Әскери өмір - куәгер көзімен

Әскери өмір - куәгер көзімен

Бүгін сіздерге ҚазНеттің, оның ішінде туиттердің белді қолданушысы, бағдарламашы, блогшы, қазіргі таңда http://sheber.net блогының авторы Елдар Құдайбергенұлымен сұхбатты ұсынбақшымын. Осыдан бір жыл бұрын, ол Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанып, тіпті сол жақтан да туиттерге жазуын тоқтатпаған. Әскери өмірдің қыр-сыры жайлы ой бөлісу үшін туиттер «жазушыны» сұхбатқа тарттық.

Әңгіме туиттерден басталған екен, енді сол туиттерге жазу мүмкіндігіне қалай қол жеткіздің? Содан бастасақ.

Негізі әскерде ұялы телефон ұстауға болмайды. Әсіресе ұрыс жаттығуларында. Ұялы телефон тек ротада болады. Бірақ көбіне шартпен істеп жүргендерде. Сұрасаң, көбіне береді. Аға сарбаздардың (старослужащий) кейбірінде болады. Чипті тығып ұстап жүресің. Менің негізі мамандығым бағдарламашы болғандықтан, компьютерге байланысты жұмыстарды да атқарып тұрдым. Интернетті орнату және т.б. жұмыстар жасап жатқанда туиттерге жазбалар жазып отырдым. Соңғы кетер кезде өзімнің ұялы телефоным болды. Сол кезде туиттерде қатты белсенді болдым, тіпті блог та жүргізіп жүрдім.

Туиттерде көбіне сондай позитивті көңіл-күймен жаздың. Сондай бәрі керемет болды ма?

Бұл менің өзімнің шеберлігім шығар. Өйткені әрдайым позитивті көңіл-күй болған жоқ. Туиттердегі бастапқы кезді оқысаң, таңданысы көп жазбалар болды. Өйткені бара салғанда бәрі таңсық, бәрі ұнап жүреді. Үйге хат жазғанда да ішіңдегі бар эмоцияңды жазуға тырысасың, эмоция көбіне таңданысы көп, жақсы болады. Бір жағынан осында бәрі керемет деген сияқты жазбаларды жазуға тырыстым. Сөйтіп, күндер көзді-ашып жұмғанша өте шықты. Бір күні аға сарбаздар кетіп жатқанын байқайсың, нағыз өмір басталады. Байқасаң, 7-8 айларда жазбаларым біраз құрғақ болып кетті.

Қандай нағыз өмір?

Кәдімгідей нағыз өмір. Мысалы, мен өзім адамның бүкіл өмірі мен бір жылдық әскерді салыстырып, аналогия жасадым. Мысалы, алғаш келіп, «оқу курсына» түсесің, 1 ай сені мәпелеп-өсіреді, бұны 3 күнде Перзентханада жатумен сәйкестендіруге болады. Одан кейін ант қабылдайсың, басқа ротаға түсесің, ұрыс қызметтеріне дайындық басталады. Бұны баланың университетке түсіп, үлкен өмірге аяқ басуы деп қабылдауға болады. Біздің аға сарбаздар үшін бұл бір балалы болған сияқты. Ал сен әлі саруыз балапандай бәрі таңсық, үлкендерді тыңдап жүресің. Ал кейін сол «әкеңдей» болған аға сарбаздар кете бастағанда, олар бір қайтыс болғандай қимай қаласың. Аға сарбаздар қаншалықты саған қатаң қараса да оларға бауыр басып, кетер кезінде қатты қиналасың. Кеткен соң, үлкен өмірге кәдімгідей аяқ басасың, бәрі бірдей, не істеп үлгересің – сонымен үйіңе кетесің. Бұл кезде тағы «молодойлар», яғни жас сарбаздар келеді, оларды үйретесің, бұйрық беріп, жүгіртіп дегендей...

Сөздеріңе қарасақ, аға сарбаздардың жаман жақтарымен қатар, жақсы жақтары да бар сияқты ғой?

Мен өз басым жаман жағын көрдім деп айта алмаймын. Бірақ, мына сұхбатты оқып отырғандар ойлап қалар, бәрі соншалықты керемет деп. Қағаз жүзінде «Дедовщина» деген жоқ, жарғы бар. Офицерлер жарғымен жұмыс істейді, нұсқаулықтар береді. Бұрын мен «Сержант» деген кім, «Офицер» деген кім, ештеңе білмейтінмін. Барған соң олардың арасы жермен көктей екенін, жалпы көп нәрсе білдім.

