Әлемдегі ең алғашқы метро қайда салынған?

Әлемдегі ең алғашқы метро қайда салынған?
Фото: www.goodnewsfinland.com

Бүгінде заманауи мегаполисті метросыз елестету мүмкін емес. Аталған жер асты транспорттық жүйесін күн сайын миллиондаған адамдар қолданады. Ал әлемдегі ең алғашқы метрополитен қайда салынған?

Әлемдегі тұңғыш метро бекетінің қабырғасы Лондонда қаланған. ХІХ ғасырдың ортасында ағылшын астанасының тұрғындар саны 2 миллионға жетіп, қаланың бір нүктесінен екінші нүктесіне жету қиындай бастайды. Сондықтан 1855 жылы қала әкімшілігі жер асты транспорттық жүйесін салу туралы құжатқа қол қояды. Метроны салумен Metropolitan Railway компаниясы айналысады. Бірінші он метр тереңдікте туннельдер қазылып, кейін болаттан тірегіштер орнатылады. Сосын метро рельстері орнықтырылады.

Тарихшылардың айтуынша, метроның салынуы ағылшын астанасының қалпын түбегейлі өзгертіп жіберген. Себебі туннельдерді қазу кезінде көптеген ғимараттарды бұзуға тура келген. Нәтижеде ескі қала жаңа ғимараттармен толығады.

1863 жылдың 10 қаңтарында тұңғыш метро қолданысқа беріледі. Бірінші бағыт жеті станциядан тұрып, 3600 метрге созылған. Метроны іске қосу құрметі Уэльс ханзадасы, Біріккен Корольдіктің болашақ королі Эдуард VII-ге беріліп,ол метрополитеннің бірінші жолаушысына айналады.

Метро платформалары көмірмен қозғалатындықтан, жолаушылардың беті мен киімдері жылдам қарайып кететін болған. Лондондықтар аталған қолайсыздыққа аса мән бермейді. Себебі метро қозғалыстың ең жылдам әрі қолайлы түрі болатын. Метроның ресми ашылған күнінде 30 мың жолаушы барар жеріне жылдам жетеді. Ал алғашқы жылда 9 миллион адам метроны қолданады. Жыл өткен сайын жолаушылар саны арта береді. 1905 жылы метроның локомотивтері электрлі құрылымға ауысып, қолайлылық сапасы арта түседі.

Бүгінде Лондон метросында 12 бағыт бар. Олардың басым бөлігі қала орталығы мен оның шеткі аймақтарын байланыстырады. Күн сайын 3 миллион, ал бір жылда 1 миллиард адам метро қызметін пайдаланады. Лондон метросы үлкендігіне қарамастан, 24 бағытпен қозғалатын Нью-Йорк метросынан үш есе аз көрсеткішке ие.

Ж. Өрісбай