Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері 1-бөлім

Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері 1-бөлім

ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық өмірінде болған өзгерістер ескі қалалардың өсуімен, жаңа қалалардың пайда болуымен, әсіресе, олардың ірі әкімшілік орталықтарына айналып қана қоймай, оларды мекендеген халықтың шаруашылығында және мәдени, қоғамдық өмірінде үлкен роль атқаруымен сипатталды. XX ғасырдың басында-ақ Қазақстан көп ұлтты елге айналды да, ғасыр басында Қазақстанның негізгі территориясы алты облысқа бөлінді: Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан генерал-губернаторлығына (орталығы - Ташкент қаласы), ал Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары – Дала генерал-губернаторлығының құрамына кіргізіліп, Ішкі (Бөкей) ордасының территориясы Астрахань губерниясына, ал Маңғыстау Закаспий облысына қаратылды.

Осы кезеңде Ресей империясының ішкі губернияларынан көші-қон ағынының дамуы нәтижесінде Қазақстан халқының тез өскендігі де аңғарылды. Оған дәлел: Ресей империясының бірінші жалпыға бірдей санағынан кейінгі алғашқы екі онжылдықта (1897-1917 жж.) Қазақстан халқының саны 4147,7 мың адамнан 5045,2 мың адамға, яғни 25,7% көбейген. Ал, өлкенің демографиялық деректерінің табиғи өсу деңгейіне салыстырмалы талдау жасасақ, мынадай цифрларды аңғаруға болады. Өлкенің сол кездегі негізгі алты облысы бойынша 1897-1906 жылдарда жалпы алғанда бір мың адамға халықтың табиғи өсімі 11,3%, ал 1907-1916 жылдарда -15,3%; Ақмола облысы бойынша орыстар мен украиндардың үлес салмағы 1897 жылғы 33,0% 1917 жылғы 55,7% дейін өскен де, осы екі онжылдық ішінде халықтың табиғи өсімі 38,9% болған. Ал, қазақтары басым облыстарда табиғи өсімнің едәуір төмен болғандығы көрінеді: Жетісуда - 25,7%, Сырдарияда - 25,6%, Оралда – 20%, Семейде - 15,6%. Сөйтіп, Қазақстанның байырғы халқының үлес салмағының азаюына ғасырдың басында орыстардың, украиндардың және басқа да ұлт өкілдерінің империяның ішкі аймақтарынан жаппай қоныс аударуының қатты әсер еткендігін аңғаруға болады.

Ал, жалпы алғанда, XX ғасырдың басында қазақтар, орыстар, украиндар бүкіл өлке халқының 87%-ынан 95%-ына дейін құрады да, өлкеде бұлардан басқа татарлар, өзбектер, дүнгендер, мордвалар және басқа да ұлт өкілдері қоныстанды.

Ерекше назар аударатын тағы бір жайт - ол өлке тұрғындарының 90%-ынан астамының ауылдық жерлерде қоныстануы еді. Олардың негізгі кәсібі ежелден келе жатқан мал шаруашылығы болатын. Сонымен қатар, XX ғасырдың басында егіншілік халықтың көп бөлігінің негізгі кәсібіне айналды. Қоныс аударған орыс шаруаларынан басқа, егіншілікпен жергілікті қазақтар да айналысты. 1897 жылғы санақ бойынша, өлке халқының 55,4%-ы егіншілікпен шұғылданған.

Сонымен, XX ғ. басындағы Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық ахуалға талдау жасаған кезде, жалпы өлкедегі патшаның отарлау саясатының кең белең алғандығын еркін аңғаруға болады: біріншіден, өлкедегі халықтың көп ұлтты құрамының қалыптасу үрдісі күшейе түсті; екіншіден, байырғы халықтың үлес салмағы кеміді де, келімсек халықтың, негізінен алғанда, орыстар мен украиндардың үлесі өсті; үшіншіден, қалалар мен олардағы халықтың біршама өсуі байқалып, оның құрамында метрополияның басқа аймақтарынан келген қоныс аударушылар мен отаршылдық әкімшілік пен кәсіпкерлікке байланысты әлеуметтік жіктер мен топтардың басымдылығы толық аңғарылады.

XX ғасырдың  басында Ресей патшалығының отары ретіндегі   Қазақстанда негізінен өнеркәсіптің екі саласы, яғни тау-кен өндірісі мен кен-зауыт өнеркәсібі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өнімдерін ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жатқызылды. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі түсті металдар мен темірдің бай кен орындарын пайдаланып жатқан Алтай мен Орталық Қазақстанда өркендеді. Бірақ, ғасыр басында мыс, алтын, темір жөне басқа қазба байлықтарын шығаратын еліміздің тау-кен кәсіпорындары, негізінен, шетелдік акционерлік қоғамдардың қолына көшті. Мысалы, 1904 жылы Лондонда пайда болған Спаск мыс кендерінің ағылшын-француз акционерлік қоғамы Спаск-Успенск мыс кені мен заводын, Саран-Қарағанды тас көмір кенін және рудниктерін түгелдей сатып алып, пайдаланды.

