Астананың үздік оқушылары Президентпен кездеседі

Астананың үздік оқушылары Президентпен кездеседі

Астанада ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биографиясынан оқушылар арасындағы конкурс өтеді. Бұл туралы қала әкімшілігінің сайтында хабарланған.

Сайтта жарияланған ақпарат бойынша, сайысқа 48 мектептің оқушылары қатысуға өтініш білдірген. Қазылар алқасы олардың ішінен үздік 20 мектепті іріктеп шықты. Қарашаның екінші жартысында бұл қатысушылар конкурстың финалдық бөлігінен өтетін болады. "Сайыс "Бәйге", "Тарихтағы ұлы тұлғалар", "Блиц-турнир", "Оратор" бөлімдерінен тұрады", - деді Астана әкімшілігінің білім беру басқармасының бастығы Әсима Бемендинова.

Жарыстың қорытындысы 20 қараша күні Астанадағы оқушылар сарайында көпке жария етіледі. "Бұндай конкурстар өскелең ұрпақтың көшбасшыға қандай қасиеттер керек болатындығын білуі үшін қажет", - делінген ақпаратта.

"Оқушылардың барлығы Тұңғыш Президенттің мұражайына келіп дайындалуда. Бұл жер оларға елбасымыздың жазбаларымен, сонымен қатар, ол кісі туралы жазылған көптеген кітаптармен танысуға мүмкіндік береді. Оқушылардың дайындығы өте жақсы. Тұңғыш Президентіміздің күнін мектептер алғаш рет тойлап жатыр. Бұл бір ерекше мейрам болып отыр", - деді Әсима Бимендина.

Айта кетелік, конкурс жеңімпаздары 1 желтоқсан күні Нұрсұлтан Назарбаевпен бетпе-бет кездесіп, сұхбат құратын болады.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: udp-rk.kz