Конвергентті журналистика – теория мен тәжірибе ұштастығы

Конвергентті журналистика – теория мен тәжірибе ұштастығы
Фото: storify.com

Біздің заманымыздан бұрын өмір сүрген ғалымдар ішінде Әбунасыр әл-Фараби қандай ғылым саласы бар, соның барлығын түгелдей жілігін шағып, майын ішкен болса, Қаныш Сәтбаев өз кезеңіндегі ақындардың жаңадан шығарған өлеңінен бастап, кез келген жаңалықтан хабардар болып, әр ғылым саласының маманымен өз терминінде еркін сөйлесетін болған.

Аристотель мен Әбунасырдан кейін әлемнің үшінші ұстазы шыққан жоқ. Неге? Себебі қазіргі ғылым үңілген сайын тереңдейді, қараған сайын ұлғая түседі. Интернет арқылы толассыз таралып жатқан ақпараттар ағынын түгел толықтай игеріп, түйсінем деу – бір қап құмның ішінен бір қиыршық алтын іздеумен пара-пар, ондай адамның ақылы – айран, ойы – ойран болып кетер.

Осындай ақпараттар  «медиа-конвергенция» деген сәндік үдерісті құрап, құрамы тек қана әмбебап журналистерден тұратын конвергенциялық редакциялар өмірге келді.

«Конвергентті журналистика» термині қалай пайда болды?

Конвергенция (convergо – жанасу, қосылу) сөзі биология, этнография, тіл білімдерінде үйлестіру, жанастыру үдерістерінің баламасы ретінде қабылданғанына біраз уақыт болды. 1970 жылдан бастап термин компьютер, телефон, теледидар сияқты ақпараттық-коммуникативтік технология платформаларына қолданылып, бүгінгі таңда одан да ауқымды ұғымға ие болып отыр.

Дигитализация, былайша айтқанда, компьютерлік парктің ұлғайтылуы мен контенттің цифрлық түрі жетілдірілуі – бір тұлғаның бірнеше қызметті қатар атқара алуына жол ашады. Бұл тұрғыда журналистің бойынан репортер, жазушы, фотограф, дизайнер, әдеби редактор, вёрстка жасаушы, кеш жүргізуші, монтаж жасаушы деген сынды сан қырлылықты кездестіруге болады. Басқа да шығармашылыққа қатысты қабілеттер бір бойынан табылмаған маман конвергентті редакция штатынан қысқартылса, өзінен өзге ешкімге өкпе арта алмайды.

Репортердің дәстүрлі түсірілімі қолындағы блокноты мен микрофоны, диктофоны, иығындағы ауыр телекамерасы арқылы жүзеге асады. Оған артында шұбатылып жататын сансыз сымдарды қосыңыз. Бүгінгі заманда бұл құралдардың барлығы төс қалтаға сыяды және тек кәсіби мамандарда ғана бар дүние емес. Сол себепті онлайн режимде оқиға орнынан редакцияға тікелей репортаж беру конвергентті журналисті басқалардан ерекшелейді.

Әңгіме тек журналистік контент жұмысының технологиялық олқылығында емес, оның маңызын одан ары тереңдету қиын. Медиадағы конвергенция – «төртінші билікті» негізгі ғылыми құрылымдарды біріктіруге шақырады. Медиа-өнімдердің жанрлық және стилистикалық шекарасын нығайтады, нарықтық параметрдегі маңызын ұлғайтады. Басылым иесіне журналистиканың әмбебаптануы идеясын тудыратын энтузиазмды дәл осылай түсінуге болады.

Конвергентті ақпараттық өндіріс – күтпеген оқиғаларға, қиын жағдайларға ұжымды кәсіби икемдеуге арналған ширақ жүйе.

@. @assel_assanova