Қазақ өлкесінің ғасыр басындағы тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын шығару болды. Сонымен қатар, Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары мол пайдаланылды. Өндірілген көмір темір жолмен және су жолдарымен Ресейдің Пермь губерниясына, Омбы мен Барнаулға, сондай-ақ, өлкенің Павлодар, Қызылжар және басқа да қалаларына жеткізіліп отырды.

Осы кезеңде Батыс Қазақстан өңірі мен Орал-Ембі аймағында мұнай шығару өнеркәсібі де біршама дамыды. Бірақ, ол кәсіпорындар толығымен шетел капиталистерінің билігінде қала берді. Тек, І912-1914 жылдардың өзінде ғана ағылшын капиталистеріне қарасты "Батыс-Орал мұнай қоғамы", "Орал-Ембі қоғамы",  "Солтүстік Каспий мұнай компаниясы" өлкенің арзан жұмысшы күшін пайдаланып, бәсекелестіктің болмауына байланысты  мұнайдың   мол бай кен  орындарын жыртқыштықпен пайдалана отыра, өздеріне өлшеусіз, ұшан-теңіз пайда әкеліп жатты.

Осындай себептерге байланысты, Қазақстанның кен өнеркәсібі бұл кезеңде жергілікті капитал негізінде өсіп шыққан жоқ. Оны сырттан келген орыс және шетел капиталы жасады. Оның өнімі түгелдей дерлік өлкеден тыс жерлерге әкетілді, ал пайда XX ғасырдың басынан бастап шетелге кетіп жатты. Осының бәрі кен өнеркәсібінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпалын күрт кемітті.

Өлке  өнеркәсібінің біршама  өсу жолын тұтас  алып қарастырар болсақ, мұнда ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін кәсіпорындардың атап айтсақ, теріден  былғары  жасайтын, май шыжғыратын, сабын қайнататын, арақ, спирт шығаратын, май шайқайтын және т.б.  кәсіпорындардың белгілі дәрежеде роль атқарғандығы байқалды.

XX ғасырдың басында да Қазақстанның орталық аудандарының капиталистік өнеркәсібінің шикізат көзіне,  сондай-ақ өнім өткізу рыногына  айналуында темір жолдардың салынуы маңызды роль атқарды. Өйткені, олар бір мезгілде артта қалған отар аудандарына, ең алдымен Орта Азия мен Сібірге Ресей капитализмінің ену құралына айналған болатын. Ал, шын  мәнінде, Орта Азия мен Қазақстанды  Ресейдің экономикалық игеруі осы аумақтардың терең түкпіріне темір жолдар салудан басталған еді. Темір жол желілері Қазақстан аумағында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басынан ірі темір жолының салынуына байланысты тартыла басталды. Революцияға дейінгі Қазақстанның негізгі ірі Сібір темір жол желісі 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент жолы болды. Сөйтіп, ғасыр басында одан кейін Троицк, Алтай және Жетісу темір жолдарын салу жұмыстары дами түсті. Әрине, өлкенің әлеуметтік-экономикалық өмірінде жол қатынастарының дамуы маңызды рөл атқарды. Әсіресе, олар сауданың өркендеуіне өз ықпалын тигізді. Бұл темір жолдар өлкені Ресейдің өнеркәсіп орталықтарымен байланыстырып, оны жалпыресейлік экономикалық нарыққа тартты. Қазақстанның әр түрлі өнеркәсіп шикізаттары, мал шаруашылығы өнімдері, мал, астық сыртқа шығарылып, өлкеге фабрика-завод бұйымдары, тағы да басқа қажетті тауарлар әкелінді. Сонымен  қатар,  қазақ даласында пайда болған темір жол станцияларына сол  кезеңде халықтың біршама көп шоғырлануына байланысты олар өлкенің әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени өмірінің ошақтарына айнала бастағанын көреміз. Осы кезеңде ірі темір жол станцияларындағы халықтың саны бірнеше мың адамға жетті. Мысалы,  1916 жылы Орынбор станциясында - 9720, Ақтөбеде - 3263, Шалқарда - 5300, Қазалыда - 3600, Перовскіде - 1852, Түркістанда - 2984 адам тұрды.  1906-07 жылдары Петропавл (Қызылжар) станциясындағы тұрғындардың саны 3 мыңнан асқан.

Сөйтіп, осы кезеңде өлкедегі өнеркәсіптің біршама дамуы, темір жолдардың салынуы, су жолдарының пайдалана бастауы - Қазақстанда жалпы жұмысшы табын қалыптастырудың бірден-бір әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалауға себеп болды. Өлкедегі мұндай өзгерістер ғасыр басында одан әрі дами түсті. Мысалы, 1913 жылғы өлкедегі жұмысшылар саны 75 мың адамға дейін жетті. Сонымен қатар, Қазақстанда 51 мың жұмысшы еңбек еткен 675 фабрика-заводтың кәсіпорындары болды да, ол жұмысшылардың 28 мыңға жуығы ірі өнеркәсіп орындарында істеді. Тек теміржол мен су жолдарында 25 мыңнан астам жұмысшы еңбекпен қамтылды. Ал, бірінші  дүниежүзілік соғыс жылдарында жұмысшылар саны ірі өнеркәсіп орындары мен транспортта өсе түсті. Сөйтіп, 1917 жылғы Қазан төңкерісі тұсында Қазақстандағы жұмысшылардың жалпы саны 90 мыңға жетті.

