Қазақтың сүйегіне сіңген мінездері

Қазақтың сүйегіне сіңген мінездері

                                   Сүтпен біткен мінез - сүйекпен кетеді.

Шортанбай Қанайұлы

 

  Қазақ турасында яки болмаса ұлттың ұлтқа тән қасиеттері жөнінде әңгіме қозғай отырып, Абайдың сөздерін, пәлсапалық ой формулаларын тілге тиек етпеу қазақ үшін күнә, ұлт үшін ұят- ау шамасы. Күнәға батпауым үшін дүйім бір ұлтқа ұятты болмауым үшін Ибраһимнің именбей айтқан ойларын жазбама тұздық етіп көрсем.

''Ақынды дана, рахымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетіне жан берген: сөздің сырын сырлап, ішін түрлеген, өлеңінен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді. ''Өнер тап, оқы, харакет қыл, тәрбие ал, ынсапты адам бол'', - деп қақсап өткен Абай еді. ''Халықтың қамын же, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет'', - деген Абай болатын...  Бұл сөздерді менің ұртымнан шыққан деп қалған шығарсыздар, ұртымнан шыққаны рас, бірақ ойымнан емес. Абайға оң бағасын берген, жоғарыда оқылған ойдың авторы, психологияның жілік майын шаққан Жүсіпбек Аймауытов болатын. Расында, Абай айтқан әрбір сөз қазақ үшін көшедегі бағдаршам іспетті. Қарапайым көлік жүргізушісі бағдаршамның бағытын бағамдап, соның нұсқаулығымен көлігін тізгіндесе, ал қазақ Абайдың сөзін жанына жалау етіп, тұшымды ойын санасына бекітсе қанекей. Кей жүргізушілер бағдаршамды елемей, сәулеленген түсіне иланбай өте шығады. Кей қазақтарда көшедегі жүргізушілер секілді Абайдың даналығының даралығын біле тұра, көзден таса, көңілден алыс ұстайды. Бұл қазақтың надандығы...

     Хакім Абай отыз тоғызыншы қара сөзінде былай деп ой сабақтайды: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен...Сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді».

    Абай сілтеме еткен ата-бабамыздың екі артық мінезінің бірі - бір көсемге бағынып, дүйім елдің көсегесін көгерту. Ал екінші мінезі- намысқойлық.  

«...Ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» деп Абай  бірінші мінезді сипаттай отырып, қалың қазақтың жік-жікке бөлінуін, «бас-басына би болған өңкей қиқымын» тайға таңба басқандай айшықталып тұратын қазақтың бір олқылығы деп дөп басып айтады. Абай заманында бөлінген қазақ, әлі де сол бетінен қайтпақ емес. Мәселен, жерге, сосын руға, тіпті оқу орынының өзіне де, оның ішінен факультетке, факультеттің ішінен топқа, ал топтың ішінен «араласатын» және «араласпайтын» болып бөлінетін не сұмдық десеңші.   

     «Екінші мінезі - намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп, «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы - пейіл емес, алдау, дұшпандығы - кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық» деп Абай отыз тоғызыншы қара сөзін тәмамдайды. Оқырманға ой салады, сауал тастайды. Мінезіміздің ұсақталып бара жатқандығын бағамдайды. Философиялық қырымен тұжырымдайды. Аққудың көкке, шаянның шөлге, шортанның көлге тартатындығын тәптіштейді.    

   Абайдың өмір жолын оқырман қауымға бір арнада тоғыстарған Мұхтар Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласында былай дейді: «Бірлікшілміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер табыла қоймас, алты бақандық, қазан бұзарлыққа мақтансақ, мақтанайық. Сөйтіп, ұсақтап келіп, жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл-үйдің малын ұрлауда қалды. Бұрынғы билердің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды»  

    Қазақ мінезі турасындағы, қос алыптың ойы осыған саяды. Ой сабақтастығы көзге ұрынып-ақ тұр. Уақыт өзгергенімен қазақтың мінезі сол қалпы. «Баяғы жартас бір жартас».

     Өзгелерге өзімізді қазақ деп таныстырсақ, кей жандар таңырқай қарайды. Бет-әлпетімізге емес, қонақжайлығымызға.  Қазақтың бұл мінезі яки қасиеті турасында көпті көрген ақсақалмен тілдескен болатынмын. Атын айтып, затын айшықтауымды өзі қаламады. Бастысы, ақсақалдың сүбелі сөзі, тұшымды ойы болатын. 

«Қазақтың қонақжайлығын көбісі қанына сіңген қасиеті дейді. Өзімнің өмірлік жолымнан алған жағдаяттарды сабақ ете, қазақтың қонақжайлылығы неден деген сұрағына жауабымды беріп көрейін. Жастайымнан қалада күн кештім, қоғаммен етене араластым. Араласып жүріп, білместікпен алаяқтық жасадым. Заңға қайшы әрекеттерді өзімнің жаныма жат көрмедім. Сонымен не керек, тұрғылықты жерімнен ат-тонымды ала қашу керек болды. «Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» деп зар-еңіреп жылаған кезім де  жоқ емес. Жанның тәттілігі соншалық, адам аяғы баспайтын бір жайлауға ат басын бұрдым. Азын-аулақ шарушалық иесінің қойын бақтым. Талай жыл шопан болып, азаттықтың ақ таңын өткеріп жүрдім. Көз алдыңа елестет. Жапан дала, қолында таяқ, жолында қой. Адам атаулының бірі жоқ. Адамды көру арман. Күндерім осылай зулап өтіп жатады. Дәл сондай күннің бірінде көзім алыстағы көлікті шалды. Қырдан ылдиға қарай бағыт алған көлікті көргенімде, өзімді қоярға жер таппай шаттанғаным бар. Әлгі көліктің ішіндегі екі қазақ жігітті көргенімде, тілім байланып та қалды. Дереу жөн сұрасып, тігілген 6 қанатты киіз үйдің төріне топ ете түсірдім. Айлап адам көрмегенімді айтып, әңгіме-дүкен құруға шақырдым. Дастархан жайып, құдай қонақтарыма ет ұсындым. Сондағы менің түсінгенім, байырғы көшпенді ата-бабамыз айлап яки болмаса жылдап  туған-туыстарынан өзге адам көрмей, жапан далада бір күйіз үйдің ішін мекен етеді. Ал егер мен секілді, өтіп бара жатқан жолаушыны көрсе, құдай қонақ қылып сыйлап, қонақ кәдесін сұрап, қызығына бір батады. Бұдан шығатын мораль- қазақты қонақжай еткен ол табиғат, орын тепкен ортасы», - деп ойын қорытындылады ақсақал.       

    «Қазақ ойласа - ойдың көсемі, сөйлесе - қызыл тілдің шешені, ұстаса -қашағанның ұзын құрығы, қиып алған жас орманның сырығы» деп зар заман ақыны Қазтуған қазақтың өне-бойындағы мінез-құлқын, қасиетін сипаттайды. Қазақ деген халық барда, қазақтың мінезі туралы әңгіме таусылмақ емес. Таусылмасын деңіз.     

Автор: Руслан Өтепбай

Сурет: stihi.ru

М. Оңғарова