Массагет энциклопедиясы. Геродот

Массагет энциклопедиясы. Геродот
Фото: gazeta.zn.ua

Белгілі тарихшының жеке өмірі біз үшін аңыз іспеттес болса да, ол тарихты аңыз беттерінен алып, ғылымға айналдырды. Грекияның отансүйгіш азаматы, әуесқой саяхатшы, этнографияның негізін қалаушы, ғалым әрі жазушы, «тарих атасы» Геродот көне дәуір өркениеті туралы білімді бізге жеткізе алды.

Геродот б.з.б. 484 жылы гректердің Кіші Азия түбегіндегі мекені болып табылатын Галикарнас қаласында дүниеге келеді. Жастайынан парсы өркениетіне қызығушылық танытып өссе де, өзінің эллиндердің ұрпағы екенін мақтан тұтатын. Геродот бала кезінен қалаға келген саяхатшылардың әңгімелерін қызыға тыңдайды. Азат Афина қаласы туралы көп есітеді. Полистің дана билеушілері Солон және Клесфеннің демократиялық реформаларына қызығушылық танытады. Бұл оның туған қаласы Галикарнас басшысы Лигдамидтің жеке дара билігін орнатуға тырысып жатқан кезі болатын. Геродот өзінің демократ достарымен бірігіп, тиранға қарсы шығады. Көтеріліс басылып, Геродот гректің Самос қаласына қашуға мәжбүр болады.

Б.з.б. 464 жылы жасы жиырмаға келген Геродот Самос аралынан кетіп, шығыс елдеріне саяхатын бастайды. Тарихшы теңіз жүзіп, жер басып, Финикия, Сирия, Македония, Ольвия, Дельф және Афинада болады. Осы саяхат барысында галикарнастық Геродот өзінің жан-жақты қызығушылығы жоғары адам екенін түсіне бастайды. Ол әртүрлі қабырғада жазылған көне жазбаларды (фрескаларды), ғибадатхана мұрағатын, бақсылардың айтқандарын талдап оқуға тырысады. Одан бөлек, әр өркениеттің әдебиеті мен жергілікті фольклорды зерттейді. Саяхат барысында өзі жинаған барлық мағлұмат кейіннен ең басты еңбегі, көне грек өркениетінің тұңғыш тарихи «Тарих» жинағына енеді.

Геродот саяхат кезінде жазылған жазбаларына Көне Бабыл (Вавилон) қаласының құрылымы мен ғимараттарының салыну үлгісін түсіреді. Мысыр абыздарынан пирамидаларды мыңдаған құлдардың қанша жыл бойы салғанын біліп алады. Сонымен қатар, Геродот Қара теңіздің солтүстік бөлігіне саяхаттап, ержүрек скиф (Сақтардың Еуропаға көшкен кемер тайпасы) тайпаларының тұрмысымен таныс болады. Оның біздің заманымызға дейінгі дәуірде қалдырған тарихи дәйектемелерін қазіргі археологиялық зерттеу жұмыстары растап отыр.

Геродот он жыл бойы саяхаттап, ақпарат жинаумен жүреді. Ал көне аңыздарға сүйенсек, Геродот өзінің басты еңбегін «Тарих» деп атамаған екен. Шындығында ол тақырыпты жазып үлгермеген деседі. Ал содан 300 жыл өтіп, Александрия қаласының (Египет) ғалымдары кітапты тоғыз бөлімге бөліп, оған тоғыз түрлі атау береді. Бірінші кітабында грек әскерлерінің парсы шабуылына қарсы күресі суреттеледі. Геродоттың грек-парсы соғысы заманында өмір сүргендігін ескерсек, тарихи мәлімет нақты болғанына сенімді боламыз. Тарихшы елу жылға созылған соғыстағы грек батырларының Отанын қорғауға бар күшін салғанын, ерліктерін келесі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен. Сондай-ақ, еңбекте Парсы империясының қалыптасу тарихы мен халқының тұрмыс-тіршілігі туралы мәлімет те береді. Ат басын сақтар өркениетіне бұрған кезде, біздің ата-бабаларымыздың өміріне тап болады. Ол сақтарды «азиялық скифтер» деп атағанын бала кезімізден білетін болармыз. Әйткенмен де, скифтердің сақ ұрпағы екенін ескерсек, бұл атау керісінше аталуы тиіс болған, яғни скифтер «еуропалық сақтар» деген атауға ие болулары керек еді.

Жасы отызға келген Геродот саяхатын Афина қаласында аяқтайды. Гректің бас қаласында біршама уақыт тұрақтап, Афинаның белгілі тұлғаларынан сабақ алады. Сондай-ақ, белгілі драматург Софокл және ежелгі грек саясаткері Периклмен тығыз байланыста болады. Өзі де онжылдық тәжірибесін бөлісіп, Афина халқын тарихи очерктерімен таныстырады.

Б.з.б. 443 жылы Геродот Италияның оңтүстігіне қоныс аударады. Грек-парсы соғысы аяқталғаннан кейін гректердің Италиядағы алғашқы қаласы құрылады. Қала Фури деп аталады. Афина жазба деректерінде Геродоттың Фури қаласының алғашқы тұрғындарының бірі атанғаны туралы ақпарат бар. Қазіргі қоғамға Геродот өмірінің соңғы жылдары туралы ешқандай ақпарат жетпеген. Дегенмен, әртүрлі аңызға сүйенер болсақ, ол Афина мен Спарта арасындағы саяси қақтығысқа қатысып, өзінің тарихи еңбегін жазуды жалғастырған. Өкінішке орай, «Тарих» еңбегі өз соңын таппаған. Сонымен қатар, оның барлық бөлігі бізге дейін жетпеген. Геродот 60 жыл өмір сүріп, шамамен б.з.б. 425 жылы өмірден озады.

Б.з.б. V ғасырда өмір сүрген Геродоттың тарихи жазбасы бізге дейін жеткен ежелгі дәуірдің ең көне ғылыми-зерттеу туындысы болып табылады. Ол тарихтың үнемі өзгеріп отыратын процесс күйінде болатынын дәлелдеп кеткен. Қазіргі тарихшылар үшін Геродот еңбегі көне дәуір елдері туралы баға жетпес тарихи жылнамалар мен оқиғалар жинағы болып саналады. 

Ұқсас жазбалар: 

Массагет энциклопедиясы. Аристотель

Британдық басылым Шыңғыс ханды қазақ деп атады

Ж. Өрісбай