Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті

Түлектер жоғары оқу орындарына қамданып жатқанда, біз Қазақстандағы ең таңдаулы оқу орындары туралы әңгімемізді жалғастыра отырайық. Бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Назарбаев университеті туралы айтып өткен едік. 

Көрнекті қазақ геологі, академик Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті - еліміздегі техникалық білімнің көшбасшысы. 1934 жылы іргесін қалаған іргелі оқу орны 1994 жылы Қазақ ұлттық техникалық университеті атауын еншіледі. Университет техникалық жоғары оқу орындары арасында мамандар даярлаудың академиялық көрсеткіші бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары рейтингісінде 1 орынды иеленген. 

Техникалық оқу орнында студенттерінің студенттік өмірі барынша тәтті естеліктерге толы болып өтуі үшін барлық жағдай жасалған. Студенттер жатақханалармен қамтамасыз етіліп, сабақтан бос уақытта «ҚазҰТУ көктемі» сияқты фестивальдер, әр түрлі іс-шаралар өтіп отырады. 

Университет 46 бакалавриат мамандығы, 46 магистерлік және 22 докторлық бағдарламалар бойынша мамандар даярлайды. Университет құрамында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері мен әскери құрамына офицерлердің қосалқы құрамын даярлайтын әскери істер институты бар. «Жобаларды басқару» және «Инновациялық менеджмент» сияқты жаңа мамандықтар да ашылды. Бакалавриат мамандықтары туралы толық білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.

Ұлттық жоғары оқу орындарына ақылы оқуға тестілеу нәтижелері бойынша мынадай пәндерден: мемлекеттік немесе орыс тілінен (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау пәнінен кемінде 70 балл, басқа жоғары оқу орындарында - кемінде 50 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пәннен кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинаған, ҰБТ-дан өткен жалпы орта білім беру ұйымдарын ағымдағы жылы бітірушілер, кешенді тестілеуге қатысушылар қабылданады.

Студенттер қатарына қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары 10-25 тамыз аралығында өткізеді.

kazntu.kz сайтындағы мәліметтер негізінде дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: univer.kz, almaty-city.narod.ru, zhasorken.kz

М. Оңғарова