Астероид, метеор, метеорит, метеороид – айырмашылық неде?

Астероид, метеор, метеорит, метеороид – айырмашылық неде?

Соңғы уақытта "астероид", "метеор", "метеорит", "метеороид", "болид" деген сөздерді жиі айта бастадық. Себеп те жоқ емес. Себептен бұрын, аталған сөздерді синоним ретінде қаншалықты дұрыс қарастырып жүрміз? Ондай болса, қандай айырмашылықтар бар екен? Осылар туралы әңгіме өрбітеміз.

Астероид (ежелгі грек тілінде ἀστεροειδής - "жұлдыз іспетті") деп салыстырмалы түрде ғарыштық обьектіні айтады. Ара-тұра оларды кіші планеталардың қатарына жатқызып жататындар бар. Бірақ олардың планетамен салыстыруға келмейтін кіші көлемдерін есепке ала отырып, соңғы уақыттарда "ғарыштық қалдықтар" деген ат жиі қолданылып жүр.

Бүгінгі таңда Күн айналасында миллиондаған астероидтар бар. Олардың шамамен алғанда 750 мыңдайы Марс пен Юпитер орбиталары аралығында "астероид белдеуін" құрайды. Аталған обьектілердің көлемі диаметрлік тұрғыдан алғанда бірнеше, тіпті, одан да көп километрлерге созылып жатыр. Мәселен, Церера астероидының диаметрі 940 километрге пара-пар екен.

Метеор (ежелгі грек тілінде μετέωρος - "аспан" деген ұғым) – Жер атмосферасына түсіп, күйіп кететін кез келген ғарыштық дене немесе астероид. Біз оларды "аққан жұлдыз" деп жатамыз. Егер метеордың жерге түсіп келе жатып бір бөлігі сау қалса, онда метеоритке айналады.

Метеориттерді көбіне темір мен тас деп екі түрге бөледі. Аттары айтып тұрғандай, темір метеориттердің құрамы тоқсан пайызға дейін темірден тұрады. Ал тас метеориттердің құрамында кремний, магний, темір мен тағы да көптеген элемент түрлері кездесіп отырады.

"Метеороид". Күнді айналып жүретін астероид пен құйрықты жұлдыздар (комета) осы бір терминге түсініктеме бола алады. Өз кезегінде ескерте кететіні, астероид пен метеорид арасында анау айтқандай айырмашылық жоқ. Бар айырма - біріншісінің екіншіге қарағанда үлкендігі. Соған қарамастан, атмосфера қабатына өтіп, толық жанып кеткен жағдайда "метеор" деген жалғыз атау ғана беріледі. Ал метеордың жарылуы барысында орын алған отты алауды "болид" деп айтады.

Л. Лига