Көзге көрінбейтін көркемөнер

Көзге көрінбейтін көркемөнер

Лондондық Хейворд галереясында 12 маусым күні "1957–2012 жылдардағы көзге көрінбейтін көркемөнер" көрмесі ашылды. Аталған көрмеге қазіргі таңда суретшілердің 50-ге жуық жұмыстары қойылған. Мәселен, Энди Уорхол, Ив Кляйн және Йоко Оно секілді талантты қылқалам шеберлері өз туындыларын көпшілікке ұсынуда. 

Сіз бұл көрмеден ішінде түк жоқ рамкаларды, тап-таза қағаз беттерін және иесі жоқ тұғыртастарды көре аласыз. Бәлкім өнерді түсінбейтін, сезінбейтін адамдарға солай шығар. Ал суретшілер болса адам қиялындай жүйріктің жоғын айта келіп, әр картинаға үңіліп қарауды талап етеді. Бәлкім, сонда ғана бірдеңе көрініп қалар?!

Көрменің ең қызықты әрі құнды жәдігері - тұғыртас. Кезінде осы бір тұғыртаста Энди Уорлхол тұрған-мыс. Сонда да үстінде жан иесінің жоғына қарамастан, тұғыртас өз құнын бір пәс түсірер емес. Керісінше, көрем дейтіндердің саны жетіп артыларлық.

Содан соң америкалық Том Фридманның "Мың сағат бойына қарау" суреті қойылған. Алайда, тап-таза парақты қарай салып, кетіп қалып жүрмеңіз. Себебі, Том суретші осы бір суретті салу үшін 5 жылын сарп еткен. Ал екінші суреті "Аты жоқ (Қарғыс)" деп аталады. Бұл еңбекте сізді қызықтырары сөзсіз. Тап-таза кеңістіктің ішінен қарғыс ізін байқап көріңіз.

Француз суретшісі Ива Кляйн мен Йоко Ононың еңбектері де ең үздік еңбектер қатарында. Суретшілердің сендіруіне қарағанда, көркемөнерге қарап, оны сезінгеннен соң ғана суретшінің айтпақ ойын түсінуге болады-мыс.

Жалғыз ғана көрермендер көре алатын сурет - белгісіз бір итальяндықтың милиция қызметкерлеріне түсірген арызы. Ол арыз бойынша әлгі итальяндық суретші болған және оның көзге көрінбейтін керемет суретін әлдекім көлігінен ұрлап кеткен-міс. 

Осы көрмені ұйымдастырушы Ральф Ругоффтың сөзімен айтсақ,  адамдар бәрін көріп, қолымен ұстап көре беретін болса онда ешнәрсенің құны қалмайтын еді. Сол үшін кейде санамен сезініп, жетінші түйсікпен түйсінген әлдеқайда артық емес пе?!

Дайындаған: Фараби Бақыт

Л. Лига