Әлемде бойы 25 сантиметрлік бұғы бар

Әлемде бойы 25 сантиметрлік бұғы бар

Әлемде ерекше жануарлар көптеп табылады. Ал мына бір түрі бәрінен де асып түскен сияқты. Сіз бұғылардың өсімдіктен басқа жәндіктерді жейтіні туралы есіткенсіз бе? Таң қалмасқа амал жоқ, мына жануар тропикалық орманда оғаш өмір салтын жүргізеді екен. Бұғының бойы бар-жоғы 20-25 см. Ал салмағы жарты килограммдай шығады.

Негізгі зоологиялық атауы – Канчиль. Жұптұяқтылармен туыс болғанымен, оның басында мүйізі жоқ. Оны кейде "бұғы-тышқан" деп те атайды. Бүгінгі күнде әлемде кончильдің бес түрі бар. Тек бір түрі ғана Африка құрлығында мекен етеді. Ол Африканың су кончилі (Hyemoschus aquaticus) деп аталады. Ал қалғандары Азиядағы туыстары: үлкен кончиль(Tragulus napu), кіші кончиль (Tragulus javanicus), қара түсті кончиль (Moschiola mennina) және Шри-Ланка кончилі (Moschiola kathygre). Негізгі мекендері – Малакка түбегі, Суматра және Калимантан аралдары. Соңғы аталған түрі үнді түбегін және Цейлон (Шри-Ланка) аралын мекендейді. Олар көбіне жартастарға жақын құрғақ ормандарда тіршілік етеді. Тысқа тек ымырт жабылғанда ғана шығып, қорегін іздейді екен.

Тропикалық өсімдіктердің жапырақтары, саңырауқұлақтар, қоңыздар, бақалар мен балықтарға дейін алдынан не шықса соны қорек ете береді. Олар, әсіресе, балықты көп аулап жейді. Оны жерде өмір сүретін сүтқоректі жануар десек те қателескен боламыз, себебі ол суда да өте жақсы жүзе алады. Суда қорегін тауып, сол жерде қауіп-қатерден сақтанады.

 Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.zoopicture.ru

Ж. Өрісбай