Стив Джобстың Стэнфорд университеті түлектеріне айтқан үш әңгімесі

Стив Джобстың Стэнфорд университеті түлектеріне айтқан үш әңгімесі
Фото: cameralabs.org

"Әлемнің үздік университтерінің бірінің түлектерімен – сіздермен бірге болу мен үшін зор бақыт. Мен колледжді бітірмедім, оқу бітіру сәтіне дәл қазіргі сәттен артық жақын болмағанымды мойындаймын. Сондықтан өз өмірімнен сіздерге үш әңгіме айтып берсем деймін. Бар болғаны үш әңгіме ғана. 

Бірінші әңгіме – нүктелерді біріктіру туралы 

Мен Reed college-дағы оқуымды жарты жылдан кейін тастап кеттім, бірақ оқудан бір жола шыққанға дейін дәрістерге баруды жалғастырып, студенттер қалашығында тұра бердім. Не үшін оқуымды тастадым?

Бұл оқиға менің дүниеге келуімнен бұрын басталған екен. Туған шешем – тұрымсқа шықпаған жас аспирант қыз мені біреуге асыратуға бел байлапты. Ол жоғары білімді адамдардың асырап алғанын қатты армандайды. Сөйтіп әлдебір заңгердің қамқорлығына береді. Бірақ мен дүниеге келген сәтімде заңгер мен әйелі өздеріне ұл бала емес қыз керек болғанын айтады. Енді туған шешем келесі кезекте тұрған менің болашақ ата-анама: «Бізде жоспарсыз дүниеге келген ұл бар. Асырап аласыздар ма?» деп түн ортасында телефон соғады. Олар: «Әрине» деп жауап береді. Кейін биологиялық анам мені асырап алған шешемнің ешқандай да колледж бітірмегенін, әкемнің тіпті орта мектепті де бітірмегенін біледі. Мұны білген соң туған шешем асырап алу туралы келісімді қағазға қол қоюдан бас тартады. Тек бірнеше ай өткеннен кейін ғана асырап алған ата-анам міндетті түрде мені колледжге береміз деп уәделерін айтып, оны көндіреді. Менің өмірім осылай басталыпты. 

17 жыл өткен соң уәде етілгендей колледжге бардым. Аңқаулықпен Стенфордқа жетеқабыл өте қымбат колледжді таңдадым. Орта дәулетті ата-анамның бар жиған-тергені оқу ақысына жұмсалды. Жарты жылдан соң оқудың ешқандай мәні жоқ екенін түсіндім: өмірде немен айналысқым келетінін түсіне алмадым, бұны түсінуге колледж ешқандай пайдасын тигізген жоқ. Бұған қоса ата-анамның өмір бойы жиған байлығын оқуға жұмсадым. Сондықтан оқуды тастауға бекідім және бәрі де әлде қалай реттеледі деп үміт қылдым. 

Ол кезде оқудан еріксіз шыққандай едім, ал қазір артыма қарасам бұл өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің бірі болғанын түйсінемін. Сөйтіп мені оқудан шығарды. Бұл енді міндетті курстарға бара берудің қажетсіз екенін, тек қызықты деп тапқан курстарға ғана баруға болады дегенді білдіретін. 

Әрине бәрі кедергісіз болған жоқ. Жатақханада маған арналған орын болмады, сондықтан достарымның бөлмелерінде еденге түнеуге тура келді. Тамақ сатып алу үшін әр данасы 5 долларлық кола бөтелкесін тараттым. Әр жексенбі күні аптасына бір рет кришнаиттардан жақсылап тойып алу үшін бүкіл қаланы басып 7 миль жаяу жүрдім. Олардың тағамдары ғажап болатын. 

Сол оқиғалардың ішінде, өзімнің қызығушылығым мен интуицияма еріп, кейін аса құнды болған нәрселерге тап болдым. Бір мысал келтірейін. Сол кезде Reed college каллиграфия саласында мемлекет бойынша ең жақсы білім беретін. Студенттік қалашықтағы кез келген шкафтағы, кез келген орындағы кез келген плакат, кез келген жазба каллиграфия өнерінің барлық заңдары бойынша шебер қолдан шығатын. Оқудан шығарылғанмын, әдеттегі сабақтардың бәріне бара беру міндетті емес болатын, мен каллиграфияны зерттеуге бекідім. 

Қаріптер гарнитурасы туралы көп нәрсе үйрендім. Әріптердің әртүрлі оқылуы, аралығындағы өрнектеулер секілді типаграфиканы көркем ететін нәрселердің бәрін білдім. Осы жұмыстарда әлдебір сұлулық, тарих, өнер нәзіктігі, ғылым жетпес бір нәрселер болды... осылар мені арбай түсті.

Ол кезде маған осылардың өмірде пайдалануға ешқандай мүмкіндік жоқтай көрінетін. Арада 10 жыл өткенде, біз бірінші Макинтошты өндірген кезде менің каллиграфия туралы барлық білмім қайта оралды, керегіме жарады. Макинтош әдемі әріптері бар алғашқы компютер болды. Егер колледж кезінде осы сабаққа бармаған болсам, Макинтош та әртүрлі гарнитураларды, әріптерді қолдану мүмкіндігі бар үйлесімді компютер болмас еді...  

Ал Windows – бар болғаны Макинтоштың көшірмесі ғана, сондықтан бұл артықшылық әлемдегі бір де бір компютерде болмауы әбден мүмкін еді. Яғни егер мен колледжді тастап, каллиграфия курсына бармағанымда қазіргі компютерлердегі ғажайып әріптер болмас еді.

Әрине, колледжде болашақта барлық нүктелер үйлесе кетеді деп болжаған жоқпын, бірақ он жыл өткенде бұл нүктелердің жолықпауы мүмкін емес еді. Болашаққа қарасаң бұларды біріктіру мүмкін емес, тек қана өткенге қарап біріктіре аласың. Сондықтан қазір болашақта нүктелердің қалай болса да бірігетініне сену керек. Әлде-неге сену керек: өз интуицияңа, тағдырға, өмірге, жазымышқа, кез келген нәрсеге. 

Жүрегіңіз сізді таптаурын соқпақтарға бастаса да, жүре келе нүктелердің бірігетініне сену сізге өз жүрегіңізге байланған батылдық береді. Барлық айырмашылық осында ғана.

Менің екінші әңгімем – махаббат және жоғалту туралы 

Менің жолым болды. Мен өзімнің сүйікті ісімді ерте таптым. Ата-анамның гаражында Вознякпен бірге «Apple» компаниясының негізін қалаған кезде 20 жаста болатынмын. Біз көп еңбектендік, 10 жыл ішінде біздің «гараждағы кәсібіміз» 2 миллиард долларлық құны бар, 6 мың адам штатта жұмыс істейтін компанияға айналды. 30 жасқа толардан бір жыл бұрын біз өзіміздің ең жақсы туындымыз – Макинтошты шығардық. Келесі жылы мен жұмыстан шығарылдым. 

Өзің негізін қалаған компаниядан қалай шығарып жібере алады? Мынадай болды. Компания өсті, біз, менің көзқарасым бойынша талантты бір адамды, менімен бірге компанияны басқару үшін жұмысқа алдық. Жыл, жыл жарым бәрі қалыпты болатын. Бірақ бірте-бірте болашаққа деген көзқарастарымыз алшақтай берді, бір күні үзілді-кесілді ұрсысып қалдық. Директорлар кеңесі сол сәтте қарсы тараптан табылды. 

Сонымен 30 жасымда мені үлкен ұрыспен жұмыстан шығарды. Осылай менің саналы ғұмырымды сарп еткен ісім жоқ болды, құлазып қалдым. Бірнеше ай бойы не істеу керектігін мүлде білмедім. Мен кәсіпкерлердің келесі буынына өткендей көріндім – олар маған эстафеталық таяқшаны ұсынды, ал мен түсіріп алдым. Дэвид Паккард пен Боб Нойсқа кезігіп, барлық бүлдіргендерім үшін кешірім сұрауға тырысып бақтым. Менің сәтсіздігім жария болғаны сонша, сол маңнан қашып кеткім келді. 

Дегенмен аздап өзіме келе бастадым. Бұрынғыдай өз ісімді сүйетінімді сезіндім. Apple-де түрлі жағдайлар болып жатқанда, менде ешнәрсе де өзгермеді. Бетімді кері бұрған едім, бірақ бұрынғыдай ұнаттым. Сөйтіп бәрін қайта бастайын деп шештім. 

Осы кезде, әрине, Apple-ден шығарылу – мен тап болатын істердің ең ізгісі екенін білген жоқпын. Жетістіктің ауыр салмағы жеңіл сезінуге ауысты: мен тағы да бәрін басынан бастай аламын. Өткен оқиғалардың салған жарасы азайды. Осы сезімнен менің өмірімнің ең бір шығармашылық кезеңі басталды. 5 жыл ішінде NeXT пен Pixar компаниясының негізін қалап, кейін менің адал жарым болған әйелді таптым. Pixar студиясы «Ойыншықтар тарихы» атты әлемдегі алғашқы компютерлік мультфильмді шығарды. Бүгінгі таңда ол әлемдегі ең табысты мультифликациялық студия болып есептеледі. Тамаша оқиғалардың тоғысуымен Apple компаниясы NeXT компаниясын сатып алды, сөйтіп мен Apple-ге қайта оралдым.

NeXT-те өндірген технологияларымыз енді Apple-дің қайта түлеуіне негіз болды. Және Лорин екеуіміз бақытты отбасын құрдық.

Егер мені Apple-ден шығарып жібермегенде бұл оқиғалардың бірі де болмас еді. Дәрінің дәмі қаншама ащы болғанымен оны ішпей жара жазылмайды. Кейде өмір сіздің басыңызды бақыт кілтімен ұрады – сеніміңізді жоғалтпаңыз. Мен мынаған сенімдімін, менің алға жүруіме себеп болған – ол менің өз ісімді сүйгендігім.

Сүйген ісіңізді табыңыз – бұл жұмыс ретінде де, жеке өміріңіз үшін де тура жол болады. Жұмыс сіздің өміріңізде көп орын алады, сол үшін өмірге шын разы болғың келсе – өзің ұлы деп санаған істі істе. Ал ұлы іс жасаудың жалғыз жолы – өз ісіңді сүю. Егер өз сүйгеніңді әлі таппасаң – еш босаңсымай іздеуді жалғастыр. Оны тапқан кезіңде тұтас жүрегіңмен іздегенің сол екенін сезіне біл. Сосын ол барлық қазіргі қарым-қатынас секілді уақыт өткен сайын жақсара түспек. Сондықтан іздеңіз. Тоқтамаңыз.

Менің үшінші әңгімем өлім туралы

17 жасқа толған кезімде менде бір қызық ой пайда болды: «Егер әрбір күнді өміріңнің соңғы күні ретінде сүрсең, бір күні әйтеу шынымен солай болады». Бұл ой мені қатты толқытты, содан бастап, мінеки 33 жыл болды, әр күні таңертең айнаға қарап, өзіме сұрақ қоямын: «Егер бұл өмірімнің ең соңғы күні болса, дәл қазір ниеттеніп отырған ісімді істер ме едім?» Егер бұл сұраққа бірнеше күн қатарынан «Жоқ» деп жауап берсем, онда қалай да бір нәрсені өзгерту керек екенін түсінемін.

Бәріміздің де өлетініміз туралы ой маған өмірде үлкен шешімдер қабылдауға көмектесті. Өлімнің алдында барлық нәрсе өз мәнін жоғалтып алмай ма? – адамдардың көзқарасы, мемендігің, жұрт алдында ұятқа қалу мен жоғалтудан қорқу – бәрі жоққа айналады, тек ең маңызды дүние ғана санаңда тұрады. Өлім туралы ойлау – мен үшін өзіңдегі бар мен жоқ туралы уайымға жетелейтін мазасыз ойлардан қашып құтылудың ең анық тәсілі болды. Сен бәрінен адасың, енді жүрегіңмен леспеуге себеп жоқ.

Шамамен бір жыл бұрын, маған обыр диагнозы қойды. Таңғы сегіз жарымда ұйқы безіндегі ісікті анық көрсететін аспапқа түсуге бардым. Дәрігерлер бұның рактың емделмейтін түрі екенін және менің 3-6 ай ғана өмірім қалғанын айтты.

Менің дәрігерім үйіме қайтып, соңғы істерімді ыңғайлай беруімді айтты, дәрігер тілінде бұл сөз «Өлімге дайындалу» дегенді білдіреді. Бұл балаларыңа ақтық сөзіңді айтып, жинала беру керектігін түсіндіреді. Өзіңе өміріңнің әлі оншақты жылы бар секілді көрінеді, ал шынында бар-жоғы екі-үш ай ғана қалған. Бұл деген отбасыңды бәрін де мүмкіндігінше оңай реттеуге дайындау деген сөз. Бұл деген бәрімен қоштаса бер деген сөз.

