Қазақстандық түлектердің үштен бірі 50 балдан аса алмады

Қазақстандық түлектердің үштен бірі 50 балдан аса алмады

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі алдын ала ҰБТ нәтижелерін жариялады. Жарияланған нәтижелерге сәйкес, қазақстандық түлектердің үштен бірі минималды өту балынан аса алмаған (50 балл). 

Алайда мұндай төмен көрсеткіш алдын ала болжанған. ҚР білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков: "Орта есеппен алғанда, биыл әрбір мектептің түлегі 7-8 рет сынақ тестінен өткен. Ал жалпы алғанда, биылғы түлектердің 28-32 пайызы шекті деңгейден, яғни 50 балдан аса алмайды деген болжам жасалынды", - дейді.

Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, "Алтын белгі" медальіне үміткер 5 мың түлектің тек жартысы ғана өз білімдерін қорғай алыпты. Сонымен қатар, тек 10 мыңнан астам түлек ҰБТ-дан жүз балдан жоғары көрсеткіш көрсеткен. Республикалық апелляциялық комиссияға 876 түлек арыз беріп, соның 40 пайызы балдарын жоғарылата алған. 

Мұндай төмен көрсеткіштердің себебі екі факторға байланысты екені сөзсіз. Біріншісі, ҰБТ сұрақтарының базасы қатты өзгерген, нәтижесінде кодтық шпаргалкалар мен матрицалар мүлдем тиімсіз болды. Екіншісі, ҰБТ кезінде ұялы телефон байланысын бәсеңдеткіш құралдарды қолдану үміткерлердің басқа адамдардың көмегіне жүгінуіне жағдай туғызбады.  

Айта кетсек, ағымдағы жылы ҰБТ-ға 121 059 түлек қатысуда. Соның ішінде 82 383 түлек қазақ бөлімінен болса, 38 676 мектеп бітіруші орыс бөлімінен қатыспақ. Биылғы тестілеу өткен жылмен салыстырғанда, 5 күнге ұзарды, яғни ұлттық бірыңғай тестілеу 1-15 маусым күндері өтеді. Тестілеу 154 арнайы жабдықталған пунктте өтеді. Олардың 107-сі аудан орталықтары мен қалаларда, ал 47 пункт облыс орталықтары, Астана мен Алматы қалаларындағы ЖОО-ларда орналасқан. 

Сурет: news.nur.kz

Дайындаған: Ғани Тұрғымбеков 

Л. Лига