Нобель сыйлығы қалай пайда болды?

Нобель сыйлығы қалай пайда болды?
Фото: collections.countway.harvard.edu

1890 жылы швед кәсіпкері Альфред Нобель өркениеттің дамуына ғылыми тұрғыдан үлес қосатын ғалымдарға арнайы сыйақы тағайындауды ұсынады. Белгілі математик өмірінің соңына қарай бар табысын ұрпағына мұра етіп қалдырмай, сыйақы қорына бөледі. Ал қаржының ағымы Стокгольмдегі ғылым Академиясының еншісіне беріледі.

Альфред Нобель динамитті ойлап тапқан. Оның ойынша, мұраға қалған үлкен байлық адамды азғырып жібереді. Алфред өзінің соңғы өсиетін 1895 жылдың 27 қарашасында жазып қалдырады. Ал өсиетнама 1897 жылдың қаңтар айында ашылып, оның ішіндегі мұраның бөлінуі туралы мәлімет белгілі болады. Альфредтің туысқандары бар байлықтың кішкентай бөлігін ғана иемденеді. Ал негізгі қаржы теңдей беске бөлініп, физика, химия, физиология мен медицина, сонымен қатар, әдебиет салаларының майталмандарына жыл сайын беріліп отыруын жазады. Ал бесінші бөлігі халықтардың бірлігі үшін (бейбітшілік) әрекет еткен тұлғаларға берілуін негіздеген болатын. Кейіннен швед банкінің басшылығымен экономика саласының білгірлеріне де сыйақы табысталуы жолға қойылады. Бүгінде Нобель сыйлығы алты бағытта беріледі.

Нобель өсиетнамада сыйақыға үміткер тұлғаның ұлты маңызды емес екенін дәйектеп кеткен. Нақтырақ айтатын болсақ, сыйлықты ең лайықты ғалым немесе саяси тұлға алуын мақсат етті. Нобельдің байлығы сарапқа салынған кезде, оның мұрасы сол кездегі есеп бойынша 30 миллион швед кронына тең болған. Мұраның бір миллионы туыстарына, ал 500 мыңы достары мен қызметкерлеріне беріледі. Ал қалған сома швед ғылым академиясына табысталады.

1900 жылдың 20 маусымында Швеция королі қорды негіздеу қаулысын жариялайды. Қаржы өз құнын жоғалтпау үшін мақсатты кәсіп орындар мен мемлекеттік облигацияларға бағытталады. Одан түскен табыс жыл сайынғы сыйақының берілуін қамтамасыз етіп отырады.

Ресми марапаттау кеші Альфред Нобель өмірден озған күні (10 желтоқсан) беріледі. Алғашқы Нобель сыйлығын 1901 жылы неміс физигі В. Рентген иемденген. Бүгінде жалпы 896 тұлға Нобель сыйлығын алып үлгеріпті. Оның ішінде АҚШ азаматтары 314 болса, ұлыбританиялықтардың саны – 106. Соңғы статистикалық рейтинг бойынша, үшінші және төртінші орындарды Германия (91) мен Франция (55) елдері иемденсе, ал бестікке Швеция елі өзінің 30 белгілі тұлғасымен еніп отыр.

Қоғамда Нобель сыйлығының математиктерге берілмеу себебі туралы әртүрлі аңыз қалыптасқан. Расында оның бәрі ойдан құрастырылған. Шындығында Альфред Нобельдің әйелі болмаған және оның сүйікті жарын ешкім де (математик) тартып алып кетпеген. Нобельдің пайымдауынша, ашылған жаңалық адам баласына пайдасы тиетін болуы керек. Ал Нобель өзі математик болғандықтан, бұл ғылымды абстрактты деп санаған екен. Одан бөлек, өзі ойлап тапқан динамидтің адамға тиер пайдасынан зияны артып кеткендігі осындай шешімнің қабылдануына негізгі түрткі болған болуы бек мүмкін.

Ж. Өрісбай