Этнопедагогика: баланы жасына қарай кезеңге бөлу

Этнопедагогика: баланы жасына қарай кезеңге бөлу
Фото: Ернар Алмабек

Қазақстанның тәуелсіздік алып, әлеуметтік-экономикалық жағынан нығая бастауы, ұлттық санасының қайта жаңғыруы жағдайында, адамгершілікті-этикалық идеялар көрініс алған қазақ халқының рухани-мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу – көкейкесті мәселенің бірі.

Бұны Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың біздің бүгінгі қоғамымыз «арды бағалайтын, белсенді, жоғары моральды, әдепті және рухани байлығы мол жас ұрпақтарды тәрбиелеу десе. Ал рухани-адамгершілік білімнің негізі болып табылатын «Өзін- өзі тану»  жобасының  авторы С. А. Назарбаева «Өмір әдебі» деген кітабында: «Рухани кәусар бұлаққа барар жол іздеу әр адамның міндеттерінің міндеті екендігіне сенімдімін» дейді, оған тек  жалпыадамзаттық құндылықтарды оқыту арқылы ғана жетуге болатынын атап көрсетті. Сонымен қатар: «Алланың алдында бәріміз бірдейміз. Әрқайсысымыздың жолымыз, өмірлік міндетіміз бар, бірақ бәрімізге ортақ міндет – жан дүниеміздегі  махаббаттың сөнбейтін шырағын жаға отырып, Адам боп қалу!» деп адамшылықты бірінші орынға қояды. Бүгінгі таңдағы жас ұрпаққа беріліп жатқан тәрбиенің түрлерін алып қарайтын болсақ, ақыл- ой тәрбиесін математика сабағы, дене тәрбиесін дене шынықтыру сабағы  дамытатын болса, патриоттық тәрбиені тарих сабағында, және эстетикалық тәрбие музыка, әдеп сабақтарында беріледі. Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деген Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан байқауға болады.

Ұлттық рухани мәдениеттің адамгершілік тәрбиесіндегі мәні, оны жеткіншектерге «өз Отанына сүйіспеншілігін, халық дәстүрлеріне құрметін тәрбиелеу» мақсатында пайдалану проблемасы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында да жетекші міндеттердің бірі болып отыр. Кейінгі жылдары қоғамда көрініс алып отырған келеңсіз жағдайлар да (балалардың тәрбиесіндегі кемшіліктер, жеткіншектердің мінез-құлқындағы дөрекі қылықтар, қатыгездік, жауыздық  және т.б.), бүгінгі тәрбие саласындағы жаңаша көзқарасты ғылыми педагогикада жүйелі түрде пайдалануға байланысты тиімді идеяның болмауы да адамгершілік тәрбиесін, соның ішінде бүгінгі таңда балаларға жасына қарай кезеңге бөліп тәлім-тәрбие және білім беруде қолдану қажеттілігін туғызып, тәрбие мәселесін дағдарысқа әкелуде. Бұл мәселенің шешімін, ғасырлар бойы өзінің көкейкестілігін жоғалтпаған, керісінше, әрбір қоғамдық формацияда болған өзгерістерге байланысты жетіліп отырған қазақ халқының озық салт-дәстүрлерінен іздестіру қажет. Өйткені, қазақ халқының озық салт-дәстүрлерінің негізі болып қаланған гуманистік идеялар адамгершіліктің басты құндылықтарымен байланысты болады және адамгершілік қасиеттерінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеруде, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты тәрбиелеуде жетекші құралдардың бірі болып табылады. Ұлттық дәстүрлерді халық даналығының негізгі бір көрінісі ретінде қабылдау бүгінгі білім беру жүйесі үшін аса маңызды. Бұның, әсіресе мұғалімдер үшін пайдасы зор. Халық педагогикасы мыңдаған жылдар бойы халықпен бірге жасасып, тәжірибесі мен құнды идеялары толысып, жетіліп, ұрпақтан-ұрпаққа үзіліссіз бірізділікте беріліп келеді. Тарихи педагогикалық әдебиеттерге жасаған талдау тәрбие мәселесіне тарихи дамудың барлық кезеңінде аса назар аударғанын дәлелдейді. Ұлы түркi қағанаты дәуiрiндегi Орхон-Енисей ескерткiштерiндегi (VI-VIII ғ.ғ.) жазбаларындағы тәлімдік саясат сөздерi өзiнiң теңдесi жоқ өнегесiмен жүрек тербейдi. «Құлақ қойып тыңдаңыздар, тереңнен ойланып, толғаныңыздар. Өлiмнен ұят күштi... Адам ұлының бәрi де өлмес үшін туады...» деп жазылыпты. Одан берiректе (IХ ғ.) ғұмыр кешкен Қорқыт атаның мұрасындағы тәлiмдiк өсиет бүгiнгi ұрпақ үшін де аса маңызды. «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман... Менмен, тәкаппар адамды тәңiрi сүймейдi... Ақылсыз балаға ата дәулетiнен қайран жоқ... қонағы жоқ қараша үйден құлазыған тұз артық», - дейдi ұлы Қорқыт баба. Қазақ даласына араб-шығыс мәдениетiнiң тарауы (Х-ХV ғ.ғ.) исi түркi халықтарының ұлы ғұламалары - әл-Фараби, Фердоуси, Авиценна, Бируни, Низами, Науаи, Қашқари, Иасауи, Баласағұнды т.б. дүниеге әкелдi. Ұлы бабаларымыз Әбу Насыр әл-Фарабидiң сан-салалы трактаттарында, Қожа Ахмет Ясауидiң «Диуани хикметiнде», Жүсiп Баласағұнидiң «Құдатғу бiлiгiнде» («Құтты бiлiк»), Махмуд Қашқаридiң «Диуани луға-ат-түрiгіндегi», Ахмет Жүйнекидiң «Хибатул хиқайқ» («Ақиқат сыйы»), Хорезмидiң «Махаббатнама» еңбектерiнде педагогикалық, психологиялық, философиялық, дидактикалық, әдiснамалық ой-пiкiрлер өрiлiп жатыр. Ғұлама-ойшылдардың бiзге жеткен мұраларында әдет, мiнез, бақыт, дағды, ақыл-парасат, имандылық, мейiрiмдiлiк, әдiлеттiлiк тұрғысындағы ұлағатты өсиетнамалар тұнып тұр. Бұларда ұл мен қыздың өнегелi тәрбиесi, бала мен ата-ананың қарым-қатынасы, отбасы мен неке, адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз моральдыќ-этикалық қасиеттер, т.б. ұлы ойшылдар шығармаларының алтын арқауы болды.

Халық педагогикасының бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктерін кезінде көптеген ұлы ойшылдар (Аристотель, Әл-Фараби, Баласағұн, Қашқари), ағартушылар (Шоқан, Абай, Ыбырай), шетел педагогтары (Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, А.В.Сухомлинский және т.б.) өте жоғары бағалаған. Бірқатары оларды халық даналығының көрінісі ретінде өздерінің іс-тәжірибесінде ұтымды пайдаланған. Халық педагогикасының көкейкестілігі Қазақстан егемендік алғаннан бері бұрынғысынан да арта түсті. Нәтижесінде көптеген ғылыми-педагогикалық зерттеулер орындалып, білім беру жүйесінің сұранысынан шығып отыр.Біз өз зерттеуімізде «Халық педагогикасы», «Қазақ халық педагогикасы», «Этнопедагогика», «Қазақ этнопедагогикасы» ұғымдарының мәні және өзара байланысын ашып көрсету жолдарын қарастырамыз. Халық педагогикасы ғылыми педагогиканың бастауында тұрған қайнар көзі. Ол бүгін ғалымдардың, ақындар мен жазушылардың шығармашылығындағы, өткен кезеңнің көне педагогикалық мәдениетіндегі қазіргі өмірге қажет жалпы адами және ұлттық құндылықтарды іріктеуге мүмкіндік туғызады. Халықтық тәрбие тәжірибесінің «халықтық педагогика» түріндегі бейнесі әуелде педагогиканың (XVI ғасырдан XX ғасырдың 70-шы жылдарына дейін), сонан соң этностық педагогиканың пәніне айналған деп түсінеміз.Халық педагогикасы - ежелден халықпен бірге жасасып келе жатқан тәлім-тәрбие мектебі. Ғалымдар тұжырымына сүйенсек, халық педагогикасы ғылым емес, ол халықтың ғасырлар бойы жинақтаған, бірақ бір жүйеге келтірілмеген ұрпақ тәрбиесі жөніндегі эмпирикалық білімі мен тәжірибесінің жиынтығы, этнопедагогика ғылымының зерттеу объектісі, педагогика ғылымын тудырушы қайнар бұлақ. Қазақ халқының халық педагогикасы туралы «жалпылық»  түсініктер мен тұжырымдар бұл ғылымның этникалық мәні туралы жалпылау ұғымның аты ғана, ал қазақ халық педагогикасы (қазақ ұлтының педагогикасы) жеке этностың (қазақ ұлтының, халқының) педагогикасы болғандықтан оның нақтылай атауы сол ұлттың атымен аталуы қажет. Ол үшін сол ұлттың тарихи қалыптасқан ұлттық, халықтық педагогикасы болу керек. Ал, қазақ халқының халық педагогикасы - ғасырлар бойы қалыптасып, негізделген, ұлттық тәлім-тәрбиенің құнды құралы деп есептейміз. Қазақ халқының халық педагогикасының құрылымы: ауыз әдебиеті, салт-дәстүрлер, ұлттық өнер, ұлттық тәлім болып табылады.Қазақ халқының көпжанрлы өте бай ауыз әдебиеті мен игі әдет-ғұрпы, әдебі, дәстүрлері, салты, салт-санасы оның этнопедагогикасының тірегі болып табылады.

Қазақ халқының өзіне тән тәлім-тәрбиелік ерекшеліктері оның салт-дәстүрлерінен айқын көрінеді. Мысалы, ұлттық қасиет – меймандостық ең әуелі жеке тұлғалардың игі әрекеті болса, ол қолданысты үлгі-өнеге ретінде басқалар да пайдаланып, әдет-ғұрыпқа айналдырған. Ұлттық сана-сезімнің өсуі мен өтуі, бір жағынан, ана тілдің тағдырын анықтаса, екінші жағынан, ана тілдің даму дәрежесі ұлттық сана-сезім деңгейінің өлшеуіші болып есептеледі.«Этнос» (ру, тайпа, ұлт) және «педагогика» (оқыту, тәрбиелеу туралы ғылым) сияқты екі сөзден құралып, этнопедагогика деп аталған бұл ғылым – жалпы педагогика ғылымдарының түп негізі, оның ғылыми қалыптасуындағы негізгі бір саласы.«Этникалық педагогика – өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен  қалыптастыруға байланысты теориялық ой саласы және ғылым саласы, тұрмыс педагогикасы, отбасы, ру, тайпа, ұлыстар мен ұлттар педагогикасы туралы ғылым», – деп өз көзқарастарын В.А.Панькин, И.О.Попова түйіндейді.Белгілі бір этнос адамдардың жан дүниесіндегі мінез-құлық, сана-сезім мен әдет-ғұрып, салт-дәстүр ерекшелігі ұрпақтан-ұрпаққа ана тілі арқылы жетеді.Бүгінгі таңда қазақ этнопедагогикасының ғылыми-методологиялық және теориялық негіздеріне арналған зерттеу жұмыстары С.Қалиевтың, С.А.Ұзақбаеваның, К.Ж.Қожахметованың, Қ.Б.Бөлеевтің, А.Қ.Қалыбекованың және т.б. ғалымдардың ғылыми еңбектерінде көрініс тапты. Мәселен, К.Қожахметова өзінің «Казахская этнопедагогика: методология, теория, практика» (1998) деген еңбегінде сол кезеңге дейінгі қазақ этнопедагогикасы бойынша зерттелген еңбектер мен авторлық-мемлекеттік бағдарламалар мен әдістемелік оқулықтар және озық тәжірибелер жөнінде толық мағлұматтар келтіріліп, жете талдау жасаған.Қазақ этнопедагогикасының табиғатын тану ғалым-педагог С.А.Ұзақбаеваның, К.Ж.Қожахметованың ойынша этномәдени мұралар мен аталмыш сала бойынша қалыптасқан мәдениеттану теориясына арқа сүйенуінде болмақ. «...Қазақ этнопедагогикасының теориялық алғышарттарын зерттеу барысында, біздер тек қазақтың ұлттық мәдениетімен шектеліп қалмай, ол саланың тарихи-әлеуметтік, мәдениеттану теориясы тұрғысынан зерделеу қажет екеніне тоқталамыз. Бұл тұжырымымыздың негізі - қазақ этнопедагогикасының қазақ философиясы, этностар теориясы, этнопсихология және тарихи-әлеуметтік, мәдениет теориясы ғылымдары салаларымен тоғысқан, аталмыш ғылыми пәндердің фундаменталдық ережелері мен теориялық алғышарттарына сүйенген, педагогика ғылымының ажырамас, біртұтас бөлігі деп қарастырамыз». Бұл аталған тұжырымды өз зерттеуімізде басшылыққа аламыз.

