Студент: "Сабаққа зауқым жоқ..."

Студент: "Сабаққа зауқым жоқ..."

Қысқы каникул - ертеден қара кешке дейін аяқты аспанға көтеріп жату үшін таптырмас кез. Басқа не істейсіз? Дала суық, көңіл-күй болса да түсіп кеткен. Әсіресе, ұйқы деген жаудың мәртебесі асқақтап, жалқаулықтың патшалық құратын, асқазан үшін мереке ұйымдастырар қысқы демалыс біреулер үшін қол жетпес арман! Келісесіз бе? Бірақ, арманыңыз орындалса да, орындалмаса да, бәрі де кеш. Өйткені, Қазақстандық жоғарғы оқу орындарының көпшілігінде сабақтар басталып кетті.

Кез-келген аудиторияға бас сұға қалсаңыз, жаңа ұстаздардың ұзақ әрі қиын дәрістерінде қайта-қайта есінеп, тіпті артқы партада отырып, ұйықтап қалған немесе білім нәрін себуге асығып отырған оқытушыларға: «қайта салайықшы, келесі сабаққа дайындалып келеміз ғой» деген жеңіл сөздерді жамырап айтып отырған студенттерді көресіз. Ал үйге берген тапсырмаларға қарауға зауқы жоқ студент жылы көрпеге оранып, ұйқының құшағына еніп кетуге асығып тұрады. Мұндай қалыпты жағдай ғылымда «демалыстан кейінгі синдром» деген атпен қаралып жүр.

Студент! Есіңді жи! Өзіңе кел! Ұйқы мен жалқаулыққа "қош бол" деп, жаңа жоспарларыңды іске асыруға кіріскенің жөн. Қолыңнан келмей жатыр ма? Саған арналған аздаған кеңестерімізді көмекке шақырып көр.

1. Бірінші күннен бастап, қағаз бен кітапқа көмілудің еш қажеті жоқ. Ең алдымен, жағымды нәрселермен айналысып көріңіз. Өткен жылдан қалған ескі-құсқы заттарды реттеп, керек еместеріне қоқыс жәшігінен орын беріңіз. Дүкен аралап, жаңа кітаптар сатып алыңыз. Жаңа жылға жаңа жоспар құрыңыз. Және сабақ кестесін іліп қоюды ұмытпаңыз.

2. "Түүу, сабаққа зауқым жоқ! Каникул ештеңеге жетпей қалды! Оқығым келмейді!" деген сөздерді жиі ауызға ала беруді доғарыңыз. Сөзіңіз - өзіңіздің жауыңыз. Алда келе жатқан көңілді мерекелер мен алаңсыз демалыстарды еске ала жүріңіз.

3. Ұйқы маза бермей ме? Саспаңыз, оны да жеңуге болады. Әдеттегіден, ерте ұйықтауға тырысыңыз. Бірнеше апта бойы қимылсыздыққа үйренген денеңізге сергіту жаттығуларын жасаңыз, жүгірумен айналысыңыз, жаттығу залдарына бас сұғыңыз. Кешкі серуендер де артық етпейді.

4.  Демалыс барысында айнымас серігіңізге айналған агентке, түрік, корей сериалдарына "жоқ!" деңіз.

5. Тамақтану тәртібін қалыптастырыңыз. Дәрігерлер қауымы, сіздерге теңіз тағамдарын, тауық етін, сүт өнімдерін, жаңғақты жиі пайдалануға кеңес береді. Асқазаныңыздан шоколадқа да аздап орын беріңіз. Ауылдағы бесбармақты, қазы-қартаны аз уақытқа ұмыта тұрып, сағат жетіден кейін тамақ жемеуге дағдыланыңыз.

6. Көңіліңізді көтеру үшін салондардың есігін қағып көргеніңіз жөн. Өзіңізге аздап өзгертулер енгізу аздық етпейді. Рухани байлығыңызды театр, кинотеатрларға бару алқылы толықтыруға болады.


7. Сабақ оқу деген осы екен деп, білімнің теңізіне бірден батып кеткен де дұрыс емес. Психологиялық тұрғыдан ауыр соғып, құлшынысыңыздың мүлде сөніп қалуы әбден мүмкін. Үзіліс кезінде дәріс залдарынан шығып, таза ауа жұтып, ұзақ уақыт көріспеген достарыңызбен әңгіме-дүкен құруды да естен шығармаңыз.

Студент, жаңа оқу жылы сәттілік пен жетістікке толы болсын!

Суреттерді түсірген және Дайындаған: Айгерім Сматуллаева