Мысыр мәмлүктері қай тілде сөйлеген

Мысыр мәмлүктері қай тілде сөйлеген

Қыпшақ даласының бір түп жусан иісін ғұмыр бойы аңсап өткен көшпенді түрік тұқымы, Мысыр мәмлүгі Бейбарыс сұлтанды білмейтін қазақ аз шығар. Ислам дінінің адал қорғаны болып, крест жорығын жеңіспен аяқтап, тіпті, жер-әлемді тасқын судай жайпаған Шыңғысхан тұқымдарының бетін қайырған мәмлүк қосыны қай тілде сөйлеген деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Төменде зерттеуші Серік Пірназардың танымдық мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Қазіргі заманғы тарих ғылымы Мысыр (Египет) мәмлүктерінің этностық тегі жөнінде әлі бір түйінді пікірге келе қойған жоқ. Бұл тақырып төңірегіндегі көзқарастар ауқымы өте кең. Әр түрлі мәнбелерде бір текті мәмлүкті түрік, қыпшақ, грузин, черкес, грек, византиялық деп танушылық жиі кездеседі. Олай болатыны, орта ғасырлардағы Шығыста «мәмлүк» (мамлюк, мамелюк), «ғұлам» (гулям), «тұрышқа» (турушка) атаулы тұтқын құлдардан тұратын жалдамалы әскерлер ұстаған елдер жеткілікті еді. Осы ретте мәмлүктердің генезисін анықтау үшін олардың тарихи, антропономикалық және лингвистикалық деректеріне жүгінген ләзім. Енді сол дәуірлерде шығыстық үлгідегі жаужүрек сарбаздар қосындарының негізінен түркілерден құралғанын еске алсақ, олардың шежіресіне қысқаша шолу жасап өткен артық болмайды.

Ең алдымен тарихтың қатпар қойнауларына тереңдете көз жүгіртсек, жалдамалылардың Шығыс пен Батыста біз сөз етіп отырған мәмлүктерден көп бұрын пайда болғанын байқар едік. Жауынгер көшпелі тайпаларға бірінші болып Қытай әулеттері, Батыс Рим империясы мен Персия назар аударды. Түркі халықтары өкілдерінің әскерлері мен жасақтары солай пайда болды. Қытайдың шекаралық сарбаздарын ғұндар құрады. Жалдамалы түркілер, бұлғарлар мен савирлар парсылар мен византиялықтар арасындағы соғыстарға екі жақтың да атынан қатысты. Бұлғарлар мен хазарлардан шыққан бұл қаруластар араб елдерінде – ғұлам, құл, Византияда катафрактария деп аталды. Орта ғасырлық дәуірде печенегтер мен қыпшақтар жасақтары Византия мен Венгрияда қызмет етті. Бұдан басқа, Киев Русінде – торктер, берендейлер, қара қалпақтар (черные клобукилер), ковуйлер (көп үйлілер) мен «жабайы» половецтер (кумандар, қыпшақтар), Венгрия мен Болгарияда – печенегтер, половецтер мен астар, Грузияда қыпшақтар мен аландар осы қызметті атқарды. Туған «эльдерінен» (елдерінен) жырақ қалған олар ұзақ уақыттар бойы, ХҮІ ғасырдың басына дейін ана тілдері мен салт-дәстүрлерін жадтарынан шығара қоймады. Ал Алтын Орданың құлауымен бірге құман-қыпшақ тайпалар одағы біржола ыдырап тынды. Айта кету керек, Түстік-Шығыс Еуропаны көптен мекен етіп келген құман-қыпшақтар немесе половецтер моңғолдар шапқыншылығына дейін-ақ осындағы өздеріне туыс бұлғар, хазар, алан, печенег, ас, торк секілді түркі тілдес оғыз тайпаларымен бір этникалық одаққа бірігуге көшкен болатын. Бұл кезең половец тайпалары батыс одағының қалыптаса бастаған уақытымен тұспа-тұс келеді.

