Жүргізушіден Президент болуға дейін

Жүргізушіден Президент болуға дейін

Венесуэла президенті Уго Чавес көзінің тірісінде мұрагер етіп белгілеген, Венесуэла елінің қазіргі уақытша президенті Николас Мадуро жайлы білгіңіз келе ме?!

6 наурыз күні Венесуэла президенті Уго Чавес Каракас ауруханасында көз жұмды. Оның өлімі Венесуэла халқын екіұдай жағдайға душар еткені белгілі. 1998 жылы таққа шығып, Венесуэланы социалистік елге айналдырғысы келген Чавестің арманы орындалмай кетті. 2011 жылдан бері қатерлі ісік ауруымен арпалысқан президент бар болғаны екі жыл ішінде төрт рет ота жасатты. Соңғы отаға кірер алдында өз өміріне төнген қауіптен сезіктенген ол: «Егер жаңа президент сайлауын өткізу қажеттігі туындаса, сіздер Николас Мадуроға дауыс беруге тиіссіздер!» деп өз жақтастарына сенім артқан еді.

Венесуэла конституциясының 233-бабы бойынша, президенттің міндетін уақытша вице-президент Николас Мадуро атқарды. Отыз күн ішінде президент сайлауын өткізу керек болған Мадуроның жақтастары көбейіп келе жатқан сыңайлы. Чавестің өсиеті бойынша Мадуро таққа отырса, оның міндетті түрде бұрынғы президенттің арманын орындауға барынша күш салатыны тағы белгілі.

Уго Чавестің сенімді серігі Николас Мадуро шынында да таңғажайып талантқа ие адам деп айтуға болады. Оның басты себебі, қарапайым жүргізушіден ел тізгінін ұстаған тұлғаға айналуында. Оның үстіне Чавестің оны президенттік таққа ұсынуы елдің оған деген қызығушылығын тіпті де арттырып жіберген болатын. Мадуроның мектептегі кластасы ол жайлы: «Ол басқаларға терең әсер қалдыра алатын адам. Оның қою қара мұрты мен мейірімді күлімсіреуінен тыс, кездескен адамын мойындата білетін шешендігі жұртты өзіне бірден баурайды» дейді.

Мадуроның әкесі жұмысшылар ұйымының мүшесі еді. Ал Мадуро мектепте оқып жүрген кезінде-ақ саясаткерлерге тән қабілеті мен тәуекелшіл мінезін таныта білген. Оқушылар ұйымының төрағасы сияқты міндеттерді атқара жүріп, Венесуэла еліндегі оқушылар құқығын қорғау қозғалыстарында даңқты болған.

Дегенмен, ол орта мектепті бітірмей жатып, Каракас метро компаниясында жолаушылар көлігінің жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Сонда жүріп жұмысшылар ұйымына кірген. Кейін, жұмысшылар ұйымының төрағасы міндетін атқарып, сұхбаттасу қабілетін жетілдірген. Оның осынау ерекшелігі ақыры саяси сахнаға көтерген.

Ол 1992 жылы әскери төңкеріс жасап, сәтсіздікке жолыққан «Чавесті құтқару» қозғалысына белсене қатысқан. Осы барыста ол Чавестің айналасындағылармен байланысын күшейтті. «Чавесті құтқару» қозғалысы кезінде қазіргі әйелімен танысады. Оның әйелі басқарған қорғаушылар ұйымы Чавесті түрмеден сәтті түрде алып шығады.

Чавес 1998 жылы үкіметті қолына алған соң Мадуроны өз жанына тартып, оған «Нағыз төңкерісші» деген атақ берген және саяси сахнадағы даулы мәселелерді шешуге жетекші етіп тағайындаған.

Америкалық әйгілі саясат ғылымының профессоры Грамус ол жайлы «Ол Венесуэла қоғамын бірлікке келтіру партиясындағы солшыл ұйымның өкілі болғанымен, қашан да өзге елдермен ынтымақтасу жолын ұстанады. Оның бұл ерекше талантының Венесуэла еліне қосқан үлесі шексіз. Венесуэла мен Колумбияның ынтымақтасуы және басқа да елдермен одақтасу дәл осы Мадуроның жобасы болатын» дейді. 

Автор: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек