Стэнфорд университеті қалай құрылды?

Стэнфорд университеті қалай құрылды?

Ретсіз, реңі солғын киім киген бір жұп қария Бостон пойызынан түсіп, ілби басып ректордың кеңсесі орналасқан ғимаратқа қарай келе жатты. Кеңсе есігі қағылған сәтте хатшы қыз жақтырмаған бейнеде қарсы алды. Онсыз да төрінен көрі жуық бұл мүсәпірлердің әлемге әйгілі Гарвард университетінде несі бар?!

Стэнфорд Лиланд ерлі-зайыптылар

Олар тым кішіпейілдікпен ректормен кездескісі келетіндерін айтты.

Бұл мүмкін емес! Ректордың дәл бүгін қонақ қабылдай қоятын уақыты жоқ. Алайда әжей қынжылып: «Біз күте тұрайық» деді бәсең үнмен. Хатшы қыз «Өздерің біліңдер» дегендей алая қарап, өз орнына жайғасты.

Арада біраз сағат жылжып өтсе де, бұл екеуінің қайта қояйық деген ниеті болған жоқ. Төзімі таусылған хатшы қыз орнынан тұрды да, қабылдау бөлмесіне кетті. Ректордың кездесуден өзге шарасы қалмады. Келбетті де салауатты жас ректор шаршаңқы жүзбен қарсы алды. Өз салауатына сай емес деп білетін бұл жас жігіт ауылдың жүдеу адамдарын ұната бермейтін. Сондықтан болар, қабағы бір ашылған жоқ. Алдымен сөзді әжей бастады.

Кейуана мен ақсақалдың осы университетте тәлім алатын жалғыз ұлдары болатын. Бір жыл бұрын ол осында қаза тапты. Бұл екеуі ұлының осы университетте оқитынын мақтаныш ететін. Алайда жалғыз ұлдарының қазасы бүкіл отбасын қасіретке душар етті. Енді бақытсыз ата-ана ұлдарын еске алу үшін осы университетке ұлының атында ескерткіш орнатқысы келетіндерін айтты. Ректор мұны естіп әсерленудің орнына, ашуға мінді.

- Біз осы университетте оқып, қаза болғандардың бәріне ескерткіш орнатсақ, бұл университет емес, қабырстанға айналмай ма?!

- Жоқ, біздің мақсатымыз ескерткіш тақта емес. Бір оқу ғимаратын салсақ па дегенбіз... – деп күмілжіді ақсақал. Ректор енді мазақтай күлді.

- Оқу ғимараты?! Сіз бір оқу ғимараты үшін қанша ақша кеткенін білесіз бе? Жарты миллион доллар!

Енді сөйлесудің қажеті жоқ дегендей дауыстап, хатшы қызды шақырды. Ал қартаң әйел күйеуіне таңырқай қарады.

- Осыншалық қана ма? Онда университет құру үшін көп қаржы кетпейтін болды ғой. Біз неге өзіміздің университетімізді құрып шықпаймыз?

Ақсақал зайыбының сөзін қостағандай, басын изеп қойды. Ал ректор қайғыдан жындануға айналған екі мүсәпірді мазақтай күлген қалпы отыра берді.

Ерлі-зайыпты Стэнфорд Лиланд кеңседен шықты да, бүкіл университетке бажайлап көз тоқтатты. Көңілдеріне ұлы мақсат түйген олардың жүзінен қуаныш нышаны біліне бастады.

Арада біраз жыл өткен соң, олар Гарвард университеті көзіне де ілмеген ұлдары үшін әлемге әйгілі STANFORD университетін құрып шықты.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: wikipedia.org

Қ. Қауымбек