Болашақ стипендиясын тарату шарттары өзгерді

Болашақ стипендиясын тарату шарттары өзгерді

"Болашақ стипендиясын тапсыру енді 5 категория бойынша жүретін болады", - деп хабарлады "Халықаралық бағдарламалар" АҚ вице-президенті Әсет Әбдуалиев.

Алғашқы категория университетке өз беттерімен түскен талапкерлер. Яғни, шет ел университеттерінің барлық талаптарын орындап, магистратураға түсе алған студент "Болашақ" стипендиясына өтініш бере алады. Бірақ бір ғана талап бар. Талапкер сол салада ең кемі 2 жыл жұмыс атқарған болуы керек. Бұл талаптың қойылу себебін вице-президент еңбекке араласып үлгерген адамның оқу процесінің оңай болатындығымен түсіндіріп отыр.

Мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап та жұмсарыпты. Бұдан бұрын стипендия бойынша білім алуға мүмкіндік тек осы салада үздіксіз 3 жыл қызмет атқарған адамдарға берілген еді. Бұдан былай 2 жыл жұмыс тәжірибесі бар, соңғы бір жылын мемлекеттік қызметте өткізген кез келген талапкер "Болашаққа" арыз беріп, бағын сынай алады.

Педагогикалық саланы таңдаған адамға қойылатын талап - осы салада кем дегенде 1 жылдық тәжірибенің болуы. Ал бакалавриатты бітіріп, бітірген оқу орнында жұмыс жасаймын деп ниет білдірген талапкерлер "келген соң, сол университетте 5 жыл жұмыс жасау" шартымен стипендияға ие бола алады.

Сонымен қатар ғылыми, медициналық және инженерлік салада білім алғысы келетін талапкер де осы салада кем дегенде 3 жыл қызмет атқарған болуы керек.

Айта кетелік, осы жылы арнайы стипендияға 15 миллиард теңге бөлініп отыр. Бағы жанғандардың тізімі осы жылдың 15 сәуірінде жарияланатын болады.

сурет: careers.microsoft.com