Ақ аюлар неге солақай болады?

Ақ аюлар неге солақай болады?

«Солақай» және «оңқай» сөздері тек адамға қатысты қолданылмайды.

Мысалы, мысық текті жануарлардың көбі оңқай, тышқандардың 28%-ы солақай, 44%-ы оңқай, ал қалғаны амбидекстрлер. Бұл – екі қолы да бірдей дамығандар деген сөз. Ал солтүстіктің суығында тіршілік ететін ақ аюлардың бәрі солақай екен.

Әрине, жануарлардың адамдармен салыстыруға келетін қолы жоқ. Бірақ, эскимостардың аңыздарында ақ аюдың сол аяғы мықты болатыны туралы айтылады. Тіпті аңға шыққанда да соққыға жығатын сол аяғы екен.

Дегенмен, бұл ғылыми тұрғыдан расталмаған. Ғалымдар ақ аюдың екі аяғы да бірдей дамығанын айтады. Әйткенмен, Арктиканың қақаған суығында аю жылы жүнмен қапталмаған мұрнын оң аяғымен жауып жүруге дағдыланған. Сондықтан, басқа әрекетті сол аяғымен орындайтын болар.

Борсық, лемур, тотықұс пен ірі теңіз шаяны да табиғатынан солақай.

Тағы бір қызық дерек. Австриядағы Вена Университетіндегі бір топ этологтар (жануарлардың мінез-құлқын зерттейтін ғалымдар) сегізаяқтың сегіз бірдей аяғы болса да, ол үнемі біреуін ғана қолдануды жөн көретінін байқаған. Сеігзаяқтар белгісіз бір нысанның алдына келіп қалған кезде оны сол бір аяғымен түрткілеп көреді. 

Ж. Өрісбай