Тіл мерекесіне арналған сценарий

Тіл мерекесіне арналған сценарий
Фото: youtube.com

Тіл мерекесіне арналған сценарийді ұсынамыз.

1-жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті қонақтар! Қоңыр күздің кешінде "Тіл мерекесінде" өздеріңізбен кездесіп отырмыз. Тәуелсіз еліміз үшін тіл мерекесінің маңызы жоғары. Сіздерді Қазақстан Республикасы халықтарының тілдері мерекесімен құттықтаймыз!

2-жүргізуші: 1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданған болатын. Бұл заңда Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі — ұлтаралық тіл деп бекітілген еді. Тіл – адам ойы мен санасының жемісі, жаратылыстың аса күрделі көрінісі, қыры мен сыры мол қатынас-құралы. "Тәрбие басы – тіл" дейді Махмұд Қашқари. Жаңа оқу жылына ере келген тіл мерекесі көпұлтты мемлекетіміздің береке-бірлігін нығайта берсін!

Әнұран орындалады. 

1-жүргізуші: "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" демекші, біздің ана тіліміз – атадан-балаға мирас боп жеткен асыл қазына. Қазақ тілін сүю, қадірлеу – ұлтымызға деген сүйіспеншілігіміз. Алдарыңызда Мағжан Жұмабаевтың "Қазақ тілі" өлеңін көркемсөз оқу шебері Жанатқызы Гүлбақыт оқиды. 

Оқушы ортаға шығады:

Күш кеміді, айбынды ту құлады, 
Кеше батыр - бүгін қорқак, бұғады. 
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде, 
Қан суынған, жүрек солғын соғады. 
Қыран құстың кос қанаты кьірқылды, 
Күндей күшті күркіреген ел тынды. 
Асқар Алтай - алтын ана есте жоқ, 
Батыр, хандар - асқан жандар ұмытылды! 
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың 
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың... 
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп, 
Нүрлы жұлдыз - бабам тілі, сен қалдың! 
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім, 
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім, 
Таралған түрік балаларын бауырыңа 
Ақ қолыңмен тарта аларсын сен, тілім!

2-жүргізуші: "Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра демекші", күмбірлеген күйімен құлақ құрышын қандырып, бойға шабыт сыйлағалы отырған Ұлағат Батырұлына кезек берейік!

Оқушы ортаға шығып, Құрманғазының "Балбырауын" күйін тартады. 

1-жүргізуші: Тілсіз бидің құдіреті шексіз. Би өнері де атадан-балаға жалғасқан ұлт қазынасы. Сахнаға биші ұл-қыздардан құралған "Шашу" би тобын шақырамыз!

2-жүргізуші: Айдын, саған "Шашу" би тобының өнері ұнады ма?

1-жүргізуші: Назгүл, маған олардың өнері қатты ұнады. Ұнағаны соншалық, тіпті өзім де сахнаға шығып, өнерімді көрсеткім келіп кетті. 

2-жүргізуші: Әп-бәрекелді! Ендеше көрермен сені күтіп тұр. Солай емес пе? Назгүлдің өнерін тамашалағыңыз келсе, қол соғыңыз, құрметті қауым! 

1-жүргізуші: "Ән – көңілдің ажары". Құлақтан кіріп, бойды алған әсем әнмен тербетейін қауымды. 

2-жүргізуші: 9 "а" сыныбының оқушысы Еркінқызы Назымның орындауында "Анамның тілі – аяулы үні" әнін қабыл алыңыздар!

Өмірге келдім,

Анамды көрдім,

Деді ол: “Жаным”,

Арайлы таңым.

Самал боп желпіп,

Жырымен ертіп,

Үйретті тынбай,

Сол тілін, әнін

Қайырмасы:

Анамның тілі – Айбыным менің,

Анамның тілі – Ай, Күнім менің.

Сүйемін байтақ елімді туған,

Сүйемін мәңгі өмірді думан.

Мектепке келдім,

Ұстазды көрдім.

Тыңдадым сөзін,

Табынып, сүйіп.

Анамның тілі –

Аяулы үні.

Жүрекке нұрын

Жіберді құйып.

Қайырмасы.

Көңілге көрік,

Өмірге серік.

Әсем  ән-жыр,

Қайрат, қуатым.

Сөйлесем мыңға,

Өрлесем шыңға.

Анамның тілі-

Асыл мұратым.

1-жүргізуші: Ендігі кезек – сенікі, Айдын. "Жігітке жеті өнер де аз" емес пе? Жиналған қауымды өнеріңмен сусындат!

2-жүргізуші: Тіл мерекесінде өнер көрсетпесем, маған сын. Мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың "Үш бақытым" өлеңін мәнерлеп оқып берейін. 

Ең бірінші бақытым - Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым - Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші - Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.
Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста,
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!

1-жүргізуші: Құрметті көрермен! Осымен тіл мерекесіне арналған мерекелік кешіміз де аяқталып қалды. 

2-жүргізуші: Тіл – ұлттың тарихи жетістігі. Әр тіл өз бойында ұлт тарихын, дәстүрін, мінезін сақтайды. Тіл мерекесі құтты болсын!

Мерекелік кеш ана тілі, туған жер, Отан туралы әнмен тәмамдалады.

М. Оңғарова