2013 жылғы Гиннес рекордтары

2013 жылғы Гиннес рекордтары

Гиннесс рекордтар кітабының алғашқы басылымы 1955 жылы жарыққа шығып, қас-қағым сәттің ішінде британдық бестселлерлер қатарынан орын алған еді. Бүгінде, аталған кітап 23 тілде әлемнің 100-ден аса елінде басылады. Оның ең соңғы басылымы – «2013 жылдың Гиннесс рекордтар кітабы». Соның ішіндегі қызықты да таң қалдырарлық рекордтарға көз жүгіртсек.

Әлемдегі ең ауыр велосипед

Ван дер Бошем есімді голландиялық азамат өз қолымен салмағы 750 килограмм болатын велосипед жасапты. Ол өзінің туындысын жасауда трактор дөңгелегі мен темір труба қолданған.

Әлемдегі ең жуан бицепс

Мысыр елінің азаматы Мұстафа Исмаил әлемдегі ең жуан бицепске ие. Оның көлемі шынында да таң қалдырарлық: сол қолы – 64.77 см, оң қолы – 63.5 см. Ал атақты Голливуд актері Шварценеггердің білегі жас кезінде «бар болғаны» 56.7 см болған екен.

Ең биік төбет

Бүгінгі таңда жер бетінде өмір сүріп жатқан ең биік төбеттің аты - «Зевс». Алып иттің биіктігі 1.12 метрді құрайды.

Әлемдегі ең аласа бойлы адамдар

Үндістанның 18 жастағы студенті Джиоти Амге Гиннесс рекордтар кітабына ең аласа бойлы әйел ретінде енген. Оның бойы бар болғаны 62.8 сантиметр. Ал ең аласа бойлы ер адамның бойы 54.6 см. Ол 72 жастағы Непал азаматы Чандра Бахадүр Данги.

Әлемдегі ең үлкен скейтборд

Осы бір ерекше көлікті калифорниялық скейт-бақтың «тұрғындары» жасаған. Алып тақтаның биіктігі 1.1 м, ені 2.642 м, ал ұзындығы 11.15 метрді құрайды.

Ең көп туфли топтамасы

Калифорниялық Дарлин Флинниздің коллекциясында 15665 туфли бар екен. Жалпы құны 0.5 миллион долларды құрайтын туфлилерді Дарлин 12 жыл бойы жинаған көрінеді.

Әлемдегі ең қымбат гамбургер

Бұл гамбургер Le Burger Extravagant деп аталады. Оның бағасы 295 АҚШ доллары. Нью-Йоркта орналасқан Serendipity 3 мейрамханасында қонақтарға ұсынылатын гамбургердің құрамына  ақ және қара труфель, жапон сиыр еті, Чеддер ірімшігі және де бөдене жұмыртқасы кіреді.

Ұлттық әнұранды бір уақытта орындаған ең көп адам

Аталған рекорд 2012 жылдың 25 қаңтарында Lokmat Media Ltd компаниясының қолдауымен Үндістан елінің Аурангабаде қаласында орнатылды. Үнді елінің ұлттық әнұранын бірден 15243 адам орындаған.

Әлемдегі ең кішкентай газет

Жер шарындағы ең ұсақ басылым португалиялық Terra Nostra газетінің дәлме-дәл көшірмесі болып саналады. 3000 тиражбен жарыққа шыққан бұл газеттің көлемі 18,27 мм х 25,35 мм, ал салмағы 1 грамға жетпейді. 

Дайындаған: Ерғали Елдос

Сурет: tigerdroppings.com, tengrinews.kz, mirfactov.com, peoples.ru, loveopium.ru

Ж. FM