Антарктида жып-жылы және жап-жасыл құрлық па?

 Антарктида жып-жылы және жап-жасыл құрлық па?

АҚШ-тың бір топ ғалымдары мен австралиялық зерттеушілер Антарктидадан 500 км жерден сүйек қалдықтары мен тағы басқа дүниелерді  тауып алды. Нақтысын айтсақ: ағаш діңгегі, жапырақтар, гүлдің тозаңдары, мүк, бунақденелілердің жұмыртқалары.

Аталған жердің климаты бір кездері қазіргіге қарағанда 20-25 градус жылы болған деген болжам бар. Осы сөзге табылған дүниелер көз жеткізіп қана қоймай, көптеген нәрсенің анық-қанығын білуге себеп болды. Ол қандай себеп дейсіз ғой? Бәріміз білетіндей, бунақденелілер жылы жерде ғана өсіп-өніп, көбейе алады. Бұл деген сөз, бір кездері бұл жерде бунақденелілер жұмыртқа салып, Антарктида да тіршілік қазаны қайнап тұрған.

Қазіргі түсінікке мүлде қарама-қарсы суреттер көлбеп жатқан. Өйткені, бұл аймақтың суы қатпаған, нәтижесінде өсімдік дүниелері гүлдеп, тұқым салып, жеміс беріп отырған. Жылдың төрт мезгілі дегендей, Антарктиданың да бір уақытта ажары кіріп, базары тарап, жайма-шуақ күндері қанат жайған.

Мінеки, осы жаңалықты бірінші болып жариялап «Острэлиан» газеті өткен күннің еншісінде кеткен, жазылмас жараның орнын сипап, Антарктиданың жоқтаушысына айналып отыр. Жоқшысынан сақшысы көп әлемде бұл дұрыс та шығар. Алайда, сол бір күндердің оралмауын тілейік. Әйтпесе, Антарктиданың суы еритін болса, онда жердегі тіршілікке қауіптің көкесі туады. Сонда барып қана, уақыттың бұйыртқан еншісіне сиынатын боламыз.

Тағы бір жаңалық, Австралиядағы Тасмания аралының ауа-райы бір кездері жып -жылы болған. Оның дәлелі - оңтүстік Уэлстен табылған өсімдіктердің тұқымдары бірдей болып шыққан. Оның үстіне, жылу болмаған жерде өсімдік қайдан өссін?.. 

Сурет:  nano-planet.org

Л. Лига