Мен осы диагнозбен бір күн жүрдім. Кешке қарай клетка арқылы тексерілуге бардым: эндескоппен кеудем мен асқазаным арқылы ішегіме еніп, ұйқы безіне ине қадап, ісіктен анализ жасау үшін бірнеше клетка алды. Мен наркозда жаттым, осы кезде жанымда болған әйелім айтады: дәрігерлер клетка үлгілерін тексеріп көріп, жылап жіберіпті. Сөйтсе мендегі хирургиялық операция арқылы жазуға болатын рактың сирек кездесетін түрі екен.

Ақыры маған операция жасады, Құдайға шүкір, қазір жақсымын.

Бұл менің өлімге ең жақын сәтім болды, енді келесі 20 жыл шамасында оған мұндай жақын болмаспын деп үміттенем. Осыны бастан өткергендіктен, өлім ойлау маған пайдалы болған сәттен гөрі, қазір мен сіздерге сенімді түрде айта аламын, бірақ тек қана ақылдың көзімен айтамын: "Ешкімнің де өлгісі келмейді. Тіпті жұмаққа барғысы келетін адам да жұмаққа кіру үшін өлімге бара алмайды. Дегенмен, өлім – баршамыздың ең соңғы аялдамамыз. Одан әрі ешкім де өте алмайды".

Өлімнің аты өлім болса да, ол – өмірдің ең ұлы тапқырлығы. Өмір үшін – өлім өзгеріс агенті. Ол жаңаға орын беру үшін ескінің бәрін тазалайды. Қазіргі жаңа – ол сіздер, бірақ біраз уақыт өткеннен кейін сіздер де жолдан сырып тасталуға тиісті ескіге айнала бастайсыздар. Қара аспанды төндіргенім үшін кешірім өтінемін, бірақ бұл ақиқат.

Сіздердің уақыттарыңыз шектеулі, сондықтан оны әлдекімнің өмірін сүргендей босқа жібермеңіз. Догмалардың қақпанына түспеңіз – керексіз ойлармен өмір сүрмеңіз. Өзгелер пікірінің сіздің ішкі дауысыңызды тұншықтыруына жол бермеңіз. Ең бастысы – өз жүрегіңіз бен ақылыңыздың соңынан адамша ілесіңіз. Ол екеуі сіздің кім болу керек екеніңізді әйтеу бір жолдармен анық білдіреді. Ал қалғанының бәрі – екінші орында.

Менің жас кезімде «Жарық дүниенің каталогы» атты керемет журнал шығып тұратын. Журнал біздің толқынның қасиетті кітаптарының біріне айналды. Журналды осыдан алыс емес Менло бағында Стюарт Бранд атты жігіт тарататын.

Бұл 60-жылдардың соңғы кезі, компютерлер мен компютерлік беттеуден бұрынғы кезең, сондықтан баспа машинасының, пышақ пен поляроидтың көмегімен барлық жұмыс қолмен жасалатын. Бұл шамамен google-дың қағаздағы үлгісі деп қарауға болады, бірақ google-дың дүниеге келуінен 35 жыл бұрын болды. Басылым мінсіз еді, керемет құралдар мен идеяларға толы болатын.

Стюарт пен оның достары журналдың біраз нөмірін жасады, және шығарылған журналдар өз міндетін орындады-ау дегенде журналдың ең соңғы нұсқасын шығарып, аяқтады.

Бұл 70-жылдардың ортасы болатын, мен ол кезде сіздердің жастарыңызда болдым. Журналдың артқы мұқабасында таңсәріде түсірілген шұбатылған қара жолдың суреті болды. Әдетте шытырман оқиғаларға әуесқой автостоппен саяхат жасайтындар жүретін кәдімгі қара жол. Осы суреттің астында мындай сөз болды: «Аш болыңыз. Ақылсыз болыңыз». Олар осылай деп журналды тоқтатты, бұл олардың қоштасу сәлемі болатын. Аш болыңыз. Ақымақ болыңыз. Мен осыны үнемі өзіме айтып отырдым. Ал қазір, сіздер университетті бітіріп, барлығын жаңадан бастайын деп жатқанда – мен сіздерге де осыны тілеймін.

Аш болыңыз. Ақымақ болыңыз. Сіздерге көп рақмет".

Аударған: Есбол Нұрахмет

Massaget.kz