Әскерге дейін әскермен еш байланысы жоқ салада жұмыс істеп жүрдің. Неге аяқ асты әскерге барамын деп шештің? Жай ғана қызығушылық па?

Негізі менде әскерге деген қызығушылық баяғыдан бар еді. Колледже оқып жүріп, достарыма «Мен әскерге барамын» деп айтатынмын. Олар ешқайсы барғысы келмейтін. Мен жай барамын деп айтамын да, бірақ нақты баратыным-бармайтыным белгісіз еді. Бәрі «автостоптан» басталды. Бір жолсерік тауып, жол көліктерімен ғана Мәскеуге барамыз деген ой келді. Сөйтіп, жолға шығып, жете алмай, үйге қайтып келдім. Солай жиналып, шыққан соң жетпей, үйге қайту біраз көңіл-күйімді түсірді. Поезда келе жатқанда бір кітап оқыдым. Автор әскердегі қызық әңгімелерімен бөлісіпті, сол кезде ойыма әскерге кету келді. Үйге келдім де, әскерге кетемін дедім. Сөйтіп, оқуды да тастадым, жұмыстан да шығып кеттім, медициналық тексерістен өтіп, аяқ-асты әскерге кетіп қалдым.

Әскердегі тұрмыс қалай?

Тұрмыс жақсы. Дүйсенбі сайын моншаға түсесің. Моншаға түскенде сырт киімдеріңнен басқа барлық киімдеріңді ауыстырасың. Оны өзің кешке жуып алсаң болады, үтіктеп, тігіп деген сияқты... Кешке 20:00-21:20-ға дейін уақытың болады, сонда киімдеріңді жуып, өзіңе арнасаң болады.

Әскерге бару, не бармау жайлы ойланып жүрген жастарға не айтар едің?

Жалпы айтсам, бар дер едім. Бұрынғыдай соғысқа аттанып кететін заман емес қой, барып, қайтпай қалады деп қорқатын. Қазір де енді жаңалықтарда әскерден өлі денелері қайтқан сарбаздарды көрсетіп жатады. Соған қарап ата-аналар қатты қорқып қалады. Негізінде, жаңалықтар әрдайым жаман жақты көрсетеді ғой. Бір жағынан адамның ниеті болуы керек. Барамын, соңына дейін өтемін деп барса уақыттың қалай өткені білінбей, жақсы қызмет етіп келеді. Ал егер ешқандай ниет жоқ болса бармаған дұрыс.

Сөздеріңе қарасақ, ешкім таяқ жемейтін, рахат өмір сүретін сияқты ғой...

Әскерге барып-келгендерің ешқайсы таяқ жемедім деп айтпайды. Таяқ жейді, бірақ сол таяқты өздері тілеп алады ғой. Мен де барған кезде "ойбай, мен тәртіпті сарбаз боламын" деп барғанмын. Бірақ ондай болып жүру ішпыстырарлық екен. Әскердің қызығы да сол ғой – таяқ жеу, жегізу. Бірақ онда ешкім өлтіріп сабамайды. Өзің құтырып кетесің де, ананың көзіне бір түсіп, мынаның көзіне бір түсіп «Ескерту» сияқты бір таяқ жеп аласың да жақсы болып жүресің. (күлді)


Әскерде адамның мінезі өзіне қалай әсер етеді? Мысалы, дене бітімі кішілеу, ұяңдық кері әсерін тигізе ме?

Мен өзім де алып бара жатқан мықты емеспін. Бастапқыда, осы әскерге барып, жаттығып, үш уақыт тамақтанып, толып шығамын ба деген ой да болды. Бірақ менің «конституциям» сондай ғой деймін, аса толмадым. Бірақ ұяң, тып-тыныш балалар болса еш әсер етпейді. Табиғатынан байқалмайтын адамдар болады. Мысалы, біз көбіне күзеттен кейін келіп, демаламыз. Ал кейде сондай балалар өздері бармай, ұйықтап қалады. Оларды ешкім байқамайды, іздемейді де. Тып-тыныш жүретін жігіттер өмірде де кездеседі ғой, әскерде де қалай жүрді, солай жүре береді. Әр адамның аурасы бар ғой. Менің аурам өте білінетін сияқты, мінезім, ашықтығым сыртқа шығып тұрады. Сондықтан, өзімді білдіртіп қоямын. Кейде сол үшін байланысып қалған кездерім де болды. Ал тып-тыныш, ешкімде шаруасы жоқ болып жүрсе, өзінен-өзі келіп, оған ешкім тиіспейді. Сосын тағы «Тоқылдақ» дегендер де бар, оларға ешкім тиіспейді. Өйткені оның тоқылдақ екенін біледі де, жақындамауға тырысады. Бір жағынан бұл бір қызықсыз сияқты. Ал егер психикасы шайқалған болса, оны материалды-техникалық қызмет көрсету ротасы бар, ремонт, анау-мынау ұсақ-түйектерді жасатады, ал ұрыс жаттығуларына шығармайды.

Қазіргі кезде әскерге бару сәнге айналған ба? Бұрынырақта жаппай әскерге аттану байқалмайтын еді. Пиар қайдан басталды?

Шын айтсам білмедім. Менің өзімнің ағам әскерге барып келген. Ол маған ылғи: «Сен әскерге бармайынша маған кішкене бала болып жүре бересің» дейтін. Содан кейін өзім де әскерге барған және бармаған адамдарды салыстырып көрдім. Барған адамдар шынымен есейіп келетін сияқты. Өмірге тез бейімделеді, болашағын ойластырып, қадамдар жасай бастайды. Ал әскерге бармағандар уақыттың ағымымен жүре беруді қалайтын сияқты. Бұл жағынан әскерге барудың пайдасы бар деп ойлаймын. Әскердің ең басты міндеттерінің бірі патриоттыққа тәрбиелеу ғой. Күнде патриоттық жайлы лекциялар жүреді. Әсіресе Бауыржан Момышұлы әскерде ұлы тұлға. Соның сөздерімен, айтқандарымен сабақ оқисың. Әнұран айтасың деген сияқты. Бұл да адамға әсер етеді. Мінез қалыптастырады. Мысалы, бұрын қандайда бір таныстарымның көңіліне қарап, ұнамайтын жұмыстарына «иә» деп көңілшектеу болатынмын, ал қазір «жоқ» деп, қаталдау болуды үйрендім. Өмірді ойын деп қарасақ, сол ойынның ережелерін үйреніп келесің. Жалпы тоқитын адам миына бірнәрсе тоқып шығады. Әртүрлі адамдар болады ғой, көбінесе әскерге бұзық балалар барады. Әйбат балалар өте сирек барады. Мысалы, сенің постарыңа коммент жазатын балалар бармайды әскерге.(күлді)

Дін мәселесі қалай шешілген?

Бәрі шешіліп қойған. Әскерде дін жоқ. Ешқандай сақал, мұрт қою деген жоқ, намаз оқымайсың, уағыз айтпайсың. Жай, балалармен әңгімелескен кезде сондай әңгімелер болмаса. Мысалы, діннен сауаты бар жігіттерден татуировка туралы сұрадым. Олар татуировка салуға болмайтынын айтты. Сондықтан татуировка жасатудан бас тарттым.

Сен ішкі әскер қызметінде борышынды атқардың. Олардың міндетіне не кіреді?

Ішкі тәртіпті қадағалау, қоғамдық орындардың қауіпсіздігін қадағалау, табиғи апаттарда тұрғындарға көмектесу.

Жақында шекарада 14 сарбаздың өлімі жайлы жаңалық елімізді дүр сілкіндірді. Олардың өлімін Владимир Челах өз мойнына алғанын бәрі біледі. Жалпы Челахтың кінәлі екеніне сенесің бе? Бір жігіттің қолынан келді деп ойлайсың ба?

Осы оқиғаны естіп өзімді сол Челахтың орнына қойып көрдім. Бір сарбаздың соншама адамды қырып салғанын елестете алмадым, сондықтан Челахтың кінәлі екеніне сене алмаймын. Прокуратураның Youtube-ке салған видеолары да "мың рет" кесілген апамның құрақ көрпесіне ұқсайды. Апам көрпені өзіне ұнайтындай етіп құрайды, сол сияқты прокуратура солай құраған ба деген ой бар.

Енді әскерден соң алға жоспарларың қандай?

«Гражданкаға» бір айдай қалғанда түнімен 3-4 рет үйге «барып-қайтасың». Жоспар көп болады. Ал келген соң біраз бостандықты сезінесің бе, ештеңеге құлқың болмай қалады екен. Ротадағы қатаң тәртіпке, ылғи жаныңда көп адам жүретіндігіне үйреніп қалғандықтан, одан да безінуге тура келеді. Ағаларым анда-мында жұмыс жайлы ұсыныстар жасап жатыр. Бірақ мен Интернетке үйренген адаммын ғой, соны жағаласам деген ниеттемін, сонымен қатар арманым – радио.

Жақсы, сұхбатыңа рахмет! Алдағы өмірде сәттіліктер тілеймін!

Суреттер: Елдар Құдайбергеннің жеке архивінен

Сұхбаттасқан: Анар Мұстафина

A. Mustafina