Сирек кездесетін мамандықтар

Сирек кездесетін мамандықтар

Әдетте, болашақ мамандықты таңдау кезінде жастар мансаптық жол мен жақсы табысқа негізделеді.  Ал тек санаулы адамдар ғана мамандықты «жүрек бұйрығымен» таңдайды және өте сирек кездесетін әрі ерекше мамандықты игеріп шығады. Бүгін сондай мамандықтар жайлы айтпақпыз.

1964 жылдан бастап, Коннектикут штатының университеті қуыршақ театрының болашақ актерлерін дайындайды. Жас мамандар университет қабырғасынан қуыршақтарды кәсіби түрде басқарып, декорация дайындау мен сахнаны безендірудің барлық ұсақ-түйектерін толық біліп шығады.  

Кентукки штатының университетінде біржылдық курстан өткен соң, кәсіби бала бағушы дипломын және жедел медициналық қызмет бойынша сертификат алып шығуға болады екен. Мұнда студенттер тек кішкентай балаларды қалай бағып-қағуды ғана үйренбей, олардың әке-шешесімен қалай сөйлесу керек екенін де меңгереді-міс.

Егер сіз кино, музыка және сауық кештерін ұнататын болсаңыз, онда «поп-мәдениет білгірі» мамандығы көңіліңізден шығуы әбден мүмкін. Алайда, өте сирек кездесетін мамандықты меңгеріп шығу мүмкіндігі тек Боулинг Грин книверситетінде ғана берілген. Аталған оқу орны мәдениеттің түрлі көріністерін оқу арқылы заманауи қоғам мен оның тарихын түсінуге көмектеседі. Университет түлектері көбіне шоу-бизнес, жарнама салаларында қызмет атқарады.   

Калифорниялық Ларсен колледжінде қару-жарақ ісі және оларды жөндеу мамандығын меңгеруге болады. Жас адамдарға қару-жарақ тарихынан курс өту, отпен атылатын қаруды қолданудың ережесін білу және түрлі қаруды жинап, бөлшектеуді үйрену ұсынылады.

Студенттер өз араларында «университетте тек сыраны меңгеруден қол босамайды» деп әзілдеп жатады. Бірақ Аппалачи мемлекеттік университетінде мұндай әзілді түсіне қоюы екіталай. Себебі, аталған университетте органикалық заттардың бөліну процесі (ашу, іру) бойынша мамандар дайындалады. Дәлірек айтасақ, студенттер сыра мен шараптың дайындалу құпиясын теорияда оқып-біліп қана қоймай, университеттік сыра қайнататын жерде тәжірибеден өтеді. 

Әлемде Канаданың кәсіби зерттеушісі деген мамандық та бар екен. Оны Канаданың Герцог зерттеу орталығында алуға болады. Ол үшін «Солтүстік Америкадағы француздық қатынасу», «АҚШ пен Канада шекарасы» және «Сахна мен телеэкрандағы француздық Канада» атты курстардан өту қажет.

Индиана штатында орналасқан Блумингтон университетінде шешім шығару бойынша мамандар дайындалады. Студенттерді анализ жасауға, қаржыландыруда, экономика мен басқаруда математикалық модельдерді қолдануға үйретеді.

Джон, Пол, Джордж және Ринго атындағы магистр дипломын алу – «The Beatles» тобының әлемдегі барлық жанкүйерінің арманы. Мұндай дипломды тек Ливерпульде орналасқан «Үміт» университетінде «The Beatles, танымал музыка және қоғам» мамандығы бойынша біржылдық курсты өткен соң иеленуге болады.

Харрисбург университетінде кәсіби аукционерлерді дайындайды. Бұл адамдар сауда жасаудағы барлық ұсақ-түйектерді біліп қоймай, бағалау және қызықты тауар таба алумен ерекшеленеді.

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: soyplastic.net, vk.com, azattyq.org, topwar.ru, 

nevaznak.com, hotdesignfor.us

А. Құлтай