белгілі. Ал мына мұнараның ішінде бұл заң орындалмайды: ауыр тас та, жеңіл тас та бір уақытта түседі екен. Галилей бұл заңдылықты былай түсіндірген: жаңалықты ашарда болжам мен дәлелдің сәйкестігін тексеру қажет. «Егер мынадай болса ше? Ал болмаса ше?» деген сұрақтарды жан-жақты қамту керек деп түйген.

Галилей дүрбіге қатты қызыққан. 1609 жылы ең алғаш рет дүрбі пайда болғанда оны басқа да салаға пайдасы тиерін кім білген? Ең алғаш ғылыми мақсатта дүрбімен аспанға қараған – осы Галилей. Аспанды дүрбімен бақылаған алғашқы айында Айда таулардың барын, Юпитердің төрт серігі барын, Құс жолы мыңдаған жұлдыздан тұратынын анықтаған. Оның астрологиялық зерттеулері сол дәуірдің басты жаңалығы болатын. Жер – әлемнің ортасы емес, оның аспан денесі екенін, Жер секілді басқа да шар тәрізді аспан денелері барын анықтаған. Кейін Күн бетінен бір дақты байқаған. Бұл дененің уақыт өте келе айналатынын, орақ тәрізді, кейде жарты ай секілді, кейде шар тәрізді болатынын айтқан. Осы деректерден Шолпан планетасының фазасын жасаған. Сөйтіп, ғаламшарлар Күнді айнала қозғалатынын айтқан. Бұл айғақтардың бәрі кезіндегі Николай Коперниктің еңбегін растайтын болды. Галилей он жыл бойы Коперник әлемнің геоцентрлік жүйесі туралы еңбектерін зерттеген. Нәтижесінде "Әлемнің екі негізгі жүйесі туралы диалог» атты еңбек жазды. Еңбек 1632 жылы жарық көрген. Бұл еңбекті шіркеу сынға алды. Галилейді Римге шақыртып, Коперниктің ізін жалғастырып, дінге қарсы мәлімет таратады деген айыппен сот залында айып тағылады. 1633 жылы 22 маусымда Джордано Бруно өлім жазасына кесілген шіркеуде 70 жастағы қарт Галилей тізерлеп, жаза алдындағы соңғы сөзін оқиды. Сот оның ешкіммен сөйлесуіне рұқсат бермей, Арчетри ауылындағы үйіне үйқамаққа алады.

74 жасында жанарынан айрылады. Үйқамаққа алынған үйінде 79 жасына қараған шағында, 1642 жылы дүниеден өтеді. Өмірінің соңғы кезінде ешқандай зерттеу жүргізбеген. Кейбірі ғалымды «Салы суға кетті, тез берілді» десе, кейбірі «Айып тағылмас бұрын көп зерттеуін қалдырып кетті» дейді. Бірақ мойнына жаза артылса да, ол өз ойынан танбаған. Оның сот залында айтқан соңғы сөзі Галилео Галилейді аңызға айналдырғандай. «Ол бәрібір айналып тұрады» деген екен.

Г. Берік