Қазақ этнопедагогикасының ғылыми негіздері зерттеулерде қазақ халқының этникалық болмысының тарихи қалыптасуына, халық педагогикасының ұлттық ерекшеліктеріне, этнопедагогикалық ойларға байланысты жүйеленіп тұжырымдалады. Қазақ этнопедагогикасы ғылымын зерттеуге біз этнонимдік, этникалық сана, салт-дәстүр, мәдениет, этникалық ұқсастыру (гедентификация), ұлттық дүниетаным, менталитет, ұлттық наным, сенім, тұлғалық, қаракеттік, ассоциациялық, біртұтас, этностық, тәрбие, уақыт пен кеңістік туралы ұғымдар теориясына сүйеніп, біз қазақ этнопедагогикасының ғылыми-теориялық алғышарттары жас ұрпаққа дәріпптеу керек.

Бүгінгі таңда Қазақстандық зерттеуші ғалым М.Р.Құрсабаев өзінің «Атамекен» ұлттық ғылыми-тәлімдік рухани-танымдық бағдарламасында адам танымының жас ерекшеліктеріне байланысты мынадай кезеңдерге бөліп көрсеткен:

1. Ана құрсағындағы кезең;

2. Сәбидің дүниеге келуі (1-12 ай);

3. Сәбилік кезең (2-3 жас);

4. Балғын кезең (4-7 жас);

5. Балдырған кезең (7-8 жас);

6. Жас жеткіншек кезең (9-10 жас);

7. Жас Ұлан кезеңі (11-13 жас);

8. Жасөспірім бозбалалық кезең (14-18 жас).

Ал, К.Ж.Қожахметова өзінің еңбегінде қазақ халқындағы адамның жас ерекшелігіне және жыныстық айырмашылығына байланысты жіктеудің мына төмендегідей 3 түрлі тәсілі болғанын баяндайды. Бірінші адам дамуындағы физиологиялық және психологиялық ерекшелікпен байланысты тәсіл: Туғаннан бастап 1 жасқа дейін «нәресте», 1 жастан бастап 7 жасқа дейін «сәби», 7 жастан бастап 12 жасқа дейін «ойын баласы», 12 жастан бастап 15 жасқа дейін «сығыр, ересек бала», 16 жастан бастап 19 жасқа дейін «бозбала». Әрине, бала психикасының әр жаста қандай болып келуіне әлеумет ортасының едәуір ықпалы болады. Себебі, балаға әсер ететін бүгінгі әлеумет ортасы бұрынғыдан мүлде өзгеше: қазіргі ғылым мен техниканың, өндіріс саласының өркендеуі, Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ұмтылуы, бүгінгі бала жасының көпшілігін оқуға, білім алуға арнауы тиіс деп есептептейміз.

Айдарханбеков Е.А. «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінің оқытушысы

Г. Берік