Филолог мамандығын алған түлектер қандай қызмет атқарады?

Филолог мамандығын алған түлектер қандай қызмет атқарады?
Фото: Назерке Дулат

Қазір еліміздегі жоғары оқу орындарын биыл бітіретін түлектердің диплом алуына санаулы уақыт қана қалды. Мемлекеттік  емтихандарды тапсыру мен диплом жұмыстарын қорғау сәттері қызу жүріп жатыр. Көңілде қобалжу да жоқ емес. Бірер айдан кейін жұмыс іздеу машақаты басталады...

Осыған орай  әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің «TANYM» клубы «Филолог, сіз ертең қайда жұмыс істей аласыз?» деген тақырыпта кезекті мәжілісін  өткізді.  Студенттермен кездесуге осы факультетті әр жылдары бітірген, қазір түрлі кәсіп саласында абыройлы еңбек етіп жүрген бұрынғы түлектер шақырылған.  Түрлі кәсіп саласы демекші, филолог мамандығын алған түлектер тіпті әмебап, таңданбасқа шара жоқ!..

Кездесу шарасын жүргізіп отырған профессор Гүлдархан Смағұлова кездесуге келген қонақтарды таныстырғанда ду қол шапалақ астында оларға деген құрмет сезімі арта түсті. Мәселен, Ұлбосын Қаназ 1994 жылы филология факультетін бітірген екен. Қазір елімізде шығатын «Денсаулық» журналының редакторы. Және қажырлы еңбегінің арқасында ҚР Денсаулық сақтау үздігі атағын алыпты. Ауған соғысының ардагері Асқар Жорабаев «Жауынгер» атты Қоғамдық бірлестікті басқарады. Ал Жаңыл Мамежанқызы елімізге танымал тележурналист. Ол «Қазақстан» ұлттық телеарнасында продюсерлік қызметте жүр. 2000 жылдың түлектері Гүлжан Мамаева, Ерсін Мақаншин «Шекара Қызметінің Академиясында» капитан шеніндегі офицерлер. Академияда  мемлекеттік тіл қазақ тілінің көсегесін көгертіп, бірі кәсіби тілді дамытуды, екіншісі ұлт тілінің айбынын  асқақтатып жүрген офицерлер. 2004 жылдың түлегі Дәулет Махранов ағай «Елтаным» атты өз жеке баспасының шаруасын дөңгелетіп отыр. Күні кеше ғана 2012 жылғы түлек Бағашар Тұрсынбайұлын «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы қаламы желді журналист екендігін оқып жүрміз.

Осы кездесуге келген ҚазҰУ түлектері шетінен сөз алып, еңбек жолын қалай бастады, нендей қиындықтар болды, бүгінгі қол жеткізген жетістіктер қалай келді дейтін сұрақтар аясында әңгіме қозғады. Қайда жұмыс істейміз деген көңілдегі көп сұрақтардың шешімі тек еңбекқорлық пен шыдамдылықта екендігін кешегі түлектер қызықты әңгіме барысында ертеңгі мамандарға әсерлі етіп жеткізді. Кездесуден барлық студентер ой түйді: ол -  еңбек және шыдамдылық деген қасиеттер жас маман үшін басты қағида болу керек. Студенттер сұрақтарына кешегі түлектер аса ықыласпен жауап берді.

Осы игі шараның басында жүрген ұйымдатырушылар профессор Г.Смағұлова, доценттер М.Мамаева мен К.Күркебаевқа кешегі және бүгінгі түлектер ризашылығын білдірді.

                                             Жолдаған: Г. Смағұлова

О. Сансызбай