Осы шақырылып әкелінген легиондардың жат жерлерде орнығып алғаннан кейін, билікті күшпен тартып алып, мұнда өз тәртіптерін орнатқан кездері де аз болған жоқ. Мұның мысалдарын Қытай империясының – Тан, Персияның – Сефевкид, Қараханид және Афшар, Араб халифатының – түркі мәмлүктері, Үндістанның тұрышқа мәмлүктері, Ауғанстанның мәмлүктер кезіндегі Газневи династиялары дәуірлерінде құрған үстемдіктерінен көрер едік. Бұдан бөлек, олар Грузия, Венгрия, Византия және Русь елдерінде тақ иелерінің жеке гвардияларын түзді. Бұл әскери құрылымдар тағдырларында даңқты беттер де, қаралы парақтар да жеткілікті. Олар Бенгалиядан Мысырға дейінгі аралықта ксенократты мемлекеттер құрып, мұсылмандар әлемін крест (әжі) жорығынан талай мәрте қорғап қалды, қылыштарының жүздерімен Үнді жеріне ислам дінінің ұрығын әкеліп септі. Мәселен, Мысыр мәмлүктері 1244 жылы сұлтан Бейбарыстың қолбасшылығымен крестшілер мен сириялық билеушілер әскерлеріне күйрете соққы берді. Олар 1250 жылы Айюбидтер әулетін тақтан тайдырып, сұлтандар династиясының негізін қалады. Бұл билік 1516-1517 жылдары Осман империясы жаулап алғанға дейінгі үш ғасырға жуық уақыт бойы Мысыр мемлекетін емін-еркін билеп-төстеді.

Кезінде Араб халифаты өзінің Шығыстағы ықпалын жоғалта бастағасын кезінде түркілер мен берберлерден тұратын жалдамалы жауынгерлердің тұрақты гвардиясын құруға мәжбүр болған еді. Артынша аталмыш гвардия далалық «құлдармен» толықтырылды. Араб елдерінде олардың аттары «гулям» деген атаумен танылды. Гвардияшылар 865 жылы билікке мықтап құрық салды. Он жылдың ішінде олар төрт халифты ауыстырды. Бұл жайында белгілі түрколог Лев Гумилев: «Барлық мұсылмандар халифы түрік ғұламдарынсыз бір сағат та билікті ұстап тұра алмады, ал олар халифтың ықыласынсыз жат елде үстемдік жасай алмас еді», – деп жазды. Халиф Мутасимнің арқасында түркі текті мәмлүк Ахмат ибн-Тұлын Мысырда наместник болды. Ол 869 жылы Сирия мен Палестинаны өзіне қосып алды. Дәл сол уақытта Мутасим құлдар базарларындағы барлық еріксіздерді сатып алып, өзінің ғұламдар гвардиясын нығайтып жатқан еді. Фатимидтер әулеті тұсында Мысыр жауынгерлері ақ және қара мәмлүктерден құралды. Оңтүстік орыс далаларынан, қазақ жері мен Кавказдың етегінен шыққан түркі тілді мәмлүктер Ніл өзені бойындағы Ар-Руад (Аль-Бахр) аралында бірігіп, өздерін «бахриттер» деп атады. Ал «бүржиттер» атанған судандықтар мен берберлер цитаделі Каир қаласына қоныс тепті. Осы кезде тарихи отандарынан алыстап қалған мәмлүктер этникалық белгілері бойынша топтаса бастады. 1051 жылы халиф Хәкімнің жеке гвардиясы мен түркі текті мәмлүктер арасында қақтығыс бұрқ ете қалды. Олардың күресі 1062 жылға дейін созылды. Осы жолғы шайқаста мәмлүк-бахриттер судандық негрлердің тас-талқанын шығарды. Сол уақыттан бастап халифаттағы бүкіл билік іс жүзінде мәмлүк-бахриттердің қолдарына көшті.

Үш ғасырдай мерзімге созылған тәуелсіз мәмлүктер билігі шеңберінде сұлтандардың екі түрлі жүйесі айқындалып шықты. Оларды алғашқы казармасы Аль-Бахр аралында орналасқандықтан, Бахр сұлтандары атанған әулет пен Каир шаһарындағы Аль-Бурдж цитаделін жайлағандықтан, Бүржит сұлтандары деген ат алған Қалауынның гвардиясы құрады. Бұлардың алғашқысы 12501-1382 жылдар аралығында, соңғысы 1382-1517 жылдар аумағында билік тізгінін ұстады. Бахриттер арасында билікті мұрагерлік жолымен қалдыру ұстанымы сақталса, буржиттер бұған рұқсат еткен жоқ, мұның орнына көнетүркілік сеньорат жүйесіне ұқсас үрдіс қалыптастырды. Осы соңғы гвардияның алғашқы жасақтарын сұлтан Бейбарыстың Қырымдағы Солхаттан (қазіргі – Судак қаласы) шыққан ізбасары Қалауын жасақтады. Осылардың бәрін екшей келгенде, бахриттер мен бүржиттерді батыс және шығыс түркі халықтарының өкілдері ретінде қарастыруға да болатын сияқты.

baq.kz

Жалғасы бар

А. Оралқызы