ҚБТУ студенттері ұшқышы жоқ ұшақ жасап шығарды

ҚБТУ студенттері ұшқышы жоқ ұшақ жасап шығарды

Қазақстандық студенттер төтенше жағдайларды анықтауға және жапа шеккендерге көмек көрсетуге арналған ұшқышы жоқ ұшақ жасап шығарды. 

Archangel деп аталатын кішкене аппарат (диаметрі шамамен 1 метр) ауаға төрт винт арқылы көтеріледі. Сонымен қатар, ұшақ жердегі үйлестіру орталығымен байланыс жүргізуі үшін радио хабаршы, бейнекамера және де GPS-навигациямен қамтылған. Жалпы Archangel ұшағы полиция, медицина, төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлерінің жұмысына көмекші ретінде қызмет атқаратын болады.

Жасап шығарушылардың бірі, Қазақстан-Британ техникалық университетінің студенті Александр Мурашкиннің айтуынша, бір қаланы бақылау үшін осындай 10 ұшақ жеткілікті-мыс. Олар төтенше жағдайларды ауадан бақылап, оқиғаға анализ жасай алатын көрінеді. Бұған қоса, аталған аппарат апат болған жерге жедел медициналық көмек көрсету үшін дәрі-дәрмек жеткізуге қабілетті екен және Archangel-дің осы нұсқасы ауаға 700 грамға дейінгі жүкті көтере алады-мыс.

Енді студенттер жобаны қаржыландыру мақсатында Ұлттық инновациялық қорына сұраным беруді жоспарлауда. Себебі, Қазақстанда технологияны енгізу үшін қомақты қаржылай қолдау қажет.

Айта кетсек, студенттер 2012 жылдың маусым айында Австралияда өткен Microsoft Imagine Cup-та өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде қазақстандық құрама үздік 20 жасап шығарушы қатарына енген еді. Мурашкиннің айтуынша, конкурста бұл жобаға австралиялық инвесторлар өз қызығушылықтарын білдіріпті.  

Дайындаған: Ғани Тұрғынбеков

Сурет: tengrinews.kz

Ж. FM