16 тіл білетін кісінің кеңестері

16 тіл білетін кісінің кеңестері
Фото: festival.1september.ru

Егер тіл үйрену сабақтарын оқуға деген құлшынысыңыз көпке созылмай, қызығушылығыңыз басылып қалса, өзге жолын ойлап табыңыз. Кітапты қоя тұрып, сол тілде берілетін радио тыңдаңыз, бағдарлама көріңіз, әуен тыңдаңыз. Оқулықтағы жаттығуларды жайына қалдырып, бір мезгіл сөздік беттерін парақтаңыз.

Есіңізде сақтау керек тіркестерді, идиомаларды, фразаларды жазып алыңыз да, бірінші жақта айтып жаттаңыз. Мысалы: «I am only pulling your leg» (Мен сені тек мазақтаймын).

Ешқашан судыратып жаттап алмаңыз. Бөлек-бөлек жаттап алудың пайдасы жоқ.

Қайтсеңіз де алға қойған мақсатқа жететініңізге сенімді болыңыз. Ол үшін тілді тез қабылдауға арналған ерекше қабілеттерге ие болудың қажеті шамалы.

Көзіңізге көрінген шет тіліндегі сөздің барлығын ойша аударуға тырысыңыз. Жарнама тақтайшаларындағы сөздер, афишадағы, сөз арасында аяқ астынан құлағыңыз шалып қалған сөздер – барлығының мағынасын біліп алыңыз. Бұл тіпті шаршаған миды демалтуға да әсері бар.

Мақсат қойған адам күн құрғатпай тіл үйренумен айналысуы керек. Тіпті түк уақытым болмады дегеннің өзінде 10 минут бөлуге дағдыланыңыз. Әсіресе, таңертеңгі мезгілде ми жақсы қабылдайтынын білетін боларсыз.

Қателіктеріңізден ұялмай шамаңыз келгенінше сөйлей беріңіз. Қайта білетін басқа адамдар жөндеп жатса, оған ренжімей, рақмет айтыңыз.

Күнделікті өмірде қолданатын сөздерді ретсіз-ақ ойыңызға түскенін, алдыңыздан кезіккенін жазып алып, жаттап жүріңіз, айтып қолданыңыз.

Шет тілі – қамал, оның жан-жағынан келіп шабуылдасаңыз ғана бағындыра аласыз. Газет оқумен, радио тыңдаумен, фильм көрумен, шет тіліндегі дәріс тыңдаумен, оқулықтар арқылы өздігіңізден үйренумен, адамдармен тілдесу арқылы – барлық жағынан жақындай түсу қажет.

@. @assel_assanova