Алматыдағы көшпелі кітапхана

Алматыдағы көшпелі кітапхана

Нью-Йорк пен Амстердем, Лондонның көшелерінде тұратын кітапханалар туралы естіп пе едіңіз. Енді сізге сол кітапханаларды алыстан іздеп, ат ізін салудың еш қажеті жоқ. Бұлай деп айтуымызға себеп, 6 шілдеден бастап Алматы қаласының 28 Панфиловшылар атындағы саябақтың ішінде шағын кітапхана тұр. Аталған кітапхана халықаралық «Uni» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы тұңғыш бастама болып саналады. 

Сөресінде үш жүзден астам кітап қоры бар жылжымалы кітапханадан кез келген кітабыңызды алып оқи аласыз. Және кітап дүниесіне жақын жан екеніңізді көрсеткіңіз келсе, қалаған кітабыңызды жоба ұйымдастырушыларына тапсыра да аласыз. Әрине, кітап болған соң отырып оқитын жағдайды да ескерген дұрыс. Ендеше, мұнда оқыған кітабыңыз мәңгілік есіңізде қалатын шығар. Себебі, сөрелер мен орындықтардың дизайнын АҚШ-тың Массачусетс технологиялық университетінің (MIT) студенттері ойлап тапқан. Олар өз кезегінде әр оқырманның талап-тілегін ерекше ескерсе керек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кітаптарды Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасы мен АҚШ елшілігі ұсынып отыр.

Көшпелі кітапхананың үйлестірушісі Зауреш Аманжолованың сөзіне сенсек, жылжымалы кітапхананың бүгінгі таңда 100-ге жуық тұрақты оқырманы бар екен. Сонымен қатар арнайы ат басын бұрып, кітап оқып кететін туристердің де көп екенін тілге тиек ете кетіпті.

Бәрінен бұрын бір қуантарлығы кішкентай балақайлардың аталған кітапхананың қасынан бір елі кетпейтіндігі. Оған себеп ертегі кітаптар мен жаңа басылымдардың көптеп кездесуі. Таңнан бастап ерте келіп алатын осы бір оқырмандар ойын атаулыны түбегейлі кітапқа ауыстырған сыңайлы. 

Айта кетсек, жобаның басты мақсаты - кітап оқу мәдениетін қайта жаңғырту. Бүгінгі таңдағы адамдардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру мен бос уақытты тиімді пайдалану болып саналады. 

Өкініштісі сол, кітапхана ай соңында орнын ауыстырады. Алматының о шеті мен бұ шетіне кетпей тұрғанда бір барып өз көзіңізбен көріп қайтыңыз. Бәлкім, сіз де іздеп жүрген кітабыңызды табарсыз. 

Суреттер:azattyq.org

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига