Ең қымбат киімдер

Ең қымбат киімдер

Қымбат әрі сапалы киімдерді күнделікті жамылып жүруді армандамайтын адамдар қатары арамызда тым аз. Әсіресе, дәл осы тақырыпқа ерекше үңілгендерді олардың қатарына ерекше атап өтуге болады. Бірақ, өкінішке орай, біз сіздерге қала дүкендеріндегі киімдер туралы емес, бір кездері атағы жер жарып, әлемді аузына қаратқан тұлғалардың бәссаудаға қойылған киімдері туралы баяндағалы отырмыз. Диана ханшайым, Мэрилин Монро, Бейб Рут, Чарли Чаплин, тіпті қытай императоры Цяньлун... Тізімді әрмен қарай жалғастыра беруге болар ма еді, бірақ осы жерден қайырып, назарларыңызға соңғы 13 жылда өте жоғары бағаға ие болып, ең мықты деген дизайнерлердің қолынан шыққан киімдер мен олардың қожайындары туралы мәлімметтерді ұсынып көрмекпіз.

1. Мэрилин Монроның ақ көйлегі


Бағасы:4 600 000

1955 жылы басты рөлді М.Монро сомдайтын "Зуд седьмого года" атты комедия экранға шықты. Фильмді өзіңіз де көрген боларсыз, сондықтан баяндап жатудың жөні жоқ. Сондағы  вентиляциялық шахтадан шыққан ауа Мэрилин киген ақ көйлекті ұшыратын көрініс есіңізде ме? Міне осы көйлек 2011 жылы шілде айында  Profiles In History бәссаудасында 4,6 млн. долларға сатылып кетті. Көйлекті "дүниеге әкелген" - 1949 жылғы "Оскар" сыйлығының иегері, дизайнер Уильям Травилла.

2. Бейсболист Бейб Руттың формасы


Бағасы: 4 415 658$

Америкалықтар үшін бейсбол - спорттың құдайы десе де болады. Ал Бейб Руттың мәртебесін айтып ауыз шаршатудың қажеті болмас... Ол тіпті ғасырдың спортшысы да атанған болатын. Сондықтан, оның формасын иемдену кез келген бейсболшының немесе қалтасы қалың жанкүйердің арманы десек, артық айтқандық емес. Осындай жанкүйерлердің бірі 2012 жылы калифорниялық SCP Auctions саудасында спортшының киімін қолына түсірді. Және қандай бағаға десеңізші?

3. Цин әулетінің императоры Цяньлунның халаты


Бағасы: 1,9 млн$

1911 жылғы Синьхай революциясынан кейін Қытайда монархия құлап, республика жарияланды. Сол кездерде мемлекеттен көне жасанды дүниелер мен өнер туындылары әкетілді. Сол дүниелер бүгінде көптеген бәссаудаға тігіліп, көздің құртына айналып жүр. Мәселен, Цин әулетінің императоры Цяньлунның халаты 2006 жылы гонконгтық  Sotheby’s ауционында 1,9 млн. долларға сатылды. Аталған халат ұсақ гауһармен безендіріліп, императорлық биліктің 12 нышаны (күн, ай, айдаһар т.б) бейнеленген.

4. "Триллер" бейнебаянындағы Майкл Джексонның күртешесі


Бағасы: 1 800 000$

2011 жылдың шілдесінде өткен Julien’s бәссаудасына поп-музыка патшасы Майкл Джексонның қызыл күртешесі шығарылды. Майкл дәл осы киімімен "Триллер" бейнбаянына түскен болаты. Оны тігіп шығарған голливудтік дизайнер - Дебора Лендис. Күртешені әншінің жанкүйері Мильтон Веррет сатып алған екен.

5. Одри Хепберннің кешкілік көйлегі


Бағасы: 923 187$

2006 жылы Лондондағы Christie’s үйінің саудасына шығарылған көйлек дүниені дүр сілкіндірді. Одри Хепберннің атақты қара көйлегі («Завтрак у Тиффани» фильмінде) өзінің бастапқы бағасынан алты есе көп қаржыға сатылды. М. Монроның ақ көйлегімен қатар тұратын көйлекті қолға түсіру көптеген әйелдердің орындалмас армандарының бірі болып қалып қойды. Көйлек дизайнері -  Юбер де Живанши.

6. Чарли Чаплиннің қалпағы


Бағасы: 135 000$

Жыртылған және мөлшері келмейтін шалбар, таяқша, кішкентай мұрт, пингвинді жүріс. "Бродяганың" кейпіне енуге қажетті заттарға осыларды атап өтуге болады. Бір нәрсені ұмытқан жоқпыз ба? Иә, дұрыс айтасыз! Қалпақсыз Чарл Чаплинды елестету мүмкін емес! 2011 жылы  Profiles In History бәссаудасында Чарлидің қалпағы 165 мың долларға сатылған болатын. Бұл қалпақтар бағасы бойынша рекордтық көрсеткіш болып табылады.

 

Суреттер:byaki.net

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева