Пәтер жалға берушінің әңгімесі

Пәтер жалға берушінің әңгімесі
Фото: ssfksa.com

Бірде ағайын болып келетін кісімен сапарлас болдым. Мінгеніміз жеңіл көлік, рөлде өзі, жол ұзақ. Бір күндік сапар болатын. Бұл кісі бірнеше жылдан бері пәтерші ұстайды екен. Жол қысқарсын деп әңгіме сұраймын. Сонда осы кәсіп туралы біраз жайтты әңгімелеп еді.

Көп жұрт «осыларға рахат, квартираны салып тастады, енді соның қызығын көруде, ақша деген сауылдап өзі келіп жатыр, жұмыс істемесе де болады» деп ойлайды. Өзіме де талай айтты. Білмеген соң айтады береді ғой. Әйтпесе пәтерші ұстау да оңай нәрсе емес. Кейде шаршатып жібереді.

Мен 6 пәтерші ұстаймын. Пәтердің кеңдігіне қарай 25-30 мың теңгеден аламын. Біреуі айдың басында кірген, келесі ортасында, үшіншісі соңына таман келді дегендей. Соған қарай ақшасы да әр уақытта төленеді. Ондай ақшаның берекесі болмайды. Оның үстіне пәтершінің бәрі ақшаны уақытында әкеп бере салмайды, кешіктіреді. Адамбыз ғой, жаның ашиды да үндемейсің.

Үндемейсің, артынан өкінесің. Өйткені, бір күні әлгі пәтершінің орнын ғана сипап қаласың. Сол, бір түнде көшіп кеткен, барсаң есігі ашық, қаңырап тұрады. Қайтуші едің, артынан іздеу салмайсың ғой, бір боқтайсың да қоясың.

Осы күні пәтерақыны қалай төлейтінін пәтерші көшіп кеп жатқанда-ақ білетін болдық. Түсіріп жатқан дүние-мүлкі тәуір, жаңа көрінсе, «ее, бұл уақытында төлейтін адам болды» деп қоям. Ал заттары өңшең ескі-құсқы бірдеңе болса, «мынау талай қанымызды ішкелі тұр ғой» деймін әйеліме. Киіз түсіріп жататындар да болады.

Мұнда ызаңды келтіретіні пәтершінің арақ ішкені ғой. Бірде үйге келсем әйелім бұрқылдап жүр. «Қарашы бұларды, басынды ғой әуелі! Үйдің артына көкке шығып жатыр». Әй, оңбағандар! Барып қарасам рас, екі пәтершім семьясымен көк майсаға көрпелерін төсеп, дастарханды жайып тастаған. Мені көріп, «Аға келіңіз, отырыңыз» деп қояды. «Өй, айналайын, мыналарың не?» «Ренжімеңіз, өзіңізге айтайық деп едік үйде болмадыңыз. Баламның туған күні еді» дейді біреуі. Ұрсуға әйелдерінен ұялдым. Үйге келіп «Бүгінше отыра берсінші, енді қайталамайтын болды» дедім әйеліме. Артынан бұлар жан-жаққа звондап, дарылдап сөйлеп, ән айта бастады. Бағана қуып жібермегеніме өкіндім.   

Қазір жаңа пәтерші келгенде бірден айтам: «Мұнда арақ ішпейсің, ішкің келе ме, кафеге бар».

Пәтершілермен қарым-қатынастың дұрыс болғаны жақсы, әрине. Бірақ тым аралас-құралас болып кетуге де болмайды, басыңа шығып алады. Не болса соны сұрағыштап келуі көбейеді. Ондайлар ақшаны кешіктірсе де ұрсуға ұяласың.   

Пәтершің көп болған сайын, проблема да көп. Осы күні квартиранттың бәрінде машина бар, оны қоятын жер керек. Баяғыда өзіміз де пәтер жалдап тұрдық. Көп таңдамайтынбыз, алғаш кезіккеніне кіре салушы едік. Осы күні бәрі суы ішінде ме, кіржуғыш қосуға мүмкіндік бар ма деп сұрайды. Соған қарай тұрып жатқан жерін күтіп ұстаса ғой. Бір пәтерші кірген бөлмеге ұзартқыштың сымын шығарам деп бүп-бүтін тұрған есіктің астыңғы жағын пышақпен ойып алып тастапты. Көшіп кеткен соң бір-ақ көрдім. Қалай күймейсің, енді айтшы.

Қақ-соқпен жұмысы жоқ, тыныш қана жұмысына барып-келетін, жақсы адамдар да бар енді. Кейбір пәтерші кірерде кішігірім ремонт жасап жатқанын көріп риза боп қаласың. Жаңа айттым ғой, пәтерші көп болса, проблема да көп. Салығың бар, газға, жарыққа, қоқысқа төлейтінің бар. Қонағы да, у-шуы да көбейеді. Қазір бұзып, кең-кең 3-4 пәтер ғана салсам деп ойлап жүрмін...

Саян Бекжігіт
jaqsy.kz 



Подробнее:http://vesti.kz/profi/226083/
Любое использование материалов сайта допускается только при наличии активной ссылки на Vesti.kz

@. @assel_assanova