Бірақ, жергілікті қазақ жұмысшылары көбінесе маусымдық жұмыстарға ғана тартылып, кәсіби мамандықтарының болмауынан тұрақты жұмыстармен қамтылмады. Тұрақты жұмыспен тек темір жол желілері мен тау-кен өндіріс орындары ғана біршама қамтамасыз ете алды. Сөйтіп, өлкедегі тау-кен өндірісі, завод кәсіпорындары мен транспортта ғана жұмысшылардың шоғырлануы жоғары болды.

Соған қарамастан, әлеуметтік тұрғыдан өлкенің өнеркәсіп жұмысшыларының жағдайы Ресейдің өнеркәсібі дамыған аудандарымен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болды. Оған кәсіпорын қожайындарының өктемдігімен белгіленген жұмыс күнінің ұзақтығы себеп болды. Мысалы, Ембінің мұнай кәсіпорындарында 12 сағатқа дейін, алтын өндірілетін кен орындарда 10-12 сағат, тұз өндірілетін кәсіпшіліктерде 14-16 сағатқа дейін созылды. Міне, осындай әлеуметтік теңсіздіктердің басымдылығын көрген және кәсіп иелерінің өздеріне алалаушылық жасап, құқықтарынан айыру шараларын басынан өткізген қазақ жұмысшылары ерекше ауыр жағдайда болды. Осының бәрі күрделеніп келіп, қазақ жұмысшыларын өздерінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайларын жақсарту мақсатындағы күреске итермеледі.

Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отаршылдық езгіге, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына, әрине, патшалық Ресейдегі 1905-07  жылдарда  өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор  болды. Біріншіден, өлкенің  экономикалық және саяси дамуы дәрежесінің  салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді.  Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары қатысты. Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, қоныс аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекеттерінен көрінді. Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалысты жаңа сатыға көтерді.

Сөйтіп, 1905-1907 жылдарда өткен   Қазақстандағы   жұмысшы   қозғалысы   өзінің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Қазақ даласында осы жылдары Ресейдегі революциялық процестердің жалпы  барысымен тығыз байланысты жұмысшылардың бірқатар саяси және экономикалық толқулары болып өтті. Оларға 1905 жылдың желтоқсанында Успенск мыс руднигіндегі, 1907 жылдың маусым айында Спасск мыс қорыту зауытындағы, Қарағанды кендеріндегі, сондай-ақ, Семей, Орал, Ақтөбе, Верный, Қостанай және басқа да қалалардың кәсіпорындарындағы өткен ереуілдерді жатқызуға болады.

Ресей империясындағы 1905 жылғы қалыптасқан саяси ахуал қазақ халқының азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. 1905 ж. cаяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә. Бөкейханов атап көрсеткендей, "бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді". Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: "Патша үкімдерінің жариялануынан бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барларының көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-соңды болмаған құбылыстар байқалуда" – делінген. Қазақ даласында байқалған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендерінде қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұқтаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық үкімет орындарына тапсыруға петициялар әзірленді. Осылайша қазақ даласындағы саяси күрес патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрініс ала бастады. Қазақтардың орталық билік орындарына тапсырған петицияларында жерді тартып алуға, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоқы жасалуына наразылық білдірілді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату, қазақ арасында оқу-ағарту ісін ретке келтіру және өлкеге земство енгізу сұралды.

Отарлық тәуелдіктегі қазақ елінің мұң-мұқтажын білдірген петицияларды жазып, оны тиісті орындарына тапсыру ісі 1905 ж. көктем айларында-ақ қолға алынған болатын. Мәселен, 1905 ж. сәуірдің 2-інде Ақмола қаласындағы Халфин деген қазақ саудагерінің үйінде жиылыс өтіп, Петерборға барып петиция тапсыру үшін арнайы делегация сайлап жіберу мәселесі қарастырылған. Ақмола қаласында өткен осы жиылысқа әкімшілік орындарында тілмаштық қызмет атқарған Серкебаев, Кенжебаев және Сатыбалдиндер басшылық жасаған.

Қазақ даласынан петициялар арнайы делегация жіберу арқылы да, сонымен бірге жеделхатпен де жолданған. Петицияларды жазып дайындау ісінің басында негізінен сан жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, жаңадан қалыптасып, тез ысыла бастаған  ұлттық интеллигенция өкілдері тұрды. Ол жөнінде М. Дулатов: "1905 жылдан бері қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдікпен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары cенімсіз болып қалды”, - деп жазды.

1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болған. Осы петиция туралы және оны дайындап, көптеген адамдарға қолдатудағы Ахмет Байтұрсыновтың ерекше еңбегін жоғары бағалаған М.Әуезов 1923 жылы жазған “Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында: “1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа да оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген.

Сурет: kk.m.wikipedia.org

Ж. FM