Ұстаздар мерекеде медальдармен марапатталды

Ұстаздар мерекеде медальдармен марапатталды
Фото: «Қыздар университеті» медиа орталығы

28 қыркүйек күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ұстаздар күні мерекесіне арналған салтанатты кеш өтті. Педагог кадрларды даярлауға сүбелі үлес қосып отырған Қыздар университеті үшін қазан айының алғашқы демалысында атап өтілетін Ұстаздар күні  үлкен мереке.

«Жарқын болашақтың қуаты жан-жақты білімде болмақ. Бүгінде қыздар университетінің отандық білім мен ғылым теңізінде өзіндік орны бар алып кеме екені белгілі. Біздің сонау құрылған уақыттан бері мызғымас миссиямыз – ұлт тәрбиешілерін қалыптастыру. Талмай еңбектену мен ізденімпаздықтың, сарқылмас күш-жігер, сүйікті кәсіпке деген адалдықтың арқасында Қыздар университеті әр оқу жылында жаңа жетістіктерге жетіп, таудай табыстарға кенеліп жатыр. Бұл – ардақты ұстаздарымыз бен ұжымның ерен еңбегі», – деп сөз бастаған Қыздар университетінің ректоры Д.Ж.Нөкетаева бала тәрбиелеп, әр шәкіртке мейірім төккен ұлағатты ұстаздар мен болашақта осы ұлы қызметтің тізгінін ұстар студенттерді де төл мерекелерімен құттықтады.

Кез келген саланың кәсібінен нәсібін табуды ниет еткен жандардың барлығы да ұстаздың алдынан өтеді. Озық білім алған, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген азамат – қоғамның тірегі, қозғаушысы. Пайым-парасатының кеңеюіне, ақылының толысуына мұғалімнің сіңіретін еңбегі ерен.  Қыздар университетінің басшылығы Ұстаздар күні мерекесіне орай ұрпақ тәрбиесі жолындағы елеулі еңбектерін ескеріп, бірқатар профессор-педагогтарды марапаттады.

Биология кафедрасының профессоры А.Сартаев, тіл теориясы мен оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры Б.Хасанұлы, мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының профессоры Т.Левченко бастаған ҚазМемҚызПУ-дың дамуына айрықша үлес қосқан, білім беру ісіне сүбелі еңбек сіңірген жиырмадан астам ұстазға ректор Динар Жүсіпәліқызы өз қолымен «Құрмет белгісі», алтын және күміс «Ұлағат» медальдарын табыстады. Д.Нөкетаева бұл марапат кәсіби мерекеге арнап көрсетілген қошеметтің бастамасы ғана екенін, алдағы уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан да құттықтаулар келетінін жеткізді.

Педагогикалық бағытта білім беретін жоғары оқу орындар арасында Қыздар университетінің үздік атануына, шәкірттері түрлі пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыстарда жүлделі орын алуына, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда зерттеу материалдарын абыроймен қорғауына зор еңбек сіңіріп келе жатқан ұстаздарға құрмет көрсетіп, В.Қаржаубаева, Ж.Әділбекова, А.Өміржан, Н.Ғазиз сынды күміс көмей әншілер ән-жыр арнаса, «Томирис» би ансамблінің қыздары мың бұрала би билеп, ұлттық өнердің шашуын шашты.

Қазақ эстрадасында өнерімен өрге жүзіп келе жатқан Болатбек Досыбаев, Дидар Кәден бастаған әншілер де мерекелік кештің көркін келтірді. Қыздардың хор ұжымы ғалым да, шахтер де бас иетін ерекше қасиетке ие ұстаздар қауымына ән арнады.

 Жолдаған: «Қыздар университеті»

медиа орталығы 

@. @